• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Маусым, 2018

Аңсарлы арманнан туған Астана

837 рет
көрсетілді

Ақмоланы мен алғаш 1952 жылы көрдім. Біздің ауыл, туған жеріміз мына Нұра ауданы, соның орта­лығы. Осы арадан 100 ша­қырым жерде. Туғаннан астана­лықпын деуіме болады. Үлкен ағам әскери міндетін теңіз флотында өтеді. Владивостокта. Ол кезде әскерде бес жыл жүреді. Жыл сайын дема­лысқа келіп тұрады. Сонда бірін­ші рет ағайындармен бірге жүк машинасымен келіп, қарсы алғанбыз. 

Шешемнің туған сіңлісі осында тұрды. Ақмоланы ылғи көремін. Бола­шақ астанамен осылай жастайымнан таныс болдым. Ол кездерде мен сегіз жастамын. Ақмолаға келіп жүргенде таңғалғаным – көшеде кешке жанып тұрған шамды алғаш көруім еді. Соның өзі мен сияқты қарапайым ауыл бала­сына керемет әсер еткені есімде. Сөйтіп Ақмоладағы алғашқы әсерім қала кө­шесінде жарқырап жанып тұрған шам болған екен. Кешке жақын қалай жана­ты­нын қызықтап қарап жүретінмін. Ма­ңай жап-жарық. Бір тамаша. Ауылда ондай жоқ қой. Бала көңілге ұялай қалыпты. 

Ал негізі, бұл Ақмоламыз шаң басқан қала болатын. Көшелерінде асфальт аз. Сиыр-ешкілері шарбақтарға сүйкеніп үй-үйдің арасында жүретін. Сондай жұпыны қала еді. Мектепте бірге болған құралыптастарымның көбісі кейін осы жерде оқыды. Мен Қарағанды жақта білім алдым. Әйткенмен, қол үзбедім, ылғи келіп-кетіп жүрдім. 

Одан Целиноград атанды, біршама дамып, көп қабатты үйлер салына бас­тады. Бірақ әрине Қарағандымен салыстыра алмайсың. Аграрлық облыс болғаннан кейін бе, оған қарағанда кіш­кене деңгейі төмендеу болып көрі­нетін. Кейін зауыттар салынып, институттар ашылып, сол кезде көркейе бастады. Целиноград атанған соң жаңадан жақсырақ ғимараттар бой көтерді. 

Сонымен бірге ұлттық құрамы да ерек­ше болатын. Тыңға келгендер, басқа да бұрыннан қалғандар бар, халқын­ың менталитеті де басқашалау, сол­түстіктің табиғатына тартқан – сал­қын­дау. Адам­ға жұғымы жоқ, қат­қыл­дау еді. Бірақ Целиноградтағы сол кез­дегі қызмет істеп жүрген зиялы қауым, әділін айту керек, мықты болды. Қасым Тәукенов сияқты марғасқа азамат­тар облыстың атқару комитетін басқарды. 

Мен сол жылдары ЦК-да Ақмола облысы бойынша инспектор болдым. Қайта құру уақыты. Республиканың бірінші басшысы ауысқанда Орталық комитеттің ұйымдастыру бөлімінде сектор меңгерушісі болып істейтінмін. Қызмет бабымен сапарлап келген са­йын Арқа төсіндегі облысты біраз аралап, қаланың өзінде, аудандарында болып, танысып жүрдім. Әрине басқа облыстарға қарағанда егінді көп егетін, астығы мол, абыройы үстем болатын. 

Одан бұрын Қарағандыда комсомолда істеп жүргенімде Целиноградта «Зональная комсомольская школа» деген болды. Сонда бір ай осында оқыға­ны­мыз бар. Қараша айы. Бұрынғы ескі базар, қазіргі «Астаналық» базардың маңайында бір барақта тұрдық. Суық. Еденнің астынан шылқыған су білініп жатады. Сазды толарсақтан, тобықтан кешіп жүресің. Бұрынғы Ақмоланың сұрқы осындай-ды. Бұдан енді, қандай жақсы әсер қалсын. 

Қараша айында қар түсті. Сол кезде бізді бір ауданға апарды. Ақкөл-Алек­сеевка ғой деймін. Сонда машинамен бара жатсақ, аппақ қардың үстінде комбайндар әлі де егін орып жатты. Егін қардың астында қалған ғой. 

