• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Футбол 14 Маусым, 2018

ӘЧ: Бұл Бразилия бұрынғыдан өзгерек

1068 рет
көрсетілді

Биыл Ресейде өтетін әлем чемпионатының бас­ты фавориттерінің бірі – Бра­зи­лия ұлттық құрамасы. Бір кездері дәл осы турнирде жұлдыздай жарқыраған Пеле, Гарринча, Ро­ма­рио, Рональдо, Ро­нал­­ди­­ньо секілді не­бір мар­қас­қа­лар­дың ізба­сар­лары би­ыл қан­дай жетістікке жетуі мүм­­кін?!

Өткенге аздаған шегініс жа­сайық. Бразилия – әлем чем­пи­­онатында бес мәрте (1958, 1962, 1970, 1994, 2002) жеңіске жеткен әзірге жалғыз команда. Осы жетістігінің арқасында бұл құрама «пентекампеондер» деп аталып кеткен. 1970 жы­лы әлем біріншілігінде үшінші мәр­те жеңіске жеткеннен кейін чем­пи­он­дық кубокты өздерінде сақ­тап қа­лу құқығына ие болған. Бра­зи­лияның жетістіктерінің тағы бірі – осыған дейінгі дүбірлі до­далардың бәріне қатысып келе жатқан жалғыз құрама.

Бүгінгі Бразилия. Бразилия әлем біріншілігінің іріктеу ке­зеңін өте сәтті әрі сенімді өт­кіз­­ді. Соңғы төрт тур қалғанда дү­бір­лі додаға жолдама алған ал­ғашқы команда атанды. Әрине бұл тұста Ресей ұжымы турнирді ұйымдастырушы ел ретінде бәрінен бұрын тікелей жолдама алғанын айта кеткен жөн. Неймар бастаған «пентекампеондер» іріктеу кезеңінің 18 ойынында 12 мәрте жеңіске жетіп, бесеуінде тең түскен. Тек бір ойында ғана қарсыласына есе жі­беріп, 41 ұпаймен тобында көш­басшы болды. Ал 2-орынға табан тіреген Ургувай құрамасы он ұпайға артта қалды.

Бразилия халқы үшін футбол өмірмен тең. Құрамасы дүбірлі жарыстан олжасыз келсе бейресми түрде қаралы күн жариялайтын ел. Өткен 2014 жылы додада Германиядан 1:7 есебімен ойсырай жеңілгендегі стадиондағы жанкүйер қауымның көз жасы әлі күнге есімізде.

Ал бұл жолғы Бразилия төрт жыл бұрынғы мундиальға қа­тыс­қан құрамадан өзгерек. Бұл ұжым­ның нәтижесі бұрынғыдай Неймардың ғана ойынына байланысты емес. Неймар жарақат алып қалған жағдайда ұжымды алға сүйрейтін Коутиньо, Жезус, Виллиан, Фирмино секілді небір жалаңтөс жігіттер бар. Негізгі құрамда ойнайтын ойыншыларға қарайтын болсақ, әрқайсысы Еуропаның алпауыт клубтарында өнер көрсетеді. 

2014 жылғы құраммен аздап салыстырып көрейік. Ол кез­дері шабуыл шебінде өнер көр­сеткен Фред Бразилияның «Флу­миненсе», Халк Ресейдің «Зенит» командаларында ойнаса, қазіргі жігіттердің деңгейі мүлде бөлек, кәрі құрлықта үстемдік орнатып отырған «Барселона», «Пари Сен Жермен», «Манчестер Сити», «Ливерпуль» секілді клубтардың көшбасшылары. 

Ал бас бапкері Аденор Лео­нар­до Бакши (дүйім жұртқа Тите деген атпен танымал) келгелі құ­ра­­маның ойыны өзгеріп, жаңа бір деңгейге көтерілді. Бұрын­ғы Луис Фелиппе Сколари тұсын­да­ғы команданың сенімсіз әрі сү­реңсіз ойынынан жұрнақ та қалмады деуге болар. Тите тоғыз ойын қатарынан жеңіске жетіп, ұлттық құрама бапкерлерінің арасындағы рекордты жаңартты. Қазір Бразилия құрамасы үшін жаңа бір кезең басталды.

Осындай нәтижелі ойын­дарының арқасында Бра­зи­лия турнирдің басты фаво­ри­тіне айналды. Мәселен, Ұлыб­ри­та­ния­ның Opta статистикалық компаниясы Бразилияның жеңісін 14,2 пайызға теңестіріп отыр. Ал төрт жыл бұрын айқын басымдық көрсеткен немістердің өзіне 11,4 пайыз ғана берді. Үздік үштікті Месси бастаған Аргентина 10,9 пайызбен түйіндеп тұр. Осыған қарап-ақ Тите шәкірттерінің қан­шалықты алысқа шапқалы тұр­ғанын байқауға болады.

«Өз басым Бразилияны ӘЧ-2018-дің басты фавориті ретінде есептеймін. Бұл командада талантты ойыншылар жетерлік. 2014 жылғы масқарадан кейін еселерін қайтаруға тырысады деп ойлаймын», деді 2006 жылы чем­пион атанған итальяндық Андреа Пирло.

Аздаған статистикалық мәлі­мет келтірейік: құрамада ойнайтын футболшылардың орташа жа­­сы – 28,1 жас. Ең жас ойыншы­сы – Жезус. Ал ең егде ойын­шыла­ры – Жуан Миранда, Тиаго Силва және Фернандиньо. Бәрі 33 жаста.

Бразилия «Е» тобындағы алғашқы ойынын 17 маусым күні Швейцарияға қарсы өткізеді. Ал 22 маусымда Коста Рикамен күш сынасады. Соңғы болып 27 маусымда Сербиямен ойнайды.

Бразилия құрамасының тізімі: 

• қақпашылар: Алиссон («Рома», Италия), Эдерсон Мо­раес («Манчестер Сити», Англия), Кассио («Коринтианс», Бра­зилия);

• қорғаушылар: Данило («Манчестер Сити», Англия), Фагнер Консерва («Коринтианс», Бра­зилия), Марсело («Реал», Испания), Филипе Луис («Атлетико», Испания), Тиаго Сил­­ва, Маркиньос (екеуі де – «Па­­ри Сен-Жермен», Франция), Ми­­ранда («Интер», Италия), Пед­­ро Жеромел («Гремио», Бра­зи­лия);

• жартылай қорғаушылар: Каземиро («Реал», Испания), Фернандиньо («Манчестер Сити», Англия), Паулиньо, Фи­лип­пе Коутиньо (екеуі де «Бар­селона», Испания), Фред («Ман­чес­тер Юнайтед», Украина), Ре­нато Аугусто («Бэйцзин Гоань», Қытай), Виллиан («Чел­си», Англия), Дуглас Коста («Ювен­тус», Италия);

• шабуылшылар: Неймар («Пари Сен-Жермен», Франция), Тайсон («Шахтер», Украина), Габ­риэл Жезус («Манчестер Сити», Англия), Роберто Фир­мино («Ливерпуль», Англия).

Аян ӘБДУӘЛИ,

«Егемен Қазақстан»