Әулетке дарыған өнердің арқасында уссури, бенгал жолбарыстарымен жиырма жыл әлемді шарлаған Карина мен Артурдың алдағы күндері Қазақстандағы гастрольдік сапары басталады.
Багдасаровтардың цирктен ажырамаған айшықты тағдыры нағашы аталары Николай Язевтен бастау алады. Одан кейін өз әкелері Михаил Багдасаров та жануарларды жақсы көргені соншалықты, түбінде аң үйретуші болып шығады. Цирк сахнасының қалтарыстарында униформистерге қолынан келгенше жанаса жүріп, талай қызықты бастан өткерген Михаилге күндердің күнінде арманына бір табан жақындаудың сәті түседі. Маргарита Назарованың Рада деген жолбарысы тордан шығып кетіп, жайбарақат отырған бір әртістің гример бөлмесінен бір-ақ шығады. Қорқыныштан өліп қала жаздаған әртіске көмекке ұмтылған униформистердің ішінде жүрген Багдасаров осы жолы ерекше көзге түссе керек. Жүрекжұтқан жас баланың қайсарлығына тәнті болған Назарова кейін ол 18 жасқа толғанда аттракционға алуға уәде береді және сол сөздің үдесінен шығады.
Одан кейін Багдасаровтың өзі де бірден жолбарысты жуасыта алмаған. Ресей Халық әртісі атанғанға дейін көп жұмыс істейді. Алдымен «Забавные ослики» нөмірімен дараланып, есектің есті хайуан екенін дәлелдейді. Михаил тек 1979 жылы ғана 18 уссури жолбарысын жетектеп, қызы Каринаның көмегімен цирк манежінде салтанат құрады. «Жолбарыстар шоуына» екі жылдан кейін ұлы Артур қосылады.
Міне, сол Багдасаровтың ұлы мен қызы бүгінге төрткүл дүниеге танымал болған цирктің бел баласына айналып отыр.
Алдағы күндері Алматыдағы Қазақ мемлекеттік циркінде Мәскеудегі Никулин циркімен бірге өнер көрсететін апалы-інілі дарындар алдымен қаладағы балалар үйлеріне, арнаулы орталықтарға барып, кішкентай көрермендердің көңілін ауламақ.
Багдасаровтар балалар үйлеріне тек жолбарыстарын ғана жетектеп апармайды. Балақайларға арналған шеберлік дәрістерінде жан-жануарлардың тілін түсінуді, мінез-құлқын игеруді үйретеді.
Жаһанда жыртқыштармен жұмыс істейтін ер-азаматтар аз емес. Ал 18 жасында 18 уссури жолбарысымен бірге үлкен цирктің манежіне шыққан Каринаның өнер жолы шынында да дара.
Артур мен Каринаның әкесі қырық жыл бойы жолбарыс, ілбіс, арыстанды ауыздықтай отырып, қайталанбас трюктер тудырған әулет. 12 жасынан бастап әкесімен бірге есекті билеткен Артур да, 16 жасынан жолбарысты ырқына бағындырған Карина да әлі күнге дейін әлемдегі ең жас аң үйретушілер санатында. Апалы-інілі Багдасаровтар бір жағынан цирктің жан-жануарларға қатысты жанрында, хайуандарды ұрмай-соқпай, адамгершілікпен жұмыс істейтін жұп саналады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