Кейін де бұл жердегі азаматтармен үнемі қарым-қатынаста болып тұрдық. Ол азаматтар аздығына қарамай, намыстарын ешқашан қолдан берген емес. Сол кездерде шыңдалып, тәрбие­ленген азаматтар іс басында жүрді. Ақмола­ның елі мен жері жөнін­дегі таным-түсінігім осылайша ерте қалып­тасты. Жасыратыны жоқ, қандастары­мыздың ішінде кәдімгідей орыстанып кеткендері де аз болмады. Өйткені сол кездерде сондай азаматтар билік тарапынан қолдау тапты. Заман солай болды. 

1990 жылы қазанда «Егемендік туралы» декларация қабылдадық қой. Содан кейінгі Елбасының бір тарихи шешімі – астананы ауыстыру. Сонда бір жолы Нұрсұлтан Әбішұлы маған сынай қарап: «Оралбай, сен қалай, Ақмолаға барасың ба?» деп сұрағанын әлі күнге ұмытпаймын. «Әрине барамын, туған ауылым ғой» деймін мен. Осы ретте Мемлекет басшысы бар­лық шара­ларды қабылдап, орындалуын қалт жібермей қадағалап отырды. Мен онда Президент Әкімшілігінде Аппа­рат басшысының орынбасарымын. Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсырмасымен мекемелерді көшіру мәсе­лелерімен шұғылдануыма тура келді. 

Осы орайда мемлекеттік комиссия құрылып, Фарид Галимов деген құрылысшы іскер азамат соның төраға­сы болды. Мен солармен қоян-қолтық жұмыс істеп, министрліктердің қайсысы қандай ғимаратқа баратынын ақылдасып ойластырдық. Көшердің алдында, 1996 жылы бір жылдай Прези­дент Әкімшілігінің басшысы болдым. Сол тұста Ақмолаға жиірек келіп, ғимараттардың дайындығын бастан-аяқ мұқият тексеріп, аралап жүрдім.

Парламент, Жоғарғы сот қайда отырады, Министрлер кабинеті қай жерге отырады, бәрі бір ғимаратқа сыя ма? Осы жауапты істің тікелей басы-қасында жүру құрметі біздің еншімізге бұйырыпты. 

Осы арада баса айтатын нәрсе, астананы көшіру туралы шешім қабылдануы­ның өзі ерекше жағдай болды. Президенттің тарихи ұсынысын алғашында бәрі бірдей қолдаған жоқ. Жоғарғы Кеңестің үшінші шақырылымы, Әбіш Кекіл­баев төраға. Бір ғажабы сол, мәселенің талқыға салынуы Елбасының туған күнімен сәйкес келді. 1994 жыл. Пікірталас болып, әртүрлі көзқарастар айтылып, біреулер қарсы шықты. Дұрыс түсінгендердің біразы қолдады. Сосын Әбекең де қиналды. Қиын жағдай, Елбасы төрдің төбесінде, ту сыртында отыр. Сөйтсе де сұңғыла ғой. Қиыннан жол тапты. «Құрметті депу­таттар! Бүгін Президентіміздің ту­ған күні. Давайте, сделаем подарок на­ше­му многоуважаемому Елбасы!» де­ген­де зал дүр сілкінді. Депутаттар жай­раң­­дап күліп жатыр. Енді қалай дауыс бер­месін?! Сонымен қолдап жіберді. Дипло­матиялық тапқырлық танытты. 

Биліктің бірінші көші 1997 жылдың қарашасында қозғалды. Мен ол кезде Жоғары тәртіптік кеңестің төраға­сымын. Алғашқы ұшақ­пен 240 адам келдік. Прези­денттің аппараты бар. Бәрі тегіс. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Оралбай, сен басқарып бар» деп тапсырған болатын. 6 қараша күні қасиетті Қараөткел жеріне табанымыз тиді. Келсек, жаңбыр құйып тұр. Облыстың басшысы Жәнібек Кәрібжанов қарсы алды, жанында орынбасарлары бар. Содан шағын аудандағы «Встреча» деген жердегі үш-төрт үйге алып барды. Бұрынғы ескі жобамен салын­ған хрущевкалар. Сол жерде бәрі­міз орналастық. Кешке қонағасы берді. 

