• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Жеңіл атлетика 12 Маусым, 2018

Алматыда Ғұсман Қосановтың мемориалы өтеді

414 рет
көрсетілді

29-30 маусым күндері Алматыдағы Орталық стадионда жеңіл атлетикадан Ғұсман Қосановтың мемориалы өтеді. Бұл жарысқа Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Грузия, Иран, Сирия, Бахрейн және Малайзия спортшылары қатысады деп күтілуде. 

Семей өңірі тумасының есімі ел спорты тарихындағы алтын әріптермен жазулы. Севас­то­польде әскер қатарында жүр­генде қысқа қашықтықта жү­гіруде керемет нәтиже көрсеткен Қосанов сол кезде-ақ қырағы мамандар назарына ілікті. Қарулы күштер және Украина мен Молдавия біріншіліктерінде же­ңіс тұғырына көтерілген қа­­зақтың ұлы көп ұзамай ха­лық­­аралық додаларда даралана бастады. Ал өзінің ең зор та­бы­сына ол 1960 жылы Рим Олим­пиадасында қол жет­кіз­ді. Құрамында Ғұсман Қо­са­нов, Леонид Бартенев, Юрий Коновалов және Эдвин Озолин сынды сайыпқырандары бар КСРО командасы жеңіл атлет­тердің 100 метрлік эстафета сайы­сында күміс медальды иеленді. Осылайша, Қосановтың есімі төрт жылдықтың басты додасында жүлде алған Қазақстанның тұңғыш спортшысы ретінде тарихта қалды. 

Қандасымыз 1964 жылы Токиода алауы тұтанған Олим­пия ойындарына қатысты. Алай­да Жапонияда біздің жігіттердің жолы болмады. 1965 жылы Киев­те өткен КСРО мен АҚШ құр­маларының жолдастық кез­десуінде Кеңес Одағының жел­аяқ­тары эстафеталық сайыста аме­ри­калықтарды артқа тастады. Сол команданың сапында біз­дің желаяқ та өнер көрсеткен еді. Ал 100 метрге жүгіруде қа­зақ спортшысының жеке рекорды – 10 минут 02 секунд. 

Алаштың абзал азаматы Ғұс­ман Қосановты еске түсі­ру­­ге арналған аталған турнир Алматыда 1991 жылдан бері үз­дік­сіз ұйымдастырылып келе­ді. Ха­лықаралық жеңіл атлетика қау­ымдастығының күнтізбесіне ен­ген бұл жарыстың жалауы биыл 28-ші мәрте желбірейді. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