Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысы Тілеуғали Қышқашбаевтың жетекшілік етуімен нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Елбасының мақаласында көтерілген ең маңызды тапсырманың бірі – латын әліпбиіне көшу қадамы көпшіліктің назарын аударып отырғаны анық.
Осы орайда Тіл басқармасының ұйымдастыруымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес бірқатар жұмыстар істелді. Айталық, барлық қалалық мекемелерде қоғам қайраткерлері мен білікті лингвист мамандардың қатысуымен ақпараттық күндер өткізіліп, латын әліпбиіне көшудің өзектілігі мен маңыздылығы жайында келелі әңгімелер қозғалды. Сондай-ақ «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбына ұйымдастырылған дөңгелек үстелге үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен этномәдени бірлестік жетекшілері жиналып ойларын ортаға салса, «Рухани жаңғыру тілден басталады» атты семинарға мемлекеттік органдар мен бюджеттік мекемелердің іс жүргізушілері, аудармашылары, кадр қызметкерлері шақырылды.
Тағы бір айта кетерлік дүние – сәуір айынан бастап Астана қаласындағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарында, мектептерде, мектепке дейінгі мекемелердің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушыларына арналған қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша біліктілік арттыру курстары өтіп жатыр. Курстың мақсаты – ғалым-теоретиктер мен практиктердің басын қосып латын жазуына үйретудегі әдіс-тәсілдерді талқылау. Онда А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының профессорлары Ә.Жүнісбеков, А.Фазылжан, С.Демирел атындағы университеттің профессоры Қ.Күдеринова, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Е.Тілешов латын негізді қазақ жазуының емле мәселелері, кірме сөздердің орфографиясы туралы дәріс оқыды. Бұл шаралардың мақсаты – Елбасы көтеріп отырған әліпби туралы мәселе тәуелсіздік жылдарындағы жетіп отырған үлкен нәтиже екенін жұртшылыққа түсіндіру.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының тағы бір өзекті тарауы – таңдаулы жүз оқулықты аудару ұсынысы. Осы орайда Тіл басқармасы тарапынан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын талқылау бойынша ұйымдастырылған дөңгелек үстел отырысы жас ұрпақтың бойына жаһандық ой-сана құндылықтарын сіңіруге ерекше екпін берді. Қазақ тіліне аударылған кітаптардың ішінде әлеуметтану, психология, философия, іскерлік мәселелерге қатысты көптеген дүниелер бар. Негізінен оқулықтардың авторы әлемге әйгілі ғалымдар. Әлемге 34 тілде 44 млн тиражбен тарайды. Қорыта айтқанда, ең таңдаулы, үздік оқулықтар деуге болады. Дөңгелек үстел басында сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Ә.Ахметов «Осы кітаптар негізінде білім саласы реформадан сәтті өтіп шығады деп ойлаймын» деген ақжарма тілегін ақтарса, филолог-ғалым Ш.Ыбыраев: «Ана тілімізге аударылған бұл оқулықтар арқылы біз әлемдік өркениеттің жетістіктеріне бет бұрғанымызды білдіреді, әрі бұл оқулықтар халқымызға еуропаға терезе ашуға мол мүмкіндіктер береді», деді.
Ал «Рухани жаңғыру: Ұлттық бірегейлік-сананы қалыптастыру негізі» ғылыми-тәжірибелік семинар-конференциясы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының бір жылдығына орай өткізілді. Бұл жиында бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар мен игі бастамаларды зерделеу жөнінде ұсыныстар мен пікірлер ортаға тасталып, талқыға түсті. Семинар жұмысына қатысқан ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, ҰҒА академигі, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, академиктер Сейіт Қасқабасов, Ғарифолла Есім, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы сынды ел зиялылары мен жастар ұйымдарының өкілдері Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында атқарылып жатқан ілкімді істерге оң баға берді.
Сонымен қатар «Тіліңді ұмытпа, жас түлек» шарасы мектеп бітіруші түлектерге мемлекеттік тілді дәріптеп, туған тілін ұлықтауға жұмылдыруға септігін тигізсе, «SMART TIL» инновациялық байқауы мемлекеттік тілді дамыту және оның қолданыс аясын кеңейтудегі жаңа әдістер мен технологияларды іздестіріп қана қоймай, инновациялық жобаларды ұсыну арқылы тілді дамытуға жаңа қадамдар жасауға итермелесе, «Туған жер – тұғырың», «Абай әлемі және рухани жаңғыру», «Рухани жаңғыру отбасынан басталады», «Абай – дана, Абай – дара қазақта», «Менің тілім – ұлы дала рухы» атты шаралар да Елбасы саясатын насихаттаудың бір үлгісі болғаны анық.
Биылғы жыл қазақстандықтар үшін мерекеге толы болмақ. Соның бірі – сымбатты да кербез қала Астана шаһарының жиырма жылдығы. Осы орайда, «Астана – тәуелсіз Қазақстанның символы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысында Венгрия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андраш Барани, Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык, Жапониядағы Токушима университетінің профессоры Акитоши Мочизуки, Саратов мемлекеттік университетінің профессоры Андрей Шениндер қатысып, елорда туралы лебіздерін білдірді.
Бейбіт ОСПАН,
Астана