Жазғы демалысқа шыққан бала атаулының көңілін аулайтын, уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жасайтын орындар жетерлік. Солардың бірі де бірегейі зоосаябақ болып тұр. Елімізде 3 зоосаябақ болса, соның бірі Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан.
Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағын жаңғырту мақсатында қайта құру жұмыстары жүргізіліп, күні кеше «Африка» аймағы ашылды. Жалпы, «Африка» зоологиялық аймағының құрылыс жұмысы өткен жылдың сәуір айында басталған. Жоба құны – 627 114 000 теңге. Бұл жақта кеміргіштер, сирақты құстар, жыртқыш мысықтар мен бауырымен жорғалаушылар – африкалық саваннада мекендейтін жануарлар үшін 8 тұрақ салынған. Вольерге жақын жерге сусиыр орналасқан. Табиғатқа мейлінше жақындастырылып жасалған аймақ жануарлар үшін ыңғайлы. Павильондар ашық табиғи ортаға бейімделген. Зообақ директоры Нұрғазы Бұхарбаевтың айтуынша, «Африка» аймағы еліміз тұрмақ, ТМД елдерінде жоқ жоба.
Айта кетейік, Шымкент зообағы сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жан-жануарларды сақтап, оларды көбейту мақсатында 1980 жылы құрылған. Ол кезде зообақта 75 түрлі аң болса, бүгінде 249 түрлі 2 565 жануарға жеткен. Жалпы аумағы – 29 гектар, оның 19 гектары түрлі экспозицияға арналған саябақтағы «Африка» аймағының ашылуына байланысты жан-жануарлармен толықтыру мақсатында «Еуразия» құрамындағы зообақтардан аңдарға тағы сұраныс берілген. Яғни аң түрлерінің саны тағы да артпақ. Сондай-ақ мұнда келушілер саны да жыл сайын арта түсуде. Мысалы, 2017 жылы келушілер саны 426 мыңға жетсе, осы жылдың 3 айында 60 мыңнан астам адам келген. Айтпақшы елорданың 20 жылдығына Шымкент қаласының тұрғындары атынан Астана қаласына жануардың 20 түрі жеткізілмек. Нақтырақ айтсақ, елордаға Шымкенттен арыстан, Амур жолбарысы, пума, қоңыр аю секілді жыртқыштар мен кезқұйрық, тілеміш, тазқара, үкі құстары және басқа да жануарлар тарту етілмек.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы