Әлемдік білім беру кеңістігіне кіруге бағытталған жаңа білім беру жүйесі мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеді. Шыны керек, қазіргі мектеп оқушыларының психологиясын, жалпы дүниетанымын он-жиырма жыл бұрынғы балалармен салыстыруға келмейді.
Жаңа ғасырдың перзенттері заманға сай технологияларды тез меңгеруге қабілетті. Қиын тапсырмалардың өзіне зерделілік танытады. Алайда бастауыш сыныпқа енді қабылданған балалардың бір-бірлеріне, мектеп талабына үйреніп кетуіне біраз уақыт керек. Екі жыл бұрын қабылдаған сыныбымда осындай жағдай болды. Оқушылардың бәрі дерлік озат, оқу үлгерімдері жақсы. Сабақтан бос уақыттарында үйірмелерге қатысады. Бірақ қайда болса да бірігіп емес, жеке барғанды қалайды. Бір-бірімен пікір алмасу, бірігіп талдау кезінде қиналады. Ортамен қарым-қатынас жасау жағы дамымаған. Ұстаз ретінде бұл жағдай мені ойлантпай қоймады.
Оқушылардың бір ұжым болып қалыптасуы үшін не істеуім керек? Сабақ беріп тұрған кезде де осы мәселеге назар аударатынмын. Балаларды бір-бірін сыйлауға, тыңдауға, көмектесуге баулу басты мақсатыма айналды. Ізденулерім нәтижесіз қалмады. RWCT бағдарламасы арқылы сұрақтарыма жауап таптым. Бұл бағдарлама мені қызықтырды, оқушыларыма да өзгеріс ене бастады. Cабақтың мазмұнына байланысты стратегияларды үнемі пайдаланып отырдым.Оқушылардың пәнге деген қызығушылығы және топпен жұмыс істеу арқылы ұйымшылдығы арта түсті. Сабақ барысында ұйымдасып, пайдалы іспен шұғылдану арқасында ұжым қалыптаса бастады. Оқушылардың өзара қарым-қатынасы, олардың бірлесіп атқаратын істері мен мақсат-мүдделерінің бір арнаға тоғысуы мені қуантады.
Биыл бұл оқушылар төртінші сыныпта оқиды. Оқу жылының басында сыныпқа жаңа оқушылар келді. Бір қызығы, олар ортаға тез бейімделіп кетті. Қалыптасып қалған ұжым ешкімді шеттетпеді. Тек Марат есімді оқушы ғана тіл табысуда біраз қиналды. Мінезі тұйық, білгенін басқалармен бөліспейді, өзіне сенімсіз. Оқушымды бұл жағдайдан шығарғым келіп, тағы да RWCT бағдарламасына сүйендім. «Дауыс пен Көрініс» журналынан Саллидің «Білімді сұрақ ретінде беру, сұрақ арқылы білім алу» атты мақаласын қайта-қайта оқитынмын. Мақаладағы Кристің «Сұрақ сабағы циклін» қолдануы мені қызықтырды. Сұрақ сабағын енгізу – мұғалімнің дәнекерлік рөлін қолдайтын үдеріс. Дәнекердің рөлі білім мен баланың қабілетінің, тапсырманың қажеттігі немесе оқытылып отырған әрекеттің арасындағы көпір тәріздес. Л.С.Выготский мұны баланың өсіліп-жетілу аймағында болатын жұмыс деп атайды. Баланың шын мәніндегі жетілу деңгейі проблеманы өз күшімен шешуі арқылы анықталады. «Сұрақ сабағы» циклін өз тәжірибемде қолдана отырып, Маратты бақылауда ұстадым. Оның кіммен әңгімелескенін, қандай сұрақ қойғанын үнемі жазып отырдым. Алғашында «Әдебиеттік оқу» сабағына қатысты номенклатуралық сұрақтарды қойып жүрді. Абайдың қара сөзінің мағынасы, өлеңді қара сөзге қалай аударуға болады? Бұл сұрақтарды қою барысында ол жолдастарынан жауап алатын болды, сыныптастарының сұрақтарына ойланып, жауап іздей бастады. Достарымен ортақ мәселені шешуде қарым-қатынас орныға түсті. Мен Мараттың сұрақ қойған кезінде көзінен ұшқын атып, өзіне деген сенімділігі орныға бастағанын байқадым.
Бірде «Дүниетану» сабағында «Ғарыш туралы алғашқы түсінік» тақырыбын оқыдық. Бұл сабақта Мараттың сұрағы күрделене түсті. Ол сыныптастарына «Күн жүйесінің құрамына қандай аспан денелері кіреді?» деген сұрақ қойды. Күтпеген сұраққа оқушылар жауап іздей бастады. Мен Мараттан досына көмектесуді сұрадым. Ол өзі оқыған кітаптардан, ақпараттар мен деректерден мәліметтер берді. Бірде сабақ соңында бір топ оқушымен өз өлкесінің экологиялық жағдайын айтып әңгімелесіп отырғанын көрдім. Қоршаған орта проблемаларын шешуге қалыптастыру мақсатында Маратқа тақырыптан тыс тапсырмалар беріп отырдым. Мектеп көлемінде өтетін «Ғылымға қадам» атты конференцияға өз өтінішімен дайындала бастады. «Ластанған ауаның Батыс Қазақстан халқының денсаулығына зияны» деген тақырыптағы ғылыми ізденіс жұмысына ол бар ынтасымен дайындалғаны ұстаз ретінде мерейімді өсірді. Кітапханаға барды, қала экологтерімен кездесті, аурухана дәрігерлерінен сұхбат алды, мұғалімдермен ой бөлісті. Осы кезде де RWCT бағдарламасына сүйеніп бағыт беріп отырдым. Тақырып таңдау, интервью алу, нобайын жазу, қайта өңдеу стратегиялары оқушының ізденіс жұмысын әрлендіріп, оның құлшынысын арттыра түсті. Нәтижесінде конференцияда Мараттың ізденіс жұмысы жоғары бағаланды. Конференцияға қатысқан оқушылар мен мұғалімдер бұл жұмысты шараның қалалық кезеңіне ұсынды. Кейін тіпті республикалық «Ғылыми жоба» зерттеу жұмысы сайысында бірінші орынға ие болды. Бұл Мараттың жетістігі және ғылымға жасаған алғашқы қадамы еді. Бір кездегі үндемейтін, өзімен өзі томаға тұйық қана жүретін оқушымның қазір сабаққа, айналасына деген көзқарасы өзгергенін көру маған қуаныш сыйлады. Мұндай мысалдар аз емес.
Айтқым келгені, жаңа педагогикалық технологияларды қолдану арқылы керемет көрсеткіштерге қол жеткізуге болады. Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасы оқушының білімге деген құштарлығын арттырып қана қоймай, өздігінен ізденуге мүмкіндік береді. Ал мұғалім үшін зерделі шәкіртінің жеңісінен артық қандай қуаныш бар?
Эльмира ЕСМҰҚАНОВА,
ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия мұғалімі
АТЫРАУ