Халықаралық аурулар классификациясында гемблингке - «құмар ойындарына патологиялық бейімділік, құмар ойындарын қайта-қайта ойнау» деген анықтама берілген. Бұл процесс адам өмірінде басымдыққа ие болып, әлеуметтік, кәсіби, материалдық, отбасылық құндылықтардың маңызын төмендетеді, яғни, оған душар боған адам осы салалардағы міндеттеріне тиісті көңіл бөлмейді.
DSM-5-тегі лудомания критерийлері:
Ақша тігіп, ойын ойнауға жиі әуес болу: ойша бұрынғы жеңісі туралы ойға орала беру, тағы бір рет ақша тігіп, ойын ойнау, ойнауға оқталу, ойынға ақша табудың жолдарын ойластыру. Өзі күткен әсерді алу үшін тігетін ақшаның мөлшерін көтере беріп, ойынды жалғастыру. Өткен шағында өзінің ойынға құмарлығын азайтуға, сирек ойнауға немесе мүлдем ойнауды доғаруға тырысқан кездерде сәтсіз әрекеттердің болуы. Сирек ойнау немесе ойыннан біржола бас тарту туралы ойлағанда мазасыздану, ашулану. Ақша тігіп ойнай алмаса шарасыздық сезімі, өзін кінәлі сезіну, үрей, күйзеліс пайда болады. Жоғалтқанын қайтару үшін ойынға қайта оралу. Лудоманияға қаншалықты әуес екенін жасыру үшін отбасына, дәрігеріне және басқа да адамдарға өтірік айту. Өтірік айту, алаяқтыққа бару, ұрлық жасау, гемблингке ақша табу үшін біреудің мүлкін иемдену сияқты қылмыстық әрекеттерді жасау. Мінез-құлқы маниакальдық көңіл-күймен байланысты бола алмайды (ерекше критерий).Лудоманияның себептері мен даму механизмі
Жалпы биологиялық факторларға бас миы құрылымының органикалық зақымдануына әкелетін босануға дейінгі, босану кезіндегі және босанудан кейінгі зияндылықтар жатады. Ал темперамент пен тұлғаның мінез-құлық қасиеттерінің қалыптасуының негізі – тұқым қуалау.
Зерттеу барысында статистикалық тұрғыда дені сау ата-аналарға қарағанда ойынға тәуелді ата-аналардың балалары жиі патологиялық ойынқұмарларға айналатыны анықталды. Ойынға патологиялық тәуелділіктің дамуы отбасы мүшелерінің біреуінде болса, барлық отбасы мүшелері де ойынқұмар болып кеткені де дәлелденген. Испан зерттеушілері А.Ибаньес пен оның әріптестері патологиялық гемблинг дамуындағы генетикалық факторлардың рөліне арналған шолуында молекулярлық генетика саласындағы зерттеулер гемблингтің қалыптасуына қатысатын нейромедиаторлық жүйелерге жауап беретін түрлі аллель гендерді анықтағанын айтқан. Америкалық генетиктер тобы релевантты бақылау тобымен салыстырғанда 139 ойынға құмар адамның дофамин, серотонин, норадреналин және ГАМҚ (гамма аминомайлы қышқыл) берілуіне қатысатын 31 геннің өзгеретінін зерттеген.
А.О.Бухановский тәуелділік мінез-құлық ауруларының (құмар ойындарына патологиялық тәуелділікті қоса алғанда) қалыптасуында орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануына (түрлі церебралды ауруларға, мидың зақымдарына және т.б. ОЖЖ зақымдарына) байланысты екендігін анықтаған, ол жүйке жүйесінің тежегіш процесттерінің әлсіз болуынан, ойын ойнаған кезде жүйке жүйесі процесстерінің шамадан тыс жұмыс істеуі салдарынан психикалық процесстердің тежелгендігінен лудомания дамиды деген тұжырымға келген. Бірқатар зерттеулер химиялық тәуелділікте де, лудоманияда да ойын ойнаған кезде эмоцияны қабылдайтын бас миындағы «марапаттау жүйесінің» сезімталдығының төмендеуі байқалатынын айтады. МРТ-зерттеулер бақылаумен салыстырғанда ойынға құмар адамның стриатумдық және ішкі-медиалды алдыңғы белсенділіктерінің төмендеуін көрсетті, сондай-ақ аддикция неғұрлым анық байқалған сайын, «марапаттау жүйесімен» байланысты құрылымдардың белсенділігі соғұрлым төмен болатынын көрсетті (Reuter et al., 2005).
