Осы мақаланы жазуыма академик Төрегелді Шарманұлының басылымдардың біріне берген «Қартаймай ұзақ жасауға бола ма?» атты сұхбаты түрткі болды.
Бүгінде адамзат денсаулығына әлемдік деңгейде алаңдаушылық туып отыр. Денсаулық сақтау ұйымының деректерi, адам денсаулығының 50 пайызы, яғни көптеген жұқпалы емес созылмалы аурулардың (жүрек-қан тамыр жүйелерiнiң аурулары, қант диабетi және басқалар) белең алуы күнделікті өмiр сүру салтымен тығыз байланысты екендігін растайды.
Осы тұста АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының 2014 жылы 223 ел бойынша жүргізген рейтингіндегі мына мәліметтерге назар салып көрейік. Көш басында тұрған Монакода орташа жас ұзақтығы 89,57 жыл. Одан кейінгі орындарда – Макао (84,48 жас), Жапония (84,46 жас) тұр. Сингапур, Сан-Марино, Гонконг, Андорра, Швейцария, Гернси мен Аустралия да алғашқы ондықта. Ал 150-орыннан көрінген Қазақстандағы халықтың орташа өмір сүру жасы 70,24 жас. Бұл тізімде Қазақстан Ресей, Қырғызстан, Украина, Моңғолия, Тәжікстан елдерінен озық тұр. Ал Әзербайжан (71,9 жас), Беларусь (72,2 жас), Өзбекстан (73, 3 жас), Армения (74,1 жас) мен Грузия (75,7 жас) ілгері орындарды иеленіпті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, Жапонияда соғыстан кейінгі жылдарда әйелдердің орташа жасы – 87, ал ерлердің орташа жасы 82 жасты құраған. Жүз жастан асқан адамдардың саны 5 мыңнан асады.
Қазiргi таңда Қазақстанда егде жастағы адамдар халық санының 7,7%-дан астамын құрайды. Бiрiккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының болжамы бойынша, таяу жылдары бұл көрсеткіш 11%-ға артуы мүмкін. Бұл үшін медициналық көмек көрсетудi жақсарту мақсатында герантологиялық жүйе құру қажеттілігі туындайды.
Осы орайда мына бір мәліметтер назар аударуды қажет етеді. Әлемдегі ең ұзақ өмір сүрген адам Ли Цинъюнъ 1677 жылы дүниеге келіп, 256 жас жасаған. Тоғыз патшалықты басынан өткерген ол 1777 жылы 100 жасында «Қытай медицинасындағы ерен еңбегі үшін» орденіне ие болған. Жиырма әйелмен отасқан қарт ішімдік, темекімен әуестенбеген. Шай ішпеген, мезгілінде әрі жеңіл тамақтанған. Үнемі етсіз тамақтар және жеміс-жидекпен, шөп шаймен қоректенген. Көңілді жүруге тырысқан. Ерте ұйықтап, ерте тұрған. Көзін жұмып, екі қолын тізесіне қойып алып, бірнеше сағат қозғалмай, отырып ұйықтаған. 1933 жылы кәріліктен қайтыс болды. Ал 209 жасқа келген Ұлыбритания тұрғыны 12 патшалықты басынан өткізгендігі мәлім.
Мұндай деректер елімізде де кездеседі. Ұзақ жасаған Фатима Қайранова – Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданының тумасы. Жасы 121-де. Түрік ұлтының өкілі, үш ғасырдың куәгері Фатима Қайранованың пайымынша, татулық, бірлік бар жерде жүйке тыныш, көңіл тоқ. Ағайынымен, көршілерімен тату. 15 немере, 33 шөбере, 30 шөпшек, 3 немене сүйген қарт әженің немере келіні «Осы уақытқа дейін үлкен енем денсаулығына байланысты шағым айтқан емес. Әжемнің ұзақ уақыт жасауының сыры сабырлылығы мен еңбекқорлығында», дейді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының тұрғыны 120 жастағы Ұлбала Бейсенова шайдың орнына қара су ішкенді жөн көреді екен. Ал қазақтың қымызы мен шұбаты – күнделікті тағамы.
