ЭКОНОМИКА
Экономикадағы дағдылы байланыстардың үзілуі, өнеркәсіп кәсіпорындарының тоқтауы мен күйреуі
КСРО ыдырауының соңы экономикада қалыптасқан шаруашылық байланыстардың үзілуіне, өнеркәсіп кәсіпорындарының тоқтауы мен күйреуіне ұласты. 1990-2000 жылдар – бұл Қазақстан экономикасындағы есеңгірету емі мен оның макроэкономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету кезеңі. Ел өнеркәсібі коллапс шегінде тұрды, мыңдаған кәсіпорындар банкрот деп танылды, жүздеген мың жұмысшылар мен инженерлер жұмыссыз және күнкөріске қажетті табыс көзінсіз қалды. 1999 жылы 1990 жылмен салыстырғанда, елдегі өнеркәсіп өндірісі көлемі екі есе дерлік қысқарды. 2000 жылы ахуал біршама жақсарды және физикалық көлем индексі 1990 жылға қарай 58 пайызды құрады. Әкімшіл-әміршіл жүйеден нарық экономикасына көшу қарапайым және ауыртпалықсыз үдеріс бола алмас еді. Бұл жолда өзіміздің де, сондай-ақ сырттан танылған да ашық қателіктерсіз болған жоқ. Мәселен, Ресейде тиісті экономикалық дайындықсыз және ТМД бойынша әріптестермен алдын ала келісілместен басталған бағаны ырықтандыру бүкіл рубль аймағын мейлінше теріс нәтижелерге соқтырды. «Есеңгірету емі» нарық институттары мен тұтқалары пайда болып, тұрақты сипат алмай жатып-ақ бұрынғы шаруашылық тетіктердің бәрін күйретті. Басқаша айтқанда, біз жаңасының құрылысына кіріспей жатып-ақ ескі үй қиратылды.Мемлекет басшысының демократиялық қоғамға және нарық экономикасына көшу проблемалары туралы Қазақ теледидарынан сөйлеген сөзінен.
Алматы, 1992 жылғы 22 қазан.
Машина жасау. 1991 жылға дейін Қазақстанда 1800-дей ірі және орта машина жасау кәсіпорындары болды, қазіргі уақытта олардың саны 1435 кәсіпорынға дейін азайды. Машина жасау саласынан білікті кадрлардың кетуі елеулі түрде орын алды. 2009 жылы аталған салада 81,6 мың адам жұмыс істеді. Ол 1990 жылғы деңгейдің 21,1 пайызын құрайды. Машина жасауда 1993-тен 1999 жылға дейін өндірістің құлдырауы байқалды. Машина жасау өнімдері өндірісінің көлемі 1990 жылдан 1999 жылға дейін 5 еседен астамға төмендеді. Осылайша егер 1990 жылы машина жасау өндірісінің республика ұлттық жалпы өндірісіндегі үлесі 15,9 пайызды құраса, 2004 жылы 3,2 пайыз болды. 2000 жылдан 2003 жылға дейінгі кезеңде құлдырау еңсеріліп, машина жасау өнеркәсібі өндірісінде тұрақты жоғарылау байқалды. Тұңғыш рет Қазақстанда мұнай-газ машинасын жасау саласы құрылды. Машина жасау өнімдерінің өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі үлесі 2010 жылы 3,1 пайызды құрады. Соңғы жылдары машина жасау саласы өндіріс көлемін ұлғайта түсуде, осылайша 2010 жылы физикалық көлем индексі 158,6 пайызды құрады. Жеңіл өнеркәсіп. Аталған өнеркәсіпте 1990-нан 1998 жылға дейін өндіріс көлемі төмендеді. 2000-2002 жылдар арасында жыл сайынғы өсім 21 пайызды құрады. Тек 2005-2009 жылдардың өзінде республиканың өнеркәсіп құрылымындағы саланың үлесі 1,83 пайыздан 0,86 пайызға дейін төмендеді. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың шамамен 80 пайыздайы ескірген жабдықтармен жарақтандырылған болатын, оның өзі өндірілетін өнімнің сапасы мен өзіндік құнына кері әсер етті. Көптеген кәсіпорындардың жүктемесі 30-40 пайызды құрады. Кәсіпорындар рентабельділігі төмендеді, осылайша, тоқыма өнеркәсібінде 2008 жылы ол 9,9 пайызды, тігін өнеркәсібінде – 1,9, аяқ киім өндірісінде 8,8 пайызды құрады. Жеңіл өнеркәсіпті табысты дамыту үшін Қазақстанда қолайлы факторлар мен алғышарттар бар – ОҚО-да жыл сайын 400-450 мың тонна мақта шикізатын жинайды, елдегі табиғи шикізат – мақта талшығы өндірісі (жылына 130-170 мың тонна), жүн (15-20 мың тонна) және 7,5 млн. данадан астам тері шикізаты өндіріледі, табиғи шикізаттан жасалған аталмыш өнімдер мата мен иірілген жіпті, киімді әлемдік тауар рыноктарына экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. 2010 жылдың 1 қаңтарына қарасты елдің жеңіл өнеркәсібінде 1591 кәсіпорын тіркелді. Олардың ішінде 526-сы белсенді жұмыс істейді, 13 700 адам жұмыс істейтін олардың 449-ы шағын, 17-сі ірі және 6-уы орта кәсіпорындар. Химия өнеркәсібі. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында (1991-1998 жылдар) химия өнеркәсібі күрделі кезеңдердің бірін бастан кешті. КСРО-ның ыдырауына байланысты бұрынғы республикалардың кәсіпорындарымен арадағы өндірістік байланыстар үзілді, өткізу рыногы айтарлықтай жоғалтылды, тәжірибелі кадрлар мен еңбек ресурстарының кетуі байқалды. Өнеркәсіп өнімнің жалпы көлеміндегі химия өнеркәсібінің үлесі 1 пайызды құрады. Саланың өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің жалпы көлеміндегі үлесі 3 пайыздан кем. Бүгінде республика ІЖӨ-сіндегі химия өнеркәсібінің үлесі 0,8 пайыздан төмен. Жалпы, қосылған құн салығының бірқалыпты өсуі байқалады, ол орташа 30 076,5 млн. теңгені құрайды. Әлемде өндірілетін 11 млрд. тонна минералдың 250 миллион тоннасы Қазақстанның үлесіне тиеді, оның өзі он бірінші орынды қамтамасыз етіп отыр. Өнімнің 37 түрі бойынша Қазақстан біріншіден он тоғызыншыға дейінгі орынды алады. Соңғы жылдары (2000-2008 жылдар) химия өнеркәсібі көрсеткіштерінің өсуі байқалуда. Кен-металлургия өнеркәсібі. 1996-1997 жылдары кен байыту және металлургия кәсіпорындарын біртұтас технологиялық циклға байланыстырып, түсті және қара металлургияның оң нәтижелерін айқындаған ірі бірлестіктер құрылды, олар: «Қазцинк» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы» ААҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазхром» ҰК және «Испат-Кармет» АҚ. 1997 жылдан бастап кен-металлургия кешені өндірісінде тұрақты өсу байқалады. КМК халық шаруашылығының базалық салаларының бірі болып табылады. Ол елдің макроэкономикалық көрсеткіштерін қалыптастыруға айтарлықтай ықпал етеді. Қазіргі уақытта КМК өз өнімдерінің 95 пайызын экспортқа шығарады. Экспорт көлеміндегі КМК үлесі (тауарлық бағада) 35 пайызды құрайды. Бүтіндей алғанда, 2005 жылы өңдеу өнеркәсібінің өнеркәсіп өндірісінің деңгейі 1995 жылға қарағанда 1,9 есе өсті, ал өнімнің жыл сайынғы өсімі 6,6 пайызды құрады. Ол ең алдымен қара және түсті металлдар, құрылыс материалдарын, тоқыма және тігін бұйымдарын, тамақ өнімдерін, электр және жылу энергиясы өндірісін толық немесе ішінара қайта қалпына келтіруге байланысты болып отыр. 2010 жылы Қазақстанның өнеркәсіп кәсіпорындары 11 756,8 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, өсім 2009 жылмен салыстырғанда 10 пайызды құрады. Өндіріс кен өндіру өнеркәсібінде – 5,3 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 18,4 пайызға өсті. Өнеркәсіп өндірісінің салалық құрылымы мен экономикалық көрсеткіштер соңғы жылдары айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Егер 1990 жылы өңдеу өнеркәсібі республиканың өнеркәсіп өндірісінің көлемі 80 пайыздан астамын, кен өндірісі 10 пайыздан астамын, энергетика саласы 7 пайызын алса, 1995 жылы өңдеу өнеркәсібі 50 пайыздан астамды, кен өндірісі мен энергетика саласы шамамен 25 пайызды, 2005 жылы өңдеу өнеркәсібі 35,8 пайызды, кен өндірісі 58,6 пайызды және энергетика саласы 5,6 пайызды құраса, 2009 жылы өнеркәсіп өндірісінің құрылымы былайша көрініс берді: кен өндіру өнеркәсібі – 62,2 пайыз, өңдеу өнеркәсібі – 33,1 пайыз, энергетика саласы – 6,7 пайыз. *** Өнеркәсіптік инвестор-кәсіпорындардың негізгі капиталына қосылған инвестициялар өнеркәсіп өндірісі өсуінің маңызды факторы болып табылады. Олардың көлемі 2005 жылғы 754 млрд. теңгеге қарағанда 2009 жылы 2196 млрд.теңгеден астамды құрады, соңғы 4 жылда өнеркәсіпке салынған инвестициялар 3 есе дерлік артты. Шикі мұнай мен ілеспе газ өндіру, металлургия өнеркәсібі, электр энергиясын, газ бен суды өндіру және тарату қызметтің капиталды ең көп қажет ететін түрлері болып табылады. Өнеркәсіп саласында 2010 жылы 712,5 мың адам еңбекпен айналысты. Сала қызметкерлерінің еңбекақысы 90 643 теңгені құрады. *** Қазіргі уақытта Қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты экономика мен өндіргіш күштердің дамуында айтарлықтай өзгерістер байқалады. Қазақстан өнеркәсібінің тұрақты дамуы үшін жағдайлар жасалды.