Таңертең тұрсақ, далада қар жатыр, терезелерге мұз қатқан. Түнде сабалап жауған жаңбыр қарға айналыпты. Қазір осының бәрі ертегідей өткен шақ. Аста­наның, Арқаның табиғаты бізді осылай қарсы алған болатын. Қай жерге барсаң да қақаған суық. Тамақтанатын орындар да қазіргідей көп емес қой ол кезде. «Ишим» қонақүйінің қасында бір асханамыз болды. Ақмоланың қазақтары қонаққа шақырады. Әйтеуір, қарнымызды ашырмады. Қазақтың меймандостығы, ақ көңілі көтеріп әкетті. 

Бұл өткен кезең ғой енді. Бірақ кезін­де, көштің алдында келдік. Жұмыс істе­дік. Анау «Встречадан» жаяу да келіп жүр­дік. Бір-ақ автобус болды. Арнайы бөлін­ген. Жұмысқа әкеліп тастайды. Ол да бір дәурен еді. 

Президент Әкімшілігі қазіргі Тұңғыш Президент музейінің ғимаратына орналасты. Кабинеттер алдын ала дайындалып қойыл­ды. Ведомстволарға келер болсақ, ең алдымен Ауыл шаруашы­лығы министрлігі көшіп келді. Сосын – Көлік және коммуникациялар министр­лігі. Олар бұрынғы Темір жол басқар­масы­ның ғимаратына жайғасты. Пре­зи­дент Әкімшілігі соған жалғас салынған үйде болды. Қазіргі музей. Күм­безді залда бірінші рет жиналыс өткізілді. Содан кейін жел­тоқсанның басында біз­дің мем­лекеттік рәміздерді алып келді. Қақа­ған аяз. Сонда Елбасымыз рәміз­дерді, Ту мен Елтаңбаны 30 градус­тан аса­тын қатты суықта жеңіл костюммен ғана қарсы алды. Бәрін ресми түрде әке­ліп орын-орнына салтанатты жағдайда қон­дырды. Елбасы кабинетінің жанынан Ту да, Елтаңба да, қол қойылған Ата Заң да өздеріне тиесілі мәртебелі орындарына жайғастырылды. 

Астана көшіп келгеннен кейінгі сол алғашқы айдағы эйфория, шаттық күйі керемет-тін. Жүріп жатқан жұмыстан, жаңа елордада атқарылып жатқан іс-шаралардан ел хабарланып, қалың қауым, қара орман жұрт тілектес болып отырды. Мұның өзі халықты қанат­тан­дырып, баршамызға серпін берді. Қызмет­керлердің бәрі дерлік шын көңілімен, жаңа астананы жанымен қалап келгендер еді. Арасында аязға, басқа қиындыққа шыдай алмай немесе басқа бір себептермен кейін қайтқандар да болды. Бірақ негізгі құрам тезінен қалыптасып, жасампаздықпен жұмыс жасап кетті. 

Өз басымда әуелден-ақ еш­­қан­дай күмән, күдік болған жоқ. Ақмолаға көше­йін деп жат­­қанда тоқсанға келген анам: 

– Әй Оралбай, саған жақсы болды ғой, – дегені. 

– Не жақсы, апа? 

– Е, мен өлсем, мына Алматы­дан, мың шақырым жер­ден апарасың елге жерлеу­ге. Ал ана жер ауылға тиіп тұр ғой. Апарып қоя саласың, – дейді. Сол жарықтық ана­мыз жаңа астанаға келіп, тоқ­сан жыл­дығын үрім-бұтағы осын­да тойладық. Бұл жаңа астана­дағы осындай алғашқы тойлардың бірі болып еді. Бибі­жан анамның тілегі ақ екен, одан кейін тағы сегіз жыл, 98 жасқа дейін өмір сү­ріп, топырақ туған ауылынан, әкеміздің қасынан бұйырды. 

Бірде ұшақпен келе жатырмыз. Елбасы, Ахметжан Есімов және мен. Ахметжан ол кезде Үкімет басшысының бірінші орынбасары. Шай іштік. Нұрсұлтан Әбішұлы Ахметжанға қарата: 

– Мен, жарайды, қайын­жұртыма бара жатырмын. Оралбай өз жұртына бара жатыр. Ә сен қайда барасың? – деп бір қалжың айтып еді. 

