Санаулы күндерден кейін Ресейде футболдан әлем чемпионаты басталады. Ала доптың айтулы мерекесіне соңғы сәтте іліккен Аргентина құрамасы алтын жүлдеден дәмелі. Бұл турнир «альбиселесте» үшін маңызды болмақ. Біріншіден, кейінгі дүбірлі додаларда Аргентина ақтық сында ғана сүрініп жүр. Екіншіден, биылғы дода құраманың басты жұлдызы Лионель Мессидің соңғы әлемдік турнирі болуы ықтимал.
«Альбиселесте» 1978 жылғы әлем чемпионатында топ жарған болатын. Өз елінде өткен төрт жылдықтың додасында Марио Кемпес бастаған дүлдүлдер шашасына шаң жұқтырмай, мәреге қара үзіп келді.
Аргентина футболы туралы сөз бола қалғанда Диего Марадонаны еске алмау мүмкін емес. «Альбиселестенің» жарық жұлдызы 1986 жылы Мексикада өткен футбол тойында бар өнерін көрсетті. Әсіресе, ширек финалдағы Аргентина-Англия кездесуін көнекөз жанкүйерлер жақсы білуі тиіс. Дауға толы сол матчта Диего Армандо дубль жасап, командасын жеңіске сүйреген болатын.
Сол ойында соғылған екі голдың бірін Марадонна қақпаға қолмен бағыттап жібергені есімізде. Кездесуден кейін
ағылшындардың «ата жауына» айналған футболшы голды «Құдайдың қолымен» соққанын мәлімдеді. Кейіннен Диего Армандо жартылай финалда да екі мәрте мергендігімен танылып, құрамасын ақтық мәреге дейін жеткізді. Финалда Марадонна гол салған жоқ. Алайда Аргентина финалда азулы Германияны тізе бүктіріп, екінші мәрте әлем чемпионы атанды.
Төрт жылдан кейін латынамерикалықтар тағы да финалға шықты. Бұл жолы Марадона бастаған жігіттер ақтық сында сүрінді. Руди Феллер, Юрген Клинсманн бастаған немістер финалда үстем шыққан еді. Италиядағы сол додадан кейін ұзақ уақыт бойы Аргентинаның әлем біріншілігінде жолы болған жоқ. Үш рет ширек финалда сүрінсе, бір мәрте 1/8 финалдан өте алған жоқ. Ал 2002 жылғы біріншілікте топтық кезеңде сүреңсіз ойын көрсетіп, плей-оффтан құр алақан қалған-ды. Ұзақ уақыт жеңістің дәмін сезбеген елдің футбол-көктен үміт күтетіні анық. Биыл «Құдайдың қолы» жәрдемдесіп қалар, бәлкім?!
Аргентинаның ұзақ уақыт сәтсіз өнер көрсеткенін жоғарыда айттық. Тіпті, бірнеше «Алтын доптың» иегері Лионель Месси құрамында болса да, «альбиселесте» 2006 және 2010 жылғы әлем чемпионаттарында оңбай сүрінді. Дегенмен, төрт жыл бұрын Бразилияда өткен әлем біріншілігінде Месси бастаған жігіттер күміс жүлдені місе тұтты. Аргентина құрамасы турнирдің басты фавориті саналса да, сүйретіліп жүріп финалға әрең шыққан болатын. Ақтық матчта Мессидің әлем чемпионы атансам деген арманын немістер күл-талқан етті.
Жалпы, Леоның клуб сапында бағындырмаған белесі жоқ. Чемпиондар лигасын да ұтты, ел біріншілігінде де жеңіске жетті. «Алтын доп» пен «алтын бутсыдан» тау тұрғызып, «Барселонаның» тарихына есімін алтын әріппен жазды. Әйтсе де, Мессидің ұлттық құрама сапында жолы болған емес. Ал ұлттық құрама сапында жеңіске жетпеген ойыншының футбол Олимпіне есімі жазылуы неғайбыл.
2014 жылғы әлем біріншілігінен бөлек, Аргентина бірқатар финалда сүрінген еді. «Альбиселесте» 2015 және 2016 жылдары Америка кубогы додасында екі рет Чилиге есе жіберіп, Латын Америкасының чемпионы атағына қол жеткізе алмады. Қатарынан үш финалда жеңілу Леоға қатты әсер етіп, ұлттық құрамадан кететінін мәлімдеген. Аргентинаның 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турниріндегі сүреңсіз ойынынан кейін бүкіл ел болып Леоны пікірін өзгертуге үгіттеді. Тіпті ел президенті Маусрисио Макри де ұлттық құрамамен қош айтыспауға шақырды. Ақыры Месси құрама жейдесін қайта киді.
Бүгінде Мессидің жасы 31-де. Бұл – шабуылшы үшін аз жас емес. Көп футболшылар осы жаста үлкен спортпен қоштасып жатады. Келесі әлем чемпионатында Лео 35-ке толады. Ол кезде қазіргі деңгейде ойнау-ойнамауы неғайбыл. Ендеше, биылғы турнир Месси үшін чемпион атанудың соңғы мүмкіндігі болатыны айтпаса да түсінікті.
Топтық кезеңде Аргентинаға Исландия, Хорватия және Нигерия құрамалары қарсылас атанады. «Альбиселесте» оңай топқа түсті деуге келмес. Қарт құрлықтың әлеуетті командалары Исландия мен Хорватия да плей-оффқа шығудан үмітті. Осыдан екі жыл бұрын Еуропа біріншілігінде Исландияның айды аспанға бір-ақ шығарғаны есімізде. Модрич пен Ракитич сынды жартылай қорғаушылары бар Хорватия кез келгенмен иық тірестіріп өнер көрсетуге дайын. Нигерия да оңай шағылатын жаңғақ емес.
Аргентина құрамасының тізімі:
• қақпашылар: Науэль Гусман («Тигрес»), Вилли Кабальеро («Челси»), Франко Армани («Ривер Плейт»);
• қорғаушылар: Маркос Рохо («Манчестер Юнайтед»), Федерико Фасио («Рома»), Николас Отаменди («Манчестер Сити»), Маркос Акунья («Спортинг»), Эдуардо Сальвио («Бенфика»), Николас Тальяфико («Аякс»), Габриэль Меркадо («Севилья»), Кристиан Ансальди («Торино»);
• жартылай қорғаушылар: Максимилиано Меса («Индепендьенте»), Хавьер Маскерано («Хэбэй Чайна Форчун»), Энцо Перес («Ривер Плейт»), Джовани Ло Чельсо, Анхель Ди Мария (екеуі де – ПСЖ), Лукас Биглия («Милан»), Эвер Банега («Севилья»), Кристиан Павон («Бока Хуниорс»);
• шабуылшылар: Гонсало Игуаин, Пауло Дибала (екеуі де – «Ювентус»), Лионель Месси («Барселона»), Серхио Агуэро («Манчестер Сити»).
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»