Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтар туралы деректер сайттарға қойылды
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне Ресей Федерациясы қорғаныс ведомствосы Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен соғысқа аттанып, қайтыс болғандар мен хабар-ошарсыз кеткендердің деректерін табыс етті. Бұл дегеніңіз, біздің Отанымызды қорғауда қайтыс болғандар мен хабар-ошарсыз кеткендер үшін лайықты ескерткіш болмақ. Электронды тасымал құралдарында сақталған деректер Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық мұражайындағы және РФ ҚК әскери-мемориалдық орталығының ресми мұрағат құжаттарынан жинақталды. Мәліметтер әскери бөлімдердің орны толмас шығындары туралы хабарламалары мен басқа да мұрағаттық құжаттары негізінде, қара қағаздар мен госпиталь және медсанбат құжаттарынан, кеңес әскери тұтқындарының жеке карточкаларынан, сондай-ақ жерленген кеңес офицерлері мен сарбаздарының төлқұжаттарынан алынды. Деректерде қайтыс болған адамның әскери шені, қай бөлімде қызмет атқарғандығын, қайтыс болған күні мен себебін (мерт болды, жарақаттан қайтты, хабар-ошарсыз кетті) және қай жерге жерленгендігін білуге болады. Ақпараттық анықтамада 587000-нан астам қазақстандықтардың мәліметі бар. Анықтама Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің (mod.gov.kz) ресми сайтына орналастырылған. Майдангер-жауынгерлердің электронды деректерімен танысуға мүмкіндік мол. Электронды мемориал – біздің батыр аталарымыз бен әкелеріміздің ұрпақтарына, барлығымызға қажет. Оксана ПАРПУРА, Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің қызметкері. Суретті түсірген Ермек САРБАСОВ.
•
14 Желтоқсан, 2011
Электронды мемориал
331 рет
көрсетілді