Қазақ этносының топтаспағандығы, қазақ тілін жоғалту қатері, ұлттық мәдениеттің дағдарысы
Тәуелсіздіктің ең маңызды сынақтарының бірі қазақ этносының саяси толысуын, оның жаңа мемлекет құрудағы топтастырушы фактор бола алу қабілетін тексеру болды. Жүйеқұраушы этнос мәртебесі қазақтардың алдына өзінің ұлттық мәдениеті мен тілін қайта жаңғырту міндетін қойды. Қазақстан Тәуелсіздігін алған кезде елде 1989 жылдың 22 қыркүйегінде қабылданған «Қазақ КСР-індегі тілдер туралы» Заң мен 1990 жылы қабылданған Қазақ тілі мен басқа да ұлттық тілдерді дамытудың 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасы қолданыста болды. Бірақ бұл нормативтік актілер мен бағдарламалар қағаз жүзінде қалып қойған еді. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі таза декларативтік сипатта болды. Қолданыстағы нормативтік-құқықтық құжаттар оның жер-жерде оқып-үйретілуі мен пайдаланылуын қамтамасыз ететіндей тетіктермен жеткілікті деңгейде бекемделмеді. Тиісті құқықтық арқаудың болмауы мемлекеттік органдардың жұмыстарын үйлестіру үшін біртұтас негіз құра алмады. Республикада қоғамдық өмірдің барлық салаларында орыс тілі басым болды. Өтпелі кезеңде тілдерді сақтау мен функцияналды дамыту саласында мемлекеттік саясаттың стратегиясын, сондай-ақ мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін дамыту үшін жағдай жасау қажеттігі туындады. Мұнда мемлекеттік тілді және елдегі басқа да тілдерді білмегені үшін қысым көрсетушілікке жол бермеу қарастырылды. Негізгі мақсаты ұлттық бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің толық ауқымды қызметін қамтамасыз етуді көздейтін үйлесімді тіл саясаты болып табылатын Тілдердің қызметін дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтауды да қарастырады.Әрине, біреудің қол астында немесе боданында болу – жақсы емес. Патшалы Ресейдің отарлауы басқа отарлаушы режімдерден асып түспесе, еш кем түскен жоқ. Ұшы-қиырсыз біздің даламыз империяның меншігінде қалды. Біз сенім-наным, тіл, мәдениет және дәстүрімізді жоғалту қатерінің алдында тұрдық.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Дүние жүзі қазақтарының І құрылтайында сөйлеген сөзінен.
Алматы қаласы, 1992 жылғы 30 қыркүйек.
Тілді дамыту мен ұлттық саясат саласындағы негізгі мақсат пен негіз қалаушы қағидаттар Қазақстанның этностық төлтумалылығын дамыту мен мәдени көпқырлылығын сақтау, осы негізде республиканың әлемдегі тұрақты ұлтаралық климаты бар ел ретіндегі беделін нығайту болып табылды. Осы негіз қалаушы қағидаттар Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995 жылғы) мен «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңда көрініс тапқан. Бүгінде мемлекеттік басқаруда мемлекеттік тілді пайдалану өрісі кеңейіп, оның мәртебесі жоғарылап келеді. Есепті кезеңдегі мониторингтің қорытындылары бойынша оның пайыздық көрсеткіші 85-ке жетті. Қазіргі кезде мемлекеттік тілдегі мектепке дейінгі мекемелер саны арта түсіп отыр. Мектепке дейінгі мекемелердің жалпы саны 2261-ді құраса, олардың мемлекеттік тілде оқытатындарының саны – 1178. Егер 2001 жылмен салыстыратын болсақ, мемлекеттік тілде оқытатын мектепке дейінгі мекемелер саны 876-ға көбейген (302 мекеме болған еді). 2009-2010 оқу жылында орта оқу орындарының саны 7516-ны құраса, олардың 3811-і қазақ тілінде білім беретін мектептер. Тұтастай алғанда, қазақ тілінде оқытатын мектептер еліміздегі барлық орта білім ұяларының 50,8 пайызын құрайды. 2001 жылмен салыстырғанда мемлекеттік тілде білім беретін мектептер саны 173-ке артқан. Тілдердің қызметін дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерін жүзеге асыру барысында мемлекеттік тілде оқытудың біртұтас инфрақұрылымы құрылды. Егер 2005 жылы елімізде тілдерге оқытудың 8 орталығы жұмыс істесе, 2006 жылы – 12-сі, 2007 жылы – 36-сы, 2008 жылы – 45-і, 2009 жылы – 93-і, 2010 жылы 101-і жұмыс істеді. Осы кезеңде сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасымен «Тілдердің үштұғырлығы» ұлттық мәдени жобасын жүзеге асыру басталды.