Катехоламиндік теория патологиялық гемблингтің қалыптасуындағы түрлі нейромедиаторлық құрылымдардың мәнін сипаттайтын зерттеулерде расталды. Осылайша, зерттеушілердің пікірінше, серотонин деңгейінің жоғарылауы лудоманияның басталуына, ойын ойнаған кезде оны қоя алмауға себеп болады. Оны орыс тілінде «гемблинговый запой» деп атайды немесе бұл сөзді ойынқұмарлыққа салыну деп түсіну керек. Норадреналин деңгейі ағзада жоғары болуы адамда қозу сезімінің пайда болуына, ойын ойнау кезінде әртүрлі тәуекелге бару сезімін тудырады. «Марапаттау жүйесіне» әсер еткен кездегі оң және теріс сезімдер шақыратын дофамин лудоманияның тұрақты болып қалыптасып кетуіне әсер етеді. Лудоманияның қалыптасуындағы катехоламиндік құрылымдардың айрықша рөлін М.Зак пен К.Поулостың психобелсенді заттар (әсіресе, амфетамин) қабылдағаннан кейін, адамдардың лудоманияға құмарлығының күрт артуы туралы мәліметтері де бар.
Гемблингке құмар ететін микро және макро әлеуметтік факторлар
Отбасыдағы теріс тәрбие, ата-ана мен таныстардың құмар ойындарға қатысуы, балалық шақтан бастап ойындарға құмарту (домино, карта, монополия, т.б.), материалдық құндылықтардың дұрыс бағаланбауы, қаржылай мүмкіндіктерге ерекше басымдылықпен назар аудару, бай туыстар мен таныстарға қызғана қарау, барлық мәселені ақшамен шешуге болады деп ойлау. Осының барлығы гемблингке құмар ететін микро және макро әлеуметтік факторларға жатады.
Америкалық зерттеуші А.Пастернак отбасылық дәреженің болмауын тәуекел факторына жатқызды. Бірқатар зерттеушілер құмар ойындарының қолжетімді болуын құмарлыққа апаратын әлеуметтік фактор ретінде қарайды.
Клиникалық белгілері
Лудоманияның үш сатысы бар (R. Custer et al., 1989):
Ұтыстар кезеңі: кездейсоқ ойын, жиі ұту – ойын ойнау салдарынан үлкен ұтыс ұтуға болады деген қиял ойға апарады, сол себепті ойынды көбірек ойнайды, тігетін ақша көлемін ұлғайтады, адам өте ірі ұтысты ұтсам деп қиялдайды, себепсіз оптимизм пайда болады. Ұтылыстар кезеңі: жалғыз қалып ойнау, ұтыстарымен мақтану, тек ойынды ғана ойлау, ұтылыс эпизодтарының созылуы, ойынды тоқтата алмау, өтірік айту және достарынан проблемасын жасыру, отбасына немесе әйеліне деген қамқорлықтың азаюы, жұмыстың көп уақытын ойынға арнау, қарыздарды қайтарудан бас тарту, тұлғалық өзгерістер – ашушаңдық, шаршау, тұйықтық, үйдегі эмоционалдық жағдайдың ауырлауы, ойын үшін қарызға ақша алу, заңды да, заңсыз да жолдармен алынған өте ірі қарыздар, қарыздарды өтей алмау, ойынды доғарудың сәтсіз әрекеттері. Көңілі қалу кезеңі: кәсіби және жеке беделінен айырылу, ойынға жұмсайтын уақыты мен салатын ақшаның тым көбеюі, отбасы мен достарынан алшақтау, ар-ожданы мазалау, өкіну, басқаларды жек көру, үрей, заңсыз әрекеттер, үмітсіздік, суицид туралы ойлау және оны жасау әрекеттері, қамауға алыну, ажырасу, ішімдікке әуестік.Лудоманияны түсінудегі маңызды аспект – ойынға құмар адамдардың «ойлаудағы қателіктері». Ойлаудағы қателіктер стратегиялық және «ойын трансы» механизмін іске қосатын тактикалық түрі болады.
Ойлаудың стратегиялық қателері:
Ақша бәрін, тіпті эмоция, адамдармен қарым-қатынас мәселелерін де шешеді. Осы шақтағы сенімсіздік болса да ұтыстан соң келетін табысты күту, өмірдегі сәтсіздіктерді сәтті ойынмен жойып жіберуді елестету. Өз тағдырын бақылау туралы ойларын ұтыс туралы ойларға алмастыру.Ойлаудың тактикалық қателері:
Ұтатын («жолы болғыш») күнге сену. Ойында жолы болмайтын сәт міндетті түрде болады деген тұжырым. Ойын арқылы, яғни ақшаны қайтарып алып қана қарыздарын қайтара аламын деп ойлау. «Енді ешқашан ойнамаймын» деп өзіне уәде бергенде тек соңғы ойын сәтімен ғана эмоционалдық байланыста болу. Ақшасының бір бөлігін ғана салып ойнай аламын деп сену. Ойын кезінде ақшаны фишка немесе дисплейдегі сандар ғана деп қабылдау. Бәс тігуді келісімге отыру деп елестету.В.В.Зайцев пен А.Ф.Шайдулина ойын циклін құрайтын кезеңдер мен тәуелді адамның мінез-құлқын сипаттады.