Елбасының қалжыңы әр­қашан бірге жүреді. «Жарай­­ды, саған Алатауды сағын­саң, Астананың қасы­нан бір биік мұнара жасап бе­реміз. Соның үстіне шы­ғып қарайсың» дегені бар. Елбасы осылай әдемі әзіл­мен, жан шуағымен небір қиын шақтарда да бәрімізді қанат­тандырып отырды. 

Астананың атын қалай қою мәселесі туындағаны есімде. Біреулер «Қазақстан» қояйық дейді. Біреу тағы басқа ұсыныс айтады. Елбасы сонда тынымсыз ойланып жүрді. Содан кейін осы «Астана» деген атқа тоқтады. Барлық халықтың көңілінен шықты. 

Ал астананы ауыстырудың өзі, жаңа айттым ғой, үлкен тарихи шешім. Мынау Ақмоланың өзі үлкен әңгіме болды. Бұл үшін қаланың өзі­нің отыздан астам пара­метр­лері бар екен. Соған сәйкес болуы керек. Соған ең жақын тұрғаны Ақмола болып шыққан. Кезінде Қарағандыны, Павлодарды көріп, ол кісі де жаңа астананы Ерейментаудың маңайында салам ба деген де ой болды. Бірақ түптің түбінде осы Ақмолаға тоқтады. Бұл енді, қалай болғанда да, жеріміздің кіндігі, еліміздің қақ ортасы. Сосын бұл жерде ең дамыған темір жол болды. Қай жаққа барса да Целиноград арқылы өтеді. Өзі үлкен индустриялық, өндірістік орталықтардың жанында. Мына жағында Павлодар, мына жағында – Қара­ғанды, бір жағында – Қос­танай, Көкшетау, Сол­түстік Қазақстан. Ең тиімді, оңтайлы шешім осы болғанын өмір көрсетті. 

Мен ылғи айтам: Мемлекет басшысы осы арқылы бір белгі берді халыққа. Астананы ауыс­тыруымен енді кейін қай­татын жол жоқтығын мең­зеді. Мүлдем жаңаша өмір бастайтынымызды бейнелі түрде айтты. Астана шынында да бәріміздің дамуымыздың, ілгері басуымыздың, рухымызды асқақтатудың локо­мотиві болады деді. Расын­да да солай болды. Ол экономикалық дағдарыстың кезі, одан кейін 2008 жылғы дағдарыс. Соған қарамастан, осында құрылыс бастау үшін Елбасы инвес­торлар жинады. Өзі шетелге, мұсылман елдеріне, Еуро­паға жиі баратын. Бәрін үгіттеп жүріп, көз­дерін жеткізіп, мил­лиардтаған қаржы­ның бетін бері бұрды. Соның бәрін аз жыл­да жарқырап шыққан жаңа астана­ға салды ғой.

Қандай ғимараттар! Бір ерекше жаңа қала пайда болды. Осы ХХІ ғасырға сай дараланған Астана бой көтерді. Осын­да халықаралық жиындар, форумдар өткізіле бастады. Тұсаукесер жиын Кон­гресс-Холда өтті. Бірінші жиын. Орта­лық Азияның, өзіміздің бауырлас рес­пуб­ли­калардың, Ресейдің басшылары кел­ді. Елбасы баяндама жасады. Астана ха­лық­­ара­лық дәрежеде мойындала бастады. 

Астананы, Қазақстанды таныту үшін Елбасымыз көп еңбектенді. Ол кезде бізді аса көп біле қоймайды. Советтің құрамында болғасын солай ғой. Осы ретте Мемлекет басшысы тынымсыз жұмыс істеді. Ондаған елдерде болып сөз сөйледі, іскер топтармен кездесті. Американың бір университетінде сұрайтын көрінеді: «Қазақстанда электр бар ма?» деп. Елбасы сонда: «Бізде электр түгілі, түйе де бар деп» жауап беріпті. 

Иә, сондай да болған. Одан бері бірқыдыру уақыт өтті. Астанамыз көркейді. Қазір көрсең, осы қалада тұрғаның үшін бақытты адам деп есептейсің өзіңді. Есілдің жағасымен сейілдеп жазда жүрген кезде, көктемнің соңында жусанның иісі даладан лекітіп соққан желмен мұрын жарады. Керемет! 

