Жуырда Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Архив ісі» туралы заң жобасы талқыланды. Мемлекет басшысының «Қазақстан-ның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы архив саласының заңнамалық базасын жетілдіруге, архив ісінің жекелеген бағыттарының тиімділігін арттыруға, қызметін кеңейтуге бағытталған.
Аталған заңда ұғымдық аппарат кеңейтілді, мемлекеттік архивтер ақылы негізде көрсететін қызметтер тізбесі нақты көрсетілген. Ақылы қызметтердің қатарына атап айтар болсақ, тақырыптық, генеалогиялық сұраулар, архив құжаттарының депозитарлық сақталуы және де тағы басқа көптеген қызмет түрлері жатады. Ақылы қызметтен түскен қаражат архивтердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға әрі осы салада қызмет атқарып келе жатқан мамандардың жалақысын көтеруге жұмсалады. Бұл өз кезегінде осы салаға қызығушылығы бар мамандарды ынталандырады әрі олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасайды.
Мәжілістің жалпы отырысында заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған депутаттар да сала мамандарының жалақысын арттыру мәселесін көтерген болатын. Әлеуметтік сала қызметкерлері арасында ең төменгі жалақы алатын – архив саласының қызметкерлері екенін айта кетейік. Бірақ жалақы аз деп сала мамандары ешқашан қол қусырып отырған жоқ. Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінде қазіргі таңда 27 маман қызмет атқарады. Оның 20-сы жоғары білімді, білікті мамандар. Олар кино тарихын, ән өнерін, мәдениет пен салт-дәстүрлерді зерттеу үшін қазақстандықтарға құнды құжаттардың қолжетімді болуына жағдай жасап келеді. Архивіміздің қорында қазіргі уақытта жалпы саны 300 мыңға жуық үлкен маңызға ие кинофотоқұжат пен дыбыс жазбалары сақталған. Жыл сайын архив мамандарының қарауына 3 мыңнан астам құжат келіп түседі. Ақылы қызметтен түсетін қаржының тағы бір бөлігі осы фото-фоноқұжаттарды заманауи техникалық жабдықталған жағдайда аударуға жұмсалатын болады. Яғни көгерген, бүлінген зақымданулармен күресуге, материалдардың техникалық жай-күйін үнемі бақылауға бағытталады. Сонымен қатар ультрадыбыстық тәсілмен киноқұжаттарды тазалайтын, оларды сканермен көшіретін, электронды құжаттарды қуатты серверлерге сақтайтын, архив қорындағы киноқұжаттардың көшірмелерін қажетті үлгіде дайындайтын, қосымша жаңа жабдықтар алуға да мүмкіндік туады. Қазіргі уақытта архив қорының 70% фоноқұжаттары қайта қалпына келтіріліп, сақталып, заманауи тасығыштарға ауыстырылды. Қолжетімділікті арттыру мақсатында сандық жүйеге көшу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді.
Жыл сайын 5 мыңға жуық кинофотоқұжат пен дыбыс жазбасы цифрлы форматқа көшіріледі. Бұл өте үлкен, ауқымды жұмыс. Біз қолымыздағы барлық тарихи жәдігерлерді Қазақстанымыздың болашағы өскелең ұрпақтың назарына ұсынып, санасына сіңдіру арқылы оларды отансүйгіштікке, өзінің тарихына құрметпен қарауға тәрбиелей аламыз. Алдағы уақытта ұлттық құндылықтар қазынасын сандық технологиялар жетістіктерін пайдалана отырып, оларды ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жолында қарқынды жұмыс жасай береміз.
Тасқын Тойбаев,
«Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архиві» РММ директоры