Өзін-өзі ұстау кезеңі - ақша болмаған соң ойнамау, әлеуметтік ортаның әсері, кезекті сәтсіздікте мұңаю. «Автоматты қиял» фазасы, ол кезде ойын туралы ойлар жиілей түседі. Ойынға құмар адам өз қиялында тек құмар күйінде ұтылады және ұтысты күту ұтылыс сәттерін назарсыз қалдырады. Ойлар аяқ асты немесе қосымша стимулдардың әсерінен пайда болады. Эмоционалдық қысымның арту фазасы. Жеке ерекшеліктерге байланысты мұңайып, көңілі түседі немесе ашушаңдық пен үрей байқалады. Кейде көңі-күй ойын туралы қиялдың күшеюімен қатар жүреді. Кей жағдайларда науқас оны ойынмен байланыстырмайды және ол сексуалды құмарлықтың артуымен, интеллектуалды қысыммен ауысады. Ойнаймын деп шешу фазасы. Шешім екі түрлі жолмен келеді. Олардың біріншісі бойынша пациент «телеграф стиліндегі» қиялының жетегінде өз қалауын жүзеге асыру жолдарын жоспарлайды. Ойынға құмар адамның ойынша бұл – «ұтыс болуы мүмкін» ойындағы мінез-құлықтың нұсқасы. Аурудың бірінші сатысынан екіншісіне өтуге тән. Басқа нұсқа – ойын эпизодынан кейін бірден ойнаймын деп шешу. Оның негізінде ақшаны қайтарып алу керек деген иррационалды тұжырым бар. Бұл механизм аурудың екінші және үшінші сатыларына тән. Қабылданған шешімді шеттету фазасы. Науқастың ойнауды қалау қарқыны төмендеп, өз мінез-құлқын «жалған бақылап» отырғандай сезім тудырады. Бұл уақытта ойынға құмар адамның экономикалық және әлеуметтік мәртебесі жақсаруы мүмкін. Бұл шарттардың үйлесімі пациенттің өз тәуекелін аңғармай, ойын олқылығына (қолында көп ақшаның болуы, алкоголь ішу, демалу үшін ойнап көру, т.б.) әкелетін жағдайларға баруына әкеледі. Қабылданған шешімді жүзеге асыру кезеңі. Оған ерекше эмоционалдық айқын көңіл күй мен алдағы ойын туралы қарқынды қиялдар тән. Ойынға құмар адам жиі ол күйін «транс» деп сипаттайды: «зомби сияқты боласың». Пациенттің санасында әлі конструктивті қарсылықтар пайда болатынына қарамастан олар бірден иррационалды ойлаумен жоққа шығарады. Ойыншының өзін бақылай алуы туралы жалған қиялдары басым болады. Ақшаның барлығын жолғалтпай, ойын тоқтамайды. Одан соң өзін-өзі тежеу кезеңі басталып, жаңа цикл іске қосылады.Есірткіге тәуелділіктің белгілері
Психикалық тәуелділік – есірткі туралы ойлау. Бір рет есірткіні қолдану кезінде ерекше рахаттану сезімін сезінген адамның миында «ләззәт орталығы» немесе «есте ұстап қалу орталығы» іске қосылады. Есірткіні алғаш қолданған кезде «ләззат орталығына» бірінші рет сигнал барады. Бұл сигналды «ләззат орталығы» қабылдап алады да, рахаттану сезімін ақпараттық код ретінде сақтап алады. Одан кейін «ләззат орталығы» сол сигналды іздеп тұрады. Келесі жолы дәл сондай рахатану сезімін сезіну үшін бұрынғыдан көбірек дозаны қабылдау ойы туады, бірінші рет қабылданған дозаға организмнің төзімділігі қалыптасады.