Мысалдардан көріп отырғанымыздай, адам денсаулығының кепілі – дұрыс тамақтану, таза ауада серуендеу, көтеріңкі көңіл күй.
Ал тамақтану барысында мына жайттарды естен шығармаған жөн. Қайнаған суды ұзақ уақыт, яғни екі-үш күнге сақтауға болмайды. Мұндай жағдайда су құрамында нитрозил қышқылы пайда болады. Оның бас айналу, көз қарауыту, жүрек айну сияқты кері әсері болады.
Жапондықтардың зерттеуі бойынша күніне төрт кесе көк шай ішу қатерлі ісіктің алдын алуға ықпал етеді. Кешкі тамақтан соң төменгі сортты шаймен ауызды шайқап тұру қажет, ол тісті бекемдеп, бактерияларды жояды. Шай полифенолы қанның май құрамын жойып, артериалды қан қысымын тұрақтандырып, қант диабетінің алдын алады. Қартаюды тежейді. Сондай-ақ тотықтануға (антиоксидант) қарсы тұрып, инфарктің алдын алуға ықпал етеді. Сұйық тағамға көк шаймен қатар қызыл шарап (жүзім шарабы), бұршақ шырыны, айран, сүйек сорпасы, саңырауқұлақ сорпасы да жатады.
Сонымен қатар дәнді-дақылдар, бұршақ тектес өсімдіктер мен көкөністердің де денсаулыққа пайдасы зор. Мысалға жүгеріні алайық. Оның құрамында көп мөлшерде фосфатидилхолин бар, тамырдың қатаюынан, қан қысымының жоғарылауынан сақтайды. Ал қарақұмық линолен қышқылынан тұратындықтан, қан қысымы мен қан құрамын реттеп, қантты төмендетеді, құрамындағы 18% целлюлоза асқазан-ішек жолдарының қатерлі ісігінен сақтайды. Сондай-ақ түйнек жемістілерді тағамға пайдалану (ақ алқа, картоп сияқтылар) су құрамын сіңіріп, іш қатудан сақтайды. Ал сұлы, тары, күнжіт тағамды жақсы сіңіреді. Сұлы холестеринді, триглицеридті төмендетіп, қант диабетінің алдын алады. Тары ұйқысыздықты болдырмайды. Күнжіттің құрамында темір мол болады.
Бұршақ тектестер ішінде соя бұршағының құрамындағы изофлавон миды қуаттандырады, холестеринді түсіреді, қан тамырының қатаюын тежейді, қан қысымын түсіреді, қатерлі ісіктің алдын алуға, ауырсынуға әсер етіп, сүйекті қатайтып, иммунитетті күшейтеді. Ал дәмдеуіштерді шамадан тыс қолдану (натрий глутаматын) қатерлі ісікке апарады. Оның кері әсері қуырған кезде пайда болады. Он грамнан артық қолданса, жыныс жасушаларына теріс әсер етеді. Жүктілік кезінде шамадан тыс пайдалану іштегі баланың дұрыс жетілмеуіне (кемтар, қоянжырық, жүрек ақауы, миының толық жетілмеуіне) апарып соғады. Тез дайындалатын кеспенің құрамында шіруге қарсы дәрі және күнбағыс дәні бар, ал күнбағыс дәнінде қанықпаған май қышқылы болады, ол бауырдың қызметіне теріс әсер етіп, семіруге соқтырады.
Қырық жастан асқан адамдарға саумалдықты (шпинат) тұтынуға болмайды. Себебі құрамындағы алгинин қышқылды мырышқа айналып қуатты, кальциймен қосылған кезде ағзадағы кальцийді төмендетеді. Майшүйке құрамында хлор болғандықтан, бүйректі, ми жасушаларын зақымдап, есте сақтау қабілетіне теріс әсер етеді.
