Жуырда «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі құрамындағы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» баспасөз қызметі өткізген тур бағдарламасына орай Ақсу қаласындағы Айнакөл ауылына сапар шектік. Бұл қор мамандандырылған қаржы-несиелік ұйым болып табылады. Мақсаты – ауыл шаруашылығының басымды салаларында шағын бизнесті дамыту. Биыл бұл компания «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында ауыл халқы мен ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге шағын несие беруді бастаған-ды.
Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасына сәйкес, биыл шағын несиелеудің көлемі 20 млрд теңгеге ұлғайды. Кәсіпкерлерге осы жылы 62 млрд теңге беріледі.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының шеңберінде ауылға шағын несие беретін уәкілетті ұйым болып табылады. Несиелер өз бизнесін ашуға немесе кеңейтуге беріледі. Жобаның мақсатты бағытталуына байланысты қарыздың мерзiмi, сомасы, жеңілдетілген мерзімі өзгерiп тұрады. Мал шаруашылығына арналған жобалардың талаптары бар. Мәселен, қарыз алушының сатып алынатын және қолдағы өз малын ұстауға қажетті инфрақұрылымы болғаны жөн.
Лебяжі ауданында орналасқан «Жұлдыз» шаруа қожалығының басшысы Қуанышбек Түсіпов мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде шаруашылығында 60-тан астам ірі қара мал өсіріп отыр. Мемлекеттің жеңілдетілген несиелері туралы қор мамандарының аудан тұрғындарымен өткізген кездесуінде естіген ол табынын өсіруге бел байлап, несие алуға бекініпті. Сөйтіп «Бизнес Бастау» курстарынан өтіп, тиісті құжаттарды жинап, қордың қаржыландыру туралы шешіміне ие болады. Несие алу туралы келісімшартқа қол қойған кәсіпкердің шотына бүгінде несиелік қаржы аударылып та қойыпты.
– Екі айға жетер-жетпес уақытта несиеге қол жеткіздім. Енді 4 миллион теңгеге 16 мал басын сатып аламын. Шарттары өте тиімді: мерзімі ұзақ, ал пайызы төмен. Бір жыл – жеңілдетілген мерзім. Бұл уақыттың ішінде сатып алынған малды өсіріп, сатып, біраз пайда табуға болады. Кепілге үйімді қойдым. Жақын болашақта тағы бір несие алып, ет бағытындағы шетелдік асыл тұқымды мал басын сатып алсам деген жоспарым бар, – дейді Қуанышбек.
Қор мамандарының айтуларына қарағанда, биыл «Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы» аясында берілетін несиенің сомасы – 4 миллион теңгеге дейін жетеді екен. Жылдық үстеме мөлшері – 6 пайыз, мерзімі 7 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Мұндай шарттар өз бизнесін ашамын және кеңейтемін деген ауыл тұрғындарына өте тиімді. Соның арқасында өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар фермерлік шаруашылық ашып, жұмыстарын жалғастыруда. Бағдарлама аясында бөлінген қаржы «Игілік», «Кәсіпкер», «Егінжай», басқа да несиелік өнімдер бойынша облыстағы ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарына бөлінеді.
– Өткен жылы қордың облыстық филиалы барлығы 2 млрд теңгені құрайтын 480 несие берді. Оның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы» аясында және «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша қайтарылған қаржыға 543 миллион теңгенің 157 шағын несиесі берілді. Биыл шағын несиелеу көлемінің өскенін ескерсек, облыс тұрғындарына – 1,6 млрд теңге, оның ішінде бағдарлама аясында 700 миллион теңге бөлінеді, – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Сайра Ықыласова.
Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы Нұралы Қабиевтің айтуынша, бағдарлама арқылы облыс бойынша жалпы 1,8 млрд теңге шағын несиелеуге бағытталады.
Алғабас ауылдық аумағына қарасты Айнакөл ауылының маңайы жап-жасыл, салқын ауа, еркін тыныспен демаласың. Осындай табиғатымен тамылжыған аймақ малға жайлы жайлаумын деп тұрғандай-ақ. Бұл ауылда орналасқан «Атамұра-Павлодар» ЖШС да қордан несие алушылардың бірі. Шаруашылықтың кең аумақты алып жатқан алаңында жаңадан қоражай кешендері, тұрмыстық тұрғын үйлер салыныпты. Тағы бір ерекшелігі, ауыл облыс орталығына да, Ақсу қаласына да жақын орналасқан.
«Атамұра-Павлодар» сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытып келе жатыр. Өткен жылы қордан «Ырыс» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алып, тауарлы-сүт фермасына ірі қараның 100 аналық басын, қажетті техника мен құралдарды сатып алыпты. Қазір ферманың жұмысы жолға қойылып, өндіретін өнімін сүт өңдеуші зауыттарға уақтылы жеткізуде.
– Биыл асыл тұқымды малдан алғашқы төлдерді алдық. Қолымызға ерте берілген несиенің тиімділігі осы. Енді сүт өндіруге арналған желіні фермаға орнатамыз. Ал қажетті қаржыны тағы да осы «Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан» аламыз деп үміттеніп отырмыз, – дейді шаруашылық басшысы Асқар Бимағанов.
Серіктестіктің егістік, шабындық, жайылымдық жерлері бар. Ауылдардан келген 15 адам фермада еңбек етуде. Шаруашылық ет және сүт бағытындағы малдардың санын көбейтіп келеді. Екі мал кешенінде сиыр сауу орындары, мал төлдету орны, астық қоймасы бар. Қажетті көлік, тракторлар, тіркемелер, шалғылар, стогомет, тырнауыштармен қамтамасыз етілген. 500-дей мүйізді ірі қара, 100-дей жылқы және ұсақ мүйізді мал ұстайды. Осы жылдың бес айында серіктестік 80 тонна сүт, 27 тонна ет өндіріпті. Сөз жоқ, жақсы көрсеткіш. Алдағы уақытта ферма әлі де қанат жайып, еңбек өнімділігін арттыра түсуге тиіс. Мәселен, өздері өндірген сүттің шамамен 2 тоннасын пакеттеуді жоспарлап отыр. Бұл үшін қордың жергілікті филиалымен бизнес-жоспар құруда.
– Мен жастарды еңбек етуге ауылға шақырамын. Біздің «Атамұра-Павлодар» ЖШС жұмыс істеймін деген жастарды құшақ жая қарсы алуға әзір. Еңбектенуден қашпайтын адам болса, жақсы жағдай жасалған. Тұрғын үй бар, кешен жанында асхана жұмыс істейді. Келіңіздер, ауылды, мал шаруашылығын бірге өркендетейік, – дейді тасы өрге домалаған шаруашылықтың басшысы Асқар Ерсайынұлы.
Елбасы биылғы Жолдауында «Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек» деп ауылдағы жастарды, тұрғындарды жұмыспен қамту саласына ерекше басымдық бергені белгілі. Өйткені қазір кәсіпті нәсіп етемін, табысты еңбек көзін табамын деген адамға жұмыс жетеді, оларға қолдау да бар. Осы мақсатта «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы биыл барлық қаржы көздерінен 43,4 миллиард теңгеге несиелеу жоспарланған. Оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 26,7 млрд теңге беріледі деп жоспарланып отыр.
Мемлекеттің қолдауын көрген ауыл тұрғындары бүгінде кәсіпкер атанып, өз жұмысын бастауда. Ал шағын және орта бизнес нысандары ауыл шаруашылығы саласының қоғамның дамуына, көркеюіне, өсуіне өз үлесін қосуда.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы,
Айнакөл ауылы