• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2011

№20 сын-қатер

381 рет
көрсетілді

Қазақ этносының топтаспағандығы, қазақ тілін жоғалту қатері, ұлттық мәдениеттің дағдарысы

Тәуелсіздіктің ең маңызды сынақтарының бірі қазақ этносының саяси толысуын, оның жаңа мемлекет құрудағы топтастырушы фактор бола алу қабілетін тексеру болды. Жүйеқұраушы этнос мәртебесі қазақ­тар­дың алдына өзінің ұлттық мәдениеті мен тілін қайта жаңғырту міндетін қойды. Қазақстан Тәуелсіздігін алған кезде елде 1989 жылдың 22 қыркүйегінде қабылданған «Қазақ КСР-індегі тілдер туралы» Заң мен 1990 жылы қабылданған Қазақ тілі мен басқа да ұлттық тілдерді дамытудың 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасы қолданыста болды. Бірақ бұл нормативтік актілер мен бағдарламалар қағаз жүзінде қалып қойған еді. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі таза декларативтік сипатта болды. Қол­даныстағы нормативтік-құқықтық құжаттар оның жер-жерде оқып-үйретілуі мен пайдаланылуын қамтамасыз ететіндей тетіктермен жеткілікті деңгейде бекемделмеді. Тиісті құқықтық арқаудың болмауы мемлекеттік органдардың жұмыстарын үйлестіру үшін біртұтас негіз құра алмады. Республикада қоғамдық өмірдің барлық салаларында орыс тілі басым болды. Өтпелі кезеңде тілдерді сақтау мен функцияналды дамыту саласында мемлекеттік саясаттың стратегиясын, сондай-ақ мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін дамыту үшін жағдай жасау қажеттігі туындады. Мұнда мемлекеттік тілді және елдегі басқа да тілдерді білмегені үшін қысым көрсетушілікке жол бермеу қарастырылды. Негізгі мақсаты ұлттық бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің толық ауқымды қызметін қамтамасыз етуді көздейтін үйлесімді тіл саясаты болып табылатын Тілдердің қызметін дамытудың  2011-2020 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтауды да қарастырады.  

Әрине, біреудің қол астында немесе боданында болу – жақсы емес. Патшалы Ресейдің отарлауы басқа отарлаушы режімдерден асып түспесе, еш кем түскен жоқ. Ұшы-қиырсыз біздің даламыз империяның меншігінде қалды. Біз сенім-наным, тіл, мәдениет және дәстүрімізді жоғалту қатерінің алдында тұрдық.

 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Дүние жүзі қазақтарының І құрылтайында сөйлеген сөзінен.

Алматы қаласы, 1992 жылғы 30 қыркүйек.

Тілді дамыту мен ұлттық саясат сала­сын­дағы негізгі мақсат пен негіз қалаушы қағидаттар Қазақстанның этностық төлту­ма­лылығын дамыту мен мәдени көпқырлы­лы­­ғын сақтау, осы негізде республиканың әлем­дегі тұрақты ұлтаралық климаты бар ел ретіндегі беделін нығайту болып табылды. Осы негіз қалаушы қағидаттар Қазақ­стан Республикасының Конституциясы (1995 жылғы) мен «Қазақстан Респуб­ли­касындағы тілдер туралы» Заңда көрініс тапқан.  Бүгінде мемлекеттік басқаруда мемлекеттік тілді пайдалану өрісі кеңе­йіп, оның мәртебесі жоғарылап келеді. Есепті кезеңдегі мониторингтің қоры­тын­дылары бойынша оның пайыздық көрсеткіші 85-ке жетті. Қазіргі кезде мемлекеттік тілдегі мектепке дейінгі мекемелер саны арта түсіп отыр. Мектепке дейінгі мекеме­лер­дің жалпы саны 2261-ді құраса,  олардың мемлекеттік тілде оқы­татындарының саны – 1178. Егер 2001 жылмен салыс­ты­ратын болсақ, мем­лекеттік тілде оқы­та­тын мектепке дейінгі мекемелер саны 876-ға көбейген (302 мекеме болған еді). 2009-2010 оқу жылында орта оқу орын­дары­­ның саны 7516-ны құраса, олардың 3811-і қазақ тілінде білім беретін мектептер. Тұтастай алғанда, қазақ тілінде оқы­татын мектептер еліміздегі барлық орта білім ұяларының 50,8 пайызын құрай­ды. 2001 жылмен салыстырғанда мемлекеттік тілде білім беретін мектептер саны 173-ке артқан. Тілдердің қызметін дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасының негізгі міндеттерін жүзеге асыру барысында мемлекеттік тілде оқыту­дың біртұтас инфрақұры­лымы құрылды. Егер 2005 жылы елімізде тілдерге оқыту­дың 8 орталығы жұмыс істесе, 2006 жылы – 12-сі, 2007 жылы – 36-сы, 2008 жылы – 45-і, 2009 жылы – 93-і, 2010 жылы 101-і жұмыс істеді. Осы кезеңде сондай-ақ Мемлекет басшысы­ның бастамасымен «Тілдер­дің үштұғыр­лығы» ұлттық мәдени жобасын жүзеге асыру басталды.