• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Маусым, 2018

Бюджет саясаты бұрмалауды көтермейді

669 рет
көрсетілді

Еліміздегі бюджет саясаты өте бір нәзік те шетін саясат десек қателеспейтін шығармыз. Оның кірісі мен шығысы мұқият есепке алынып отырмаса – қазына қаржысы текке рәсуа болды дей беріңіз. Бюджеттің кірісі дегеніміз кім-кімге де түсінікті болса керек. Ал шығысы ше? Оның иірімдері мен қатпарлары мейлінше тереңде тұрғандай көрінеді. 

Бюджеттік қаражат қатып-семіп қалған нәрсе емес. қажеттілікке қарай оның шығыстарын жалпы шығыстар көлемінен белгілі бір мөлшерге қысқарту қажеттілігі туындаса, бұған ешкім тосқауыл қоя алмайды. Алайда әлеуметтік бағыттарға, соның ішінде мектепке дейінгі балалар мекемелері мен білім беру, денсаулық сақтау салаларына арналған бюджеттік қаражаттарды қандай күрделі жағдайда да қысқартпау қажеттігі жөнінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың астана және Алматы қалалары және облыс әкімдеріне берген арнайы тапсырмасы бар екенін екінің бірі біле бермеуі де мүмкін.

Бюджет қаражаттары тек осындай жағдайда ғана оңтайлы жұмсалса бюджет саясаты да соғұрлым оң нәтиже бермек. Ең бастысы жергілікті атқарушы органдар Елбасының бұдан үш жыл бұрынғы тапсырмасына сәйкес мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға бағытталған бюджет қаражаттарын тиімді түрде жұмсай білсе –бұдан тек ұтары анық.  Әйтсе де бұған дейін жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелері Мұғалжар ауданында бюджетті жоспарлау мен орындау барысында өрескел заңсыздықтарға жол берілгенін айғақтайды. Бұл жөнінде газет тілшісіне Ақтөбе облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Қуантқан Әленов айтып берді. Атап айтқанда Мұғалжар ауданының 2015 жылға арналған бюджеті 2014 жылдың желтоқсан айында аудандық мәслихаттың сессиясында бекітілген. Алайда арада санаулы апталар өткен соң, яғни келесі 2015 жылдың алғашқы айларының өзінде қабылданған бюджетті қайтадан өзгертіп, оны нақтылау мәселесі туындаған. Жарайды, мейлі солай-ақ болсын. Әйтсе де Мұғалжар ауданы әкімдігі бюджетті қайта жоспарлау мен нақтылау кезінде тиісті әзірлік жұмыстарын жүргізбеген. Соның салдарынан бюджет қаражаттарын оңтайландыру мен бюджет шығыстарын екшеу және зерделеу ісі назардан тыс қалған еді газет тілшісіне мемлекеттік аудиттті жүргізу ісінің басы-қасында болған маман Қ.Мырзабекұлы.

Сондай-ақ біз осы атериалды газет өндірісіне әзірлеу кезінде Мұғалжар ауданының әкімі мен мәслихат депутаттары басымдығы тайға таңба басқандай айқын көрініп тұрған шараларды қаржыландыру есептерін жасамағанына көз жеткіздік. Сонымен бірге бюджеттің кіріс көздері қайтадан талдаудан өткізілмепті. Салықтық әлеуеттің жай-күйін байыптау ісі де назардан тыс қалған. Оның мөлшерін анықтау мен түспей қалуы мүмкін бюджет түсімдерін алдын-ала мөлшерлей мәселесі де белден басылған.

Қандай істің де белгілі бір нүктесі мен түйіні, қорытындысы мен жиыньығы болатыны табиғи  жәйт. Белгіленген тәртіп бойынша осындай қорытынды материалдар аудан әкімдігінде тиянақталып, тиісті орнын табу қажеттілігі де аян. Бұлай болмаған. Оны айтасыз, мұндай қорытынды материалдар мен қаырғалы құжаттар аудандық мәслихат депутаттарының назары мен талқысына ұсынылмапты. Керісінше бюджет қаражатын оңтайландыру жұмысы облыстық бюджетті жоспарлау басқармасы тарапынан жіберілген хаттамалық тапсырыс негізінде ғана орындалған.

Осындай үстірттіктер мен келеңсіздіктердің тигізген салдары да аз болмай шықты. Айталық 2015 жылдың 10-наурызында аудандық мәслихаттың сессиясы негізсіз өткізіліп, мұнда Мұғалжар аудандық бюджетінің кірісі мен шығысы бір миллиард елу миллион теңгеге қысқартылғаны алдыңғы пікіріміздің басты дәлелі болмақ. Осы арада жоғарыда аталған Ақтөбе облыстық бюджетті жоспарлау басқармасы тарапынан жіберілген хаттамалық тапсырыс мүлдем негізсіз берілгенін айту парыз. Бұл үстірт шаруа ҚР-ның бюджеттік Кодексінің қағидаттары мен заңдылықтарына мүлдем қайшы келгені өзге бірәңгіменің еншісі. Бір сөзбен айтқада Мұғалжар ауданында қысқартылған әлеуметтік бюджет шығыстары Елбасының қойған тапсырмасы мен үйлесім таппаған.егер осы арада нақты деректерге сүйенсек аталған өңірде бастауыш сыныпта оқитын оқушылар мен балаларға ыстық тамақ беруге қаралған 150 миллион теңгенің шығыстары орынсыз әрі негізсіз қысқартылғаны қынжылтпай қоймайды. Мұнда ең аз деген өзге әлеуметтік қысқартылған шығындар 21,9 миллион теңге көлемінде болып отыр.

Тағы да жғарыда айтылғандай Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясы жүргізген аудиттік іс-шаралардың тағы бір тармағына назар аударсақ, сол кезде Ақтөбе олблыстық әкімдігі Елбасының хаттамалық тапсырмасына орай: Әлеуметтік –қаржылық шығыстар бойынша міндеттемелер толық көлемінде сақталынды деген негізсіз жалған ақпаратпен есеп бергеніне көз жеткіземіз. Бұған не деуге болады? Егер шынында да осылай болса, бүгінгі әңгімеміздің басты арқауы - Мұғалжар ауданында орын алған келеңсіздіктерді  қайда қоямыз.

Республикадағы облыс және аудан әкімдерінің қатаң бюджет саясаты бойынша жұмыс жүргізуі қажеттігі бұдан үш жыл бұрын республика Президенті Н.Ә.Назарбаев қойған басты талаптардың бірі. Ендеше жергілікті атқарушы орган жетекшілері бюджеттің әр теңгесін ұқыпты әрі тиімді түрде жұмсауға дағдыланса еліміздің алдында тұрған әлеуметтік міндеттемелердің шоқтығы да оғұрлым биік бола түсері хақ. Бюджет саяаты бұрмалауды көтермейді. Бұл бүгінгі күннің басты ақиқатының бірі деп білеміз.

Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы,

Мұғалжар ауданы