Есірткіні алғаш рет қабылдаған адам сол психобелсенді заттардан рахаттанып, «тағы қабылдасам екен» деген ұстама ой пайда болады. Бұл ұстама ой есірткіні тағы қабылдамайынша, адамға мүлдем маза бермейді, адам тек есірткіні қабылдау туралы ойлай береді. Сол ойын қанағаттандыру мақсатында барлық іс-әрекеттерге, жөнсіз материалдық шығындар мен әкімшілік қылмыстарға, ұрлауға және тағы басқа қылмыстарға баруға тура келеді. Психикалық әуестілік есірткі туралы үнемі ойлап жүру, оны қабылдасам көңіл-күйім көтеріледі деп дәмелену, есірткіні қабылдамаса көңіл күйінің төмендеуі, және есірткі қабылдамай жүрсе өмірге деген мотивациясының азаюы - психикалық тәуелділіктің белгілері болып саналады. Бұл симптомдар жиынтығы психикаға тәуелділік деп аталады. Бұл - есірткіге тәуелділіктің алғашқы белгісі. Екінші рет содан кейін тағы бірнеше рет есірткі қабылдау кезінде алғашқы қабылдау кезіндегідей рахаттану сезімі болмай, ондай эйфория тек есірткі дозасын көбейткен кезде ғана мүмкін болады. Адам организмінің есірткінің алғашқы дозасын қабылдаған кезде бұрынғыдан қарағанда тез масаймай, аз дозаны көтере алуы - толеранттылық деп аталады.
Нашақорлыққа ұшыраған кезде миыңыздағы өзгерістер сіздің нақты ойлауыңызға, мінез-құлқыңызды басқаруға немесе эмоционалды теңгерімді сезінуіңізге кедергі келтіреді. Есірткіге тәуелді адамның әлеуметтік маңызға ие адами қасиеттері төмендейді, есірткі қабылдау оның жұмысынан, достарынан немесе отбасынан гөрі маңызды бола бастайды. Адамның барлық мақсаты мен ойы есірткі қабылдауға бағытталады. Одан басқа ешнәрсені ойлағысы келмейді. Адамда осы қасиеттер пайда болса, ол есірткіге психикалық тәуелді болды деген сөз.
Физикалық тәуелділік дегеніміз – есірткіні тұтынуды қолдануды тоқтатқаннан кейін пайда болатын организмнің қатты ауырсыну белгілері. Негізгі белгілері – есірткіні қабылдауды дереу тоқтатқаннан кейін пайда болатын дірілдеу, тырысу, аяқ қолдарының тартылуы, есірткіні тоқтатқаннан кейін пайда болатын үрейлену белгісі, галлюцинациялар, сандырақтар және т.б. Осындай белгілердің жиынтығын абстинетті синдром деп атаймыз. Ол есірткіні қолданып жүріп дереу тоқтатқан кезде болатын соматикалық, неврологиялық және психикалық бұзылыстармен көрініс береді. Емдеу мекемелерінде физикалық тәуелділіктен арылуға болатын болса, ал психикалық тәуелділік өмір бойына қалып қояды.
Есірткі тәуелділіктің тағы бір белгісі толеранттылықтың яғни, есірткі дозасын масаймай көтере алуының өзгерісін айтуға болады. Есірткіге тәуелділіктің бастапқы кезеңінде есірткінің бұрынғы дозаларына төзімділік жоғарылай береді, яғни бұрын қолданылған есірткі мөлшері бұрынғыдай наркотикалық масаюды тудырмайды. Сол себепті бұрынғыдан көп дозаны қабылдауға тура келеді.
Есірткіге тәуелділіктің келесі белгісі – тұлғалық төмендеу. Мысал ретінде, өмір бойы тәрбиелі болып өскен бала есірткі таппаған сәтте ең жақын адамына, ата анасына ерекше әдепсіздік таныта бастайды. Демек, тәуелді адам әлеуметтік ортада өз мінез құлқын басқара алмайды.
Есірткіні ұзақ уақыт бойы қолдану - есірткіге тәуелділіктің жоғары деңгейі. Оған бас миының токсикалық зақымдануы немесе токсикалық энцефалопатия, психоорганикалық синдромды жатқызуға болады. Психоорганикалық синдром - миға ұзақ уақыт бойы психобелсенді заттың әсер етуі салдарынан адамның мінез құлқының психикалық өзгеруі. Психоорганикалық синдром тұлға деградациясына алып келеді. Сонымен қатар тәуелді адамның қоршаған ортаға адаптациясы төмендеп, мүгедектікке алып келеді.
Молдаханов Еркебұлан, Жетісу облысы психикалық денсаулық орталығының дәрігер наркологы
Нағима НҰРҒАЛИЕВА,
Жетісу облысы психикалық денсаулық орталығының наркологиялық қызмет бойынша директордың орынбасары