Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар бірқатар жаңа заң жобаларын мақұлдады. Оған қоса, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру және сақтандыру қызметі, бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қарады.
Медициналық қызметпен қамтылады
Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің келісімі бойынша Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің 48 мың тұрғыны қазір медициналық көмекті тек ресейлік ұйымдардың тәртібіне сай алуда. Олардың еліміздің заңнамаларына сәйкес тегін медициналық көмекті, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды тегін алуы, профилактикалық медициналық тексеруден өтуі заң жүзінде қамтамасыз етілмеген. Бұл олқылықтың орнын толтыратын құжат Мәжілісте мақұлданды.
Атап айтқанда, палата депутаттары «2009 жылғы 17 қарашадағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын бірауыздан мақұлдады.
Аталған заң жобасын депутаттарға таныстырған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұл құжаттың артықшылықтары жайында баяндады.
– Қазір Байқоңыр қаласы тұрғындарының қолжетімді жоғары мамандандырылған медициналық көмек алуға мүмкіндігі жоқ. Бұл мүгедек адамдардың өмірінің және жалпы өмір сүру сапасының төмендеу қаупін ұлғайтады. Қолданыстағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама жобасы Байқоңыр қаласында, Төретам және Ақай кенттерінде тұратын еліміздің азаматтарына ұлттық заңнамаға сәйкес, Қазақстан денсаулық сақтау мекемелерінің медициналық қызмет көрсетуіне мүмкіндік береді», – деді Денсаулық сақтау министрі.
Е.Біртановтың айтуынша, Байқоңыр қаласында осыдан екі жыл бұрын Қызылорда облыстық медициналық орталығының филиалы ашылған. Бұл мекемеде тәуліктік 60 орындық және күндізгі стационарға 20 орындық палаталар ұйымдастырылған. Сонымен қатар филиал жанынан 30 мың адамға лайықталған емхана ашылған. Оған қоса алдағы жылы операциялық, реанимациялық, хирургиялық бөлімдер ашу көзделген.
Сондай-ақ аталған хаттама қазір жетіспей отырған жалпы тәжірибелік дәрігерлер санын көбейтіп, аурухана мен емхананы салалық дәрігерлермен қамтуға мүмкіндік бермек. Осы мақсатта қазірдің өзінде еліміздің медициналық жоғары оқу орындарын бітіретін түлектермен келісімдер жасалып, Қызылорда қаласынан білікті дәрігерлерді ауысыммен бағыттап отыру жоспары бекітілген.
Депутаттардың сауалдарына орай Денсаулық сақтау министрі Қызылорда облыстық медициналық орталығының Байқоңыр қаласындағы филиалында осы аумаққа жақын орналасқан елді мекен тұрғындарының да емделе алатындығын жеткізді. Бірақ олар Байқоңыр қаласына кірудің жалпыға ортақ тәртібіне сай рұқсат қағаздарын алдын ала рәсімдеулері қажет.
Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын тұтастай мақұлдады.
Сенаттың түзетулері қаралды
Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары Үкіметтің азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы ынтымақтастық туралы Иордан Хашимит Королдігімен жасалған келісімін ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Сенаттың кейбір конституциялық заңдар, сайлау мәселелері, сақтандыру және сақтандыру қызметі, бағалы қағаздар нарығы туралы түзетулерін қарады.
Мәселен бұған дейін Сенат депутаттары сайлау мәселелеріне байланысты заң жобасынан қала, ауыл, ауылдық округ әкімдерін жалпыға бірдей тең төте сайлау туралы норманы алып тастап, құжатты Мәжіліске жіберген болатын. Осы орайда Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Сенат енгізген өзгертулерді қарастыра келе өз ұсынысын білдірді.
– Сенат ұсынған түзетулер аудандық маңыздағы қала, ауыл, ауылдық округ әкімі лауазымына сайлауда қолданыстағы тәртіпті сақтауға бағытталған. Осы орайда комитет Сенат енгізген өзгерістермен келісуді ұсынады, – деді Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова.
Осы отырыста Мәжіліс бірқатар заң жобалары бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімдерін белгіледі. Олардың қатарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы», сондай-ақ көлік мәселелеріне байланысты және Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары бар.
Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірқатар мемлекеттік органдардың басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»