Көкөністерден сәбізді жиі пайдаланған жөн. Құрамында A витамині бар көкөніс тұмаудың, қатерлі ісіктің алдын алады, ауырмайды, сонымен қатар теріні, шашты және кілегей қабатты ажарландырады. Асқабақ (ақ қабықтысы) β клеткаларын тітіркендіріп, инсулин түзеді. Үнемі асқабақ жеген адам қант диабетімен ауырмайды. Ащы қияр құрамында инсулин болғандықтан, оны тұрақты жесе, қант диабетінен сақтандырады. Қызанақ жатыр мойны, аналық безі, қуық және қуық түбі безі, ұйқы безі қатерлі ісігінің алдын алады. Есте ұстайтын жайт, қызанақты жылытып жеу керек. Сарымсақты жапырақтап турап, 15 минуттан кейін жеген дұрыс.
Ғалымдардың пікірінше, ең жақсы әдіс – тамақ алдында сорпа ішу. Өйткені тамақ алдында сорпа ішсеңіз, тәбет үш есеге азаяды. Мөлшерден тыс тамақтану да адам өміріне зиян. Ал қант пен тұзды орнымен пайдаланған жөн.
Оттегімен қимылдаудың ағзаға пайдалы екенін баршамызға аян. Алайда көпшілік оттегімен тыныстау оттекті ортада қимылдау деп есептейді. Ағза оттегімен біркелкі қоректенгенде денедегі тін, мүшелер жұмысы жақсарады. Одан адам денесінің төзімділігі, күші артып, жүрек, өкпе қуатын күшейтеді. Оттегімен қимылдау әрекетіне (15-60 минут) баяу жүру, суда жүзу, велосипед тебу, жаяу жүру, бір орнында қозғалмай жүгіру жатады. Ұзақ уақыт оттегімен қимылдау денедегі қызыл қан түйіршігінің (эритроцит) санын көбейтеді, қартаюдың алдын алып, мидың жұмыс істеу қуатын арттырады. Салмақ тастаушылар тамақтану мен оттегімен қимылдауды дұрыс ұштастыра білсе, арықтау нәтижелі болады.
Оттегі жетіспеушілігі байқалғанда ағзада сүт қышқылы артып кетеді. Адамдағы дене сұйықтығының көрсеткіші Ph-7,4-ке тең. Ағзаның уланатын себебі, көп мөлшердегі этил спирті, сірке қышқылы және сүт қышқылы дене сұйықтығын қышқылдандырып жібереді. Мұның асқынған түрі тіпті өлімге соқтырады. Оттегісіз қимылдау жүректі зақымдаумен қатар, денедегі зат алмасуға да кедергі жасайды. Сондықтан ағзадағы оттегіні сақтау үшін дене қимылын жасау қажет.
Соңғы жылдарда дені сау адамдардың кенеттен қайтыс болуы жиі орын алуда. Бұл күнделікті қарапайым қағидаларды дұрыс орындамаудың салдарымен байланысты. Саламатты өмір салтын ұстанумен қатар, ұйқыдан оянған сәтте төсектен дереу тұрып кетпей, бір минуттай әрі-бері аунап жату керек. Төсектен тұрғаннан кейін, кереуетте екі аяғын төмен қарай салбыратып, жарты минут отыру қажет. Оянғаннан кейін жылдам қозғалысқа көшу үшін үш минуттай дайындық жасаған абзал. Ал одан кейін жарты сағат шынығу қажет. Жүгіру, түсте жарты сағат ұйықтау, кешкі сағат 6 мен 7 аралығында баяу жүріспен жарты сағат серуендеу жүректің өліеттенуі мен қан қысымының жоғарылауын барынша азайтады.
Біз осындай қарапайым нәрселерге көңіл бөлмеудің салдарынан ауруға шалдығатынымызды ескере бермейміз. Денсаулықты сақтап, ұзақ жасау үшін ғылым мен техникаға, дәрі-дәрмекке иек арта беруге болмайды. Ең жақсы емші – адамның өзі. Ең жақсы дәрі – уақыт. Ең жақсы көңіл-күй – тыныштық. Ең жақсы әрекет – жаяу жүру. Ал қоғаммен психологиялық үйлесім табу әр адамның өзінің еншісінде.
Мақсат ӘБДІҚАДЫРҰЛЫ,
Шығыс-Тибет медицинасының жоғары санатты дәрігері