Елбасымыз Астананы ерекше жігермен, құлшыныспен салды. Былайша айтқанда, ол кісінің өзінің ойынан, қиялынан шыққан, аңсарлы арманынан туған қала ғой. Әрбір салынған ғимарат солай. Мен талай жобалардың дүниеге қалай келгенінің куәсімін. Көшелер қалай түзіледі. Үйлер қандай болып бой көтереді – шынымен де Астананың бас сәулетшісі Елбасының өзі болды. 

Қала салу үшін конкурс жарияланды емес пе?! Жапон­ның сәулетшісін әкелді. Бірін­ші орынды сол алды. Фостер деген атақты ағылшын архитекторын шақыр­тып, қазіргі «Хан Шатыр», біздің Пира­мида, Тәуелсіздік сарайы – бәрі сол кісінің жобаларымен салын­ған. Астанамыздың көркі, көзіміздің қуанышы болып тұр. Шынында да, аса біре­гей сәулет туындылары. Еш­кім таңырқамай кетпейді. Нұрсұлтан Әбішұлы осындай жоба­ларды өмірге келтіру арқы­лы жаңашылдықты, келе­шекті нұсқағандай. Жаңа қаланы көріп қазағымыз­дың ой-санасы да жаңа­рып өзгеруде. 

Сенат Төрағасы болып жүргенімде Астанада бірінші халықаралық конференция өткіздік. Ол кезде БҰҰ ДБ болды, көмектесті. Сингапурдан, Малайзиядан, Еуропадан ылғи ректорларды шақырдық. Парламенттің дөңгелек залында өткіздік. Елбасы құттықтау жолдады. Бұл – 1999 жыл. Конферен­ция материалдарын кітап етіп шығардық. 

Сенатта жүргенде қан­шама заңдар қабылдадық. Сол кездегі Парламентіміз ерек­ше болатын. Барлық депу­таттардың ұсыныстары тіркелетін. Жеке-жеке жа­уабы беріліп, жалпы оты­рыс­­қа шығарылатын. Астана­ның көркеюі, қаражат бөлуі осы заңдар арқылы өтті ғой. Инвестиция салы­нып басталғанымен, қала бюд­жетсіз дамымайтыны белгілі. Осындай қамқорлықтың арқа­сында қазір Астананың өзі донор болып, республикалық бюджетке өзінің сүбелі үлесін қосуда. Бұл көбіне-көп орта және шағын бизнестің дамуына байланысты мүмкін болып отыр. Көптеген халыққа қызмет көрсету мекемелері пайда болды. Сол жылдары Астананың мәртебесі туралы заңдар қабылданды. Еркін экономикалық аймақ құрып, қаланы салып жатқан мердігерлерге, инвесторларға жеңілдіктер қарастырылды. Бұл аймақ әлі күнге дейін бар. Міне, Астананың көркеюіне осы жағдайдың көп септік-шарапаты тигені анық.

Әрине елордамыз бұл күнде ғажап қалаға айналды. Осында халықаралық деңгейдегі қаншама үлкен жиындар өтті. 2010 жыл­ғы ЕҚЫҰ саммиті, қазіргі мына Сирияға байланысты келіссөздер, дәстүрлі діндер басшыларының жиындары, ЭКСПО – осылар арқылы Астана әлемге танылуда. Азиада мен Универсиада сынды халықаралық спорт жарыс­тары. Соның бәрі Астананы асқақтата түсті. 

СПА дейді, фитнес-клубтар, саламатты өмір салты. Спортпен айналысу. Әрбір аулада – футбол алаңы, жат­тығу жасайтын спорт жабдық­тары. Соған қазір Үкімет те, жекеменшік те көп көңіл бөлуде. Болашағымыз – саламаттылықта. Елде өмір сүрудің орташа ұзақтығы 75,5 жасқа дейін жетті. Астана осының, жалпы мәдениеттің көш басында келеді. Солай болуы керек. Мұнда келген адамдар, әсіресе дамыған елдерден, Еуропадан келгендер өздерін судағы балықтай сезінуі керек. Осы тұрғыда көп жұмыстар жасалып жатыр. Әлі де жасалады. Бұл ретте Елбасының қойып отырған талаптары өте жоғары.

