Екі шектің бірін қатты,
Бірін сәл-сәл кем бұра,
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра!
Қара өлеңнің қадірін арттырған Қадыр ақынның осы өлеңінде тұтас дәуір келбеті, тұңғиық тарих, тым биік талғам бар. Әсілі, Мәңгілік елдің асыл мұратын арқалаған Алаш тарихын домбырасыз елестету әсте мүмкін емес. Көне мұрағаттардың ізіне көз жүгіртер болсақ, қазақ халқы жайлы айтылған әр аңыз-әпсана осы домбыраға қатысты болып шығады. Алтайдан Анадолыға дейінгі алып империяға бас болған ұлы түркі халықтарының кез келген тарихы домбыраның пернесінде, заманалардың зердесінде күй болып күңіренеді. Оның ішінде Ұлы Даланың төсін ұрпақтан ұрпаққа бұлжытпай аманаттап келе жатқан қазақ халқы бұл аспаптың ақы иесі екені белгілі. Бүгінде қазақтың жаны қара домбырада екенін біз айтпасақ та бүкіл әлем мойындап отыр.
Домбыра нағыз қазақ екеніне еш күмән тумасы анық. Себебі жердің шетіне жау, елдің ішіне дау кіргенде домбыра қазақпен бірге қан кешіп, майдан даласында ерлікті ұрыстар жүргізді. Шаршы топта бәтуалы бидің сөзін де домбыра айта алды. Сол домбыра алғадай шепте Қазтуғандай батырлармен, Ақтамбердідей ақындармен күрескен жауды найзаға мінгізді, айлаға кіргізді. Ұрыс алдындағы түмен-түмен қазақ қолының асқақ рухын жорық күйлерімен бірінші оятқан да осы қу тақтай.
Бүгінгі қазақ баласы домбыраның үнінде сөйлеп, тілінде хат алмасуы керек. Ол – озық дәстүр. Бағзыдан бергі қазақ тарихына мойын бұрсақ та осы домбыра Жошы ханның өлімін естіртіп, Бату ханның жорығын бастап шыққанына ескі әңгімелерден қанықпыз.
Домбыра – қылыштан өткір, құрыштан берік арналы аспап. Ол батыр аналарымыздың да рухын жанып, айбарын асырып келді. Шаттықты күндердің де шұғылалы сәулесі шанақтан шартарапқа ән болып төгілді. Қанқұйлы небір қасіретті замандар қазақпен қоса домбыраны да дарға асып, қобызды итжеккенге айдатты.
Сал-сері, күйші-күрескерлермен қоса домбыра атылды, мұңлы, қасіретті әндер сотталды. Мына бір штрих осы айтылған тақсіретті тарихтың кескін-келбетін бұлтартпай баяндайды:
Арқада шертпе күйдің шешені Аққыз Ахметқызы деген өнерпаз өткен. Дәулетті тұқымның өнерлі перзенті қилы заманда тағдыр кешіп, қатал цензура күйшіге домбыра тартуға тыйым салған. Шері ішіне түсіп кеткен Аққыз әже сол кезде қолына қап алып, үйдегілерге «тезек теріп келейін» деп аулаққа кетіп қалады екен. Ондағы гәп, тезек теруге арналған ала қаптың ішіне жасырып домбырасын салып, екі-үш қыр асып, күйді төгілдірту. Жарасын күймен емдеп, наласын салқар сақараға төгу... Шиыр-шиыр шерді, қиыр-қиыр қайғыны жеңілдету үшін сонда өмірі қолына тезек ұстамақ түгіл, саусағына қап іліп көрмеген ақсүйек Аққызға домбыра серік болған...
Қазаққа домбырадан шешен, домбырадан көсем дос жоқ. Бүгінгі тілмен айтсақ, қазақтың бірегей бренді – домбыра. Айшықты белгі. Анық болмыс.
Тәубе!
Домбыра дәуірі қайта жаңғырып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап өткендей, тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы да осы төл аспабымызды төрге шығарумен тікелей байланысты болмақ.
Президентіміз жоғарыда айтқан келешекке керек кешенді жұмыстар бүгінде кезең-кезеңімен атқарылып та келеді.
Айталық, алдағы 1 шілде күні, сағат 11.30-12.30-да еліміздің басты алаңы «Қазақ елі» монументінің алдында, домбыра думаны басталмақ. «Ұлттық домбыра күні» мейрамы деген ат беріліп, айдар тағылған аламан жобада дәулескер күші Секен Тұрысбек, ақтаңгер әнші Бекболат Тілеухан бастаған, Мейрамбек Бесбаев, Асылбек Еңсепов, Айгүл Үлкенбаева, Болат Мажағұлов сынды өнер майталмандарымен бірге қазақ даласы домбыра үніне бөленбек. Сондай-ақ, алаңда этноауыл ұйымдастырылып, домбыра мұражайы мен қазақ халқының басқа да ұлттық аспаптары көрсетілетін болады. Онда музыкалық аспаптардың жасалу тәсілін көрсететін қолөнершілерге арналып киіз үй тігіледі.
Міне, нағыз Рухани жаңғыру!
Тура сол күні кеудемізді кернеген Алаш мұраты домбыра пернесінен пырақ боп көтеріліп, шырақ боп қазақ аспанында жарқырамақ!
Түрегел, Тұран!
Төрлет, Домбыра!
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»