Тәуелсіздік алғаннан бері еліміздің баспасөз саласы да нарықтық қатынастарға біртіндеп ене бастады. Бүгінде оны қаптаған ақпарат құралдарынан көріп отырмыз.
Тіпті электронды ақпарат құралдарының өзі бір-бірімен бәсекелес деуге болады. Осы орайда еліміздегі жас буынды оқытуда және оларға тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқаратын педагогикалық басылымдарға назар аударып жүремін.
Өйткені өмірімнің ширек ғасырын Қазақстандағы педагогикалық журналистиканы жандандыруға жұмсаған жан ретінде бұл саланың мен үшін қызығы да, шыжығы да мол. Мені журналистік кәсіптің қыр-сырына баулыған сол кездегі «Социалистік Қазақстан», бүгінгі «Егемен Қазақстан» газеті өмірлік университетім болса, одан кейінгі мектебім «Қазақстан әйелдері» журналы еді.
Сөйтіп сол кезде «Қазақстан мектебі» журналына үлкен дайындықпен келдім. Сол жылдары «Қазақстан мектебімен» қатар «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының қайта жарық көре бастауы зор табысқа саналатын. Өйткені 1958-1959 жылдары шығып, қайтадан жабылып қалған, сұрқия кезеңнің репрессиясына ұшыраған басылымды қайта дүниеге әкелу үшін министрліктің алдына дүркін-дүркін мәселе қоюға тура келді. Нәтижесінде, 1990 жылы журнал қайта жарық көре бастады.
1989 жылы қазақ тілін қорғау мақсатында алғашқы құрылтай өткен еді. Құрылтайда мені Алматы қалалық қазақ тілі қоғамының ұйымдастыру комитетінің төрайымы етіп сайлады. Бұл айтуға оңай болғанымен, күш-жігерді керек ететін, жүгірісі мен жиылысы, жүрек ауыртатын жайлары жеткілікті жұмыс болды. Десе де сол жылдың желтоқсан айында Қазақ тілі қоғамын құруға қол жеткіздік. Осы қоғамның үш жылдай ыстығына күйіп, суығына тоңдым. Қазақ тілі үшін күрес − өмірлік қызметім.
Кеңестік кезеңде «Қазақстан мектебі» журналының жалғыз қосымшасы «Бастауыш мектеп» журналы ғана болды. Сондықтан қазақ тілінің аясын кеңейте түсу үшін оқырманға қажетті, зәру деген басылымдар ашуды қолға алдық. Бұл ойымызды ең бірінші бесік, отбасы тәрбиесінен бастауды жөн көріп, «Отбасы және балабақша» қосымшасын ашуға ұмтылдық. 1991 жылы бұл да ашылды. Осыдан кейін 1992 жылы «Информатика-физика-математика» («ИФМ»), 1993 жылы «Қазақ тарихы», 1996 жылы «Биология, география, химия» қосымша журналдары дүниеге келді. Бұлардың бәрі қосымша деген аты болмаса, жеке-жеке үлкен басылымдар ретінде жарық көрді. Сондықтан 1996 жылдан бастап «Қазақ тарихынан» басқасын жеке шаңырақ етіп, өз алдына оңашалай бастадық. 2003 жылы «Қазақ тарихы» да жеке бөлініп шықты.
Қазір бір өзі 10 баспа табақтық іргелі журналға айналды. Осы журналдарды ашу арқылы үш түрлі жетістікке қолымыз жетті. Біріншіден, қазақ тіліндегі ғылыми басылымдар қатарын көбейтіп, ана тіліміздің өрісі кеңейді. Екіншіден, педагог-журналистердің жаңа легі даярлана бастады. Үшіншіден, жеке редакцияларға айналған журналдар жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек бас редакторлар тобы жасақталды. Еліміздің жоғары оқу орындарында педагог-журналистер даярланбайтынын ескерсек, бұл ұлттық педагогика саласы үшін де, баспасөзге де өте тиімді болғанын байқауға болады.
Қазіргі қоғам күрделі даму үстінде. Елді демократияландыру, шынайы құқықтық мемлекет құру − басты мақсат. Шүкір деп айту керек, Қазақстанның қазіргі ішкі және сыртқы саяси-экономикалық жағдайы ТМД елдерінің көбінен озық. Ел іші тыныш. Болашақтан үмітіміз зор. Сондықтан баспасөз саласының ардагері ретінде отандық педагогикалық журналдарды мемлекет тарапынан қолдаудың өзектілігін қайталап айтар едім. Яғни мемлекеттік тапсырыс аясын кеңейтіп, редакция мамандарының тәжірибесін жетілдіруге қол ұшын созса дейсіз.
Бүгінде елімізде жеке педагогикалық журналдардың үлесі көбейді. Шамамен 200-ден астам педагогикалық басылым оқырманға жол тартып отыр. Әрине барлығының сапасы көңілден шыға бермейді. Бірақ нарықтық қоғам сапалы басылымды өзі екшеп, іріктеп шығаратыны айқын. Десе де мұндай басылымдардың мазмұнына қадағалау жоқ екені белгілі. Бұл Білім және ғылым министрлігінің жанынан аталған журналдардың мазмұнына мониторинг жасайтын арнайы құзыретті бекітуді талап етеді. Өйткені білім мен тәрбие тақырыбы – өте нәзік мәселе. Онда ұлттың тәрбиесі, келешегі бар. Сондықтан мұны Ақпарат және коммуникация министрлігімен бірлесе қарастырған абзал.
Жас буынның білім-білігі мен тәлім-тәрбиесіне әлемдік үздік үлгілерден таңдалып алынған «100 жаңа оқулық» жобасының қолға алынуы, жаңа білім бағдарламасының енгізілуі, зияткерлік мектептер тәжірибесінің республикаға таратылуы қуантады. Осы іспетті ұлттық педагогиканың әдістемелік-тәжірибелік алаңы ретінде педагогикалық басылымдарға да қолдау өте-мөте қажет дер едім.
Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білім беру ісінің үздігі