Бүгінде әлемде бір миллиардқа жуық ешкі бар болса, оның 180 миллионы Қытайда екен. Үндістанда – 130, Пәкістанда – 50, Бангладеште – 40, Иранда – 30, Судан, Эфиопия, Индонезия мен Сомалиде 20 миллион ешкі бар. Еліміздегі Сексек ата тұқымының саны 2 миллионға жуық.
Қазіргі таңда Швейцарияның таулы шипажайларында туберкулез, анемия мен рахит ауруына шалдыққандарды ешкі сүтімен емдеуде. АҚШ-та ешкі сүтін жас нәрестелерге беру үшін арнайы дайындайды. Ал бізде ше? «Есі кеткен ешкі жинар, ешкі жинап, есін жияр» дейтін қазақ бүгінде ешкі жануарының қадіріне жете алмай отырған секілді. Десек те біртіндеп болсын ешкінің сүтін өңдеп, өндіруді қолға алып жатқан азаматтар да бар. Мәселен, Өскеменнің іргесіндегі Глубокое ауданындағы «Ағайын және К» шаруа қожалығы ешкі сүтінен жасалған ірімшікті саудаға шығаруды жоспарлап отыр. «Біз нарықты зерттеп, мониторинг жүргізу арқылы ешкі сүтінің ірімшігі сұранысқа ие екенін анықтадық. Әрине оның бағасы қымбат, бірақ денсаулыққа өте пайдалы. Халық қазір ешкі ұстамайды. Сиыр сүті 120 теңге болса, ешкі сүтінің бір литрі 500 теңге тұрады. Ешкі сүтінен жасалған ірімшіктің бір келісі шамамен 3,5-4 мың теңге болады», дейді шаруа қожалығының басшысы Архат Түркімбаев.
Іскер азаматтың «Ешкі сүтін қайта өңдеу және ірімшік өндіруді ұйымдастыру» атты жобасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша грант алуға ұсынылып мақұлданған 35 бизнес-идея мен инновациялық жобалардың қатарына еніпті. Кәсіпкер енді мемлекеттен берілетін 3 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа сүтті ешкілер мен ешкі сауатын құрал-жабдық сатып алуды жоспарлап отыр.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Глубокое ауданы