Екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан рота командирі, капитан Қайырқожа Әбутәліпов жерленген Эстонияның Нарва ауданындағы Андрасаре деревнясының маңындағы бауырластар зиратынан әкелінген капсула жауынгердің өз туған жері Қарашілік ауылындағы ата-баба қорымына қойылды. Отаны үшін жанын пида еткен боздаққа әскери құрмет көрсетілді.
Аудан әкімі Мереке Мұстафин өз сөзінде бұл шараның маңыздылығына тоқталып, алты мыңға жуық зеренділік соғыс ардагерлерінің ерлігі елге мұра, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екенін атап өтті. Бұдан кейін облыстық қорғаныс істері департаментінің бастығы Руслан Қасымов пен «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Жанат Ережепов жүрекжарды сөздерін айтып, марқұм майдангерге арналған «Қызыл әскердің құрылғанына 100 жыл» мерейтойлық медалін майдангердің інісі Айдос Әбутәліповке табыс етті.
– Қайырқожа Әбутәліпов 1923 жылы Қарашілік ауылында туған. Отызыншы жылдары Қарашілік пен Ортағаш ауылдары «Сталин» ұжымшарының құрамында болды. Дүниені дүр сілкіндірген соғыс басталғанда осы екі ауылдың жетпіске жуық азаматымен бірге 1899 жылы туған әкеміз Әбутәліп Досмағамбетұлы соғысқа аттанып, майданда мерт болды. Қайырқожа Әбутәліпов жастайынан ұжымшардың бас бухгалтері, кейін басқарма төрағасы қызметін атқарды. Оттай жанып тұрған өжет әрі сом денелі жігіт 1942 жылы қолына қару алып, Отанын қорғауға аттанды. Соғысқа кетерде інісі Көкіні бауырына басып, оның әкесінің орнын басатынын, өзінің орнына Айдос қалатынын айтып кетіпті. Ағатайым Волхов майданындағы 286-атқыштар дивизиясының 986-атқыштар полкінің 5-атқыштар ротасы құрамында соғысты. Қиян-кескі ұрыста шейіт болған бауырымыздың тағдыры жөнінде бертінге дейін хабарсыз болдық. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен және «Ерлігі үшін», «Майдандағы қызметі үшін» медальдарымен марапатталған, – деді боздақтың інісі Айдос Әбутәліпов өз сөзінде.
Ақмола облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Алтын Айдосқызы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің «1941-1945 жылдары болған Ұлы Отан соғысындағы халықтың ерлігі» атты (Құжаттардың электрондық банкінен) ақпараттық ресурсынан, Ұлы Отан соғысындағы ерлік пен марапат жөніндегі әскери мұрағаттағы құжаттардан ағасының ерлігі жөнінде мәлімет алған. Онда 1943 жылдың 19 наурызында қорғаныстың алдыңғы шебін бұзу кезінде Қайырқожа Әбутәліпов қарша бораған оқтың астымен алға жылжып, өз ротасын шабуылға көтерді делінген. Жаудың қорғанысына бірінші болып кірген жас сардар екі фашист офицерін тұтқынға алып, полк штабына жеткізуді ұйымдастырыпты. Оның үстіне окопта бес фашистің көзін құртқан.
1943 жылдың 11 сәуірінде басқыншылармен болған ұрыста немістер окоптың сол жағына лап қояды. Командир өз ротасының сол жақ қанатындағы бір топ жауынгерлерді ұйымдастырып, бес сағат бойы қорғанған. Кейін қарсы шабуылдап, немістерді окоптан қуып шығады. Мұнда жаудың он шақты офицері мен солдатының денесі қалған. Сөйтіп рота командирі, капитан Қайырқожа Әбутәліпов сонау сұрапыл соғыста ерліктің өшпес үлгісін көрсетті. Өкінішке қарай, ол 1944 жылдың наурызында ерлікпен қаза тапты. Эстонияның Нарва ауданындағы Андрасаре деревнясының маңындағы бауырластар зиратында жерленген. Бұл зираттың топырағын туған жерге әкелуге Мәскеуде тұратын зеренділік жерлесіміз, Ресей өндірісінің мұнай өнімдерін Қазақстанда сататын «Alef trade» кәсіпорнының бас директоры Қайырлы Ғалиев пен эстондық бокс қауымдастығының президенті Александр Карабаев қолұштарын созыпты. Қайырқожа Әбутәліпов жерленген бауырластар зиратынан әкелінген капсуладағы топырақ Қарашілік ауылындағы ата-бабалары, туыс-туғандары жатқан зиратқа жерленіп, басына ескерткіш тас пен гүл шоқтары қойылды.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
журналист
Ақмола облысы