Астананың 20 жылдық мерейлі тойы да келіп қалды. Қалада соған орай көп жұмыстар атқарылуда. Қарасаңыз, әлемнің өнер жұлдыздарының жиі келетін жеріне, түркі дүниесінің орталығына айналып келеді. Салт-дәстүрлік түркілік фес­тивальдер осында өтуде. Биыл мерекенің ауқымы жылдағыдан да кең болады деп ойлаймыз. Бұл да қала мәдениеті мен өнерінің дамуына серпін бермек. Бұрын қазақ театры болған жоқ еді. Енді астанамызда ұлттық мәдениетіміз, ұлттық өнеріміз өрлеу үстінде.

Өзім де Астананың арда­герімін. Балаларым түгел осында, жұмыс істеп жатыр. Осында өсіп-өнудеміз. Өзімнің сүйікті қалам. Осы қаланың патриотымын. Немерелерге дейін солай тәрбиелеудеміз. Осы жақында жұмыс орныма аяңдап келе жатсам, анасымен келе жатқан бір бала «Бәйтеректі» көріп қалды да, қуанып кетіп: «Бәйтерек»! Әне, «Бәйтерек» деп айқай салды. Соған біртүрлі ішім жылып, елжіредім. Астанамыз – болашақ ұрпағымыздың да мәңгілік алтын бесігі бола бергей деп тіледім.

Астанамыз алтын тұғырға айналға­нына сүйінеміз. Қазір бізге қазақтың бірлігі керек. Елбасы жалғыз қазақтың ғана емес, осында тұратын барлық ұлт­тар­дың өздерін қазақ­стандықпын, одан әрі қазақ­пын деп сезінуін қалайды. Болашақта осылай болады деп ойлаймын. Басқа ұлт өкілдері де: «Қазақ мем­ле­кеті менің елім. Мен қазақтың ішіндемін» деп тілек біріктірсе, тұғырымыз беки түспек.

Астана әлі де дамуы, бұдан да көркеюі керек, қазіргіден де жақсармағы ләзім. «Ақылды қала» деген бағдарлама бар. Осыған кірісіп жатқанына да іштей қуанамын. Мысалы, мен Швейцарияда бол­ғанда аялдамадағы тақтада қай автобус­тың қанша минуттан кейін келетіні алақандағыдай көрініп тұр. Осындай нәрселер бізде де болса, қандай ғанибет. Сондай әр тараптағы жақ­сы талпыныс­тар біздің елордамызда да бар екендігі құптарлық.

Әрбір астаналық «Менің қалам, сүйікті қалам» деп сезініп, Астананың патриоты болғаны жөн. Астананың көркеюіне, жақсылығына, таза болмағына атсалысқаны абзал. Міне, сондай деңгейге жетсек, барлық астаналықтар солай ойласа, ең ғажабы сол болмақ. Астананың ғана емес, астаналықтардың да деңгейін, ой өрісін көтеру талабы өте өзекті. Бұл – рухани жаңғыру аясындағы міндет.

Осыдан он жыл бұрын Елбасы Астана­ның 10 жыл­дығына байланысты ғой деймін, жиналыс өткізіп жатты. Астана қаласының бас­шылығына: «Біз бұрын­ғы целиноградтықтарды Астана­ның деңгейіне жеткіземіз деп жүрсек, сендер немене, өздерің целиноградтық болып кеткендерің?» деп ұялтып еді. Біле білсек, Нұрсұлтан Әбішұлының бұл сөздерінде үлкен де астарлы мән-мағына жатыр. Ол жай айтыла салған сөз емес. Басшылыққа алатын ұлағатты қағида. Астаналықтардың мінез-құлқы, білім-білігі, жүріс-тұрысы, мәдениеті, күллі болмысы астаналық деген атақ, мәртебеге сай болуы тиіс. Астана орайындағы Елба­сы­ның талабы да, тілегі де осы. Соған сай болмағымыз ләзім. Өз басым Елбасының соңына еріп Астананың көркеюіне қай­рат­кер ретінде үлес қостым. Астанада өмір кешіп жатқаныма адам ретінде бақыттымын.

Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері