• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Маусым, 2018

Түркістан облысы - Зиялы қауым не дейді?

1091 рет
көрсетілді

Ә. БЕКТҰРҒАНОВ: Туризмнің ілгерілеуіне мүмкіндік туды

Түркістан – ер Түріктің бесігі саналатын құтты мекен. Ал Түркістан облысының құрылуы Ру­хани жаңғырудағы басты, құн­ды шешімдердің бірі болды. Жалпы, еліміздің оңтүстік өңірі қандастарымыздың ұйысып қоныс­танған киелі мекені екен­дігін ескерсек, түркі әлемінде Түр­кіс­танның алатын орны ерекше. Енді рухани астанамыз облыс орталығына айналып, экономика мен әлеуметтік саланың тамырына қан жүгіре түспек. Онсыз да еліміздегі мәдениет, білім және рухани ағартушылық мәртебесі жоғары қаланың Ұлы Жібек жо­лы­ның бойындағы құндылығы арта түседі.

Біз шет мемлекеттерге шық­қан сайын шетелдіктер алдымен Аста­надан кейін Түркістанды еске алып жатады. Сондықтан Елба­сының шешімі елдің көкей­ін­де жүрген мәселеге дөп тиді. Ежел­де Қазақ хандығының астанасы болған қала XII ғасырда жаңа­ша қарқынмен даму жолына түскелі отыр.

Ал дербес мәртебе алған Шымкент қаласының орны біз үшін тіпті ерекше. Енді эконо­ми­­каның қарыштап дамып, ту­ризмнің ілгерілеуіне толық мүм­кіндік бар.

Жалпылай алғанда, енді оң­түс­тіктегі әлеуеті жоғары екі қа­ла­ның тұрғындары, олардың айна­ласындағы елді мекендердің халқы дамудың даңғыл жолына түскелі отыр. Тұрғындарының са­ны миллионнан асқан қаланың дамуында тежеу болмайды, ішкі сұраныс пен ұсыныс сәйкес ке­ліп, ілгерілеген үстіне ілгерілей түседі.

Міне, Елбасының Жар­лы­ғымен жүзеге асқан оңтүстік өңір­дегі құрылымдық өзгеріс­тер­ге байланысты барша қа­зақ­стандықтардың қуа­ны­шын се­зініп отырмыз. Сали­қа­лы ше­шімнің игілігі мол бо­ла­тын­ды­ғына еш күмән жоқ.

Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ, Мәжіліс депутаты

*****

Р. ҚАЛМҰРАДОВ: ел та­рихының жаңа парағы

Түркістан облысының құ­ры­луы – ата-бабалардың мұ­ра­лары арқылы жеткен руха­ни­яттың Қазақстан үшін маңызды екен­дігінің белгісі. Бұрын «Түркістан» сөзі бүкіл Орталық Азияны атау мақсатында қол­да­нылғаны мәлім. Енді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­ма­сымен Түркістан қаласы та­рихының облыс орталығы ре­тінде жаңа кезеңі басталды. Елбасының тарихи шешімі Орта­лық Азия аймағындағы ха­лықтардың жақындасуына сеп­тігін тигізері анық.

Яғни бұл ха­лықаралық тұрғыда көрші мемле­кет­термен ынтымақтастықты ны­ғайтуда алар орны ерекше өз­геріс. Әкімшілік орталықтың кө­шірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жа­рам­ды халықтың басым көп­ші­лігін жұмыс орындарымен қам­­туға септігін тигізеді. Жаңа әлеу­­меттік, тұрғын үй және бас­қа да жобалар қарқынды түрде жү­зе­ге асырылады. Жалпы Түркіс­тан қаласының аймақ ор­та­л­ы­ғы ретінде анықталуы – ел та­рихының жаңа парағы ашыл­ған­дығының белгісі.

Түркістан облысында туриз­м­ді, ауыл шаруашылығының бар­лық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың, бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына серпін бере оты­рып, Түркістанның тек киелі ме­кен емес, үлкен мәдениет орта­лығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына жақсы мүмкіндік туғызатынына сенім мол.

Розақұл ҚАЛМҰРАДОВ,

Түркістан қаласының құрметті азаматы

*****

О. АСАНҒАЗЫ: Ақиқатқа айналған арман

Алты Алаштың ардағы мар­ғасқа Мағжан ақын жыр­ла­ғандай, «Екі дүние есігі» һәм «Ер түріктің бесігі» болған аяу­лы Түркістанның қазақтық қай­мағы бұзылмаған қасиетті Оңтүстіктің орталық атануы, шырайлы Шымкенттің рес­пуб­ликамыздағы дербес дами­тын мегаполистер қатарына қо­сылып, өз алдына шаңырақ көте­руі бөркімізді аспанға ата­тындай аса зор қуаныш екені талас тудырмаса керек. Бұл соңы­нан ерген ел-жұртын өр­ке­ниет өріне сүйреген пара­сатты Президентіміздің та­ғылымға толы тарихи ше­ші­мі.

Киелі Түркістанды күл­лі түркінің кіндік қаласы ету ата-бабаларымыздың ға­сыр­лар бойғы арманы еді. Енді, мі­не, ұлтымыздың тұлпар мі­ніп ту ұстаған ұлы перзенті Нұр­сұлтан Назарбаев сол асыл аңсар-мұратты ақиқатқа айнал­дырды. Ойдағы ісі­міз орындалған осындай ақжа­рыл­қап таңның атқанына шү­кіршілік еткеніміз абзал. Кезін­де еріксіз Эрмитажға кет­кен­ қасиетті Тайқазан еге­мен­діктің елең-алаңында Түр­кіс­танға қайта оралғанда, мұны ырыс-несібеміздің молаюына, береке-бірлігіміздің артуына ба­лап, барша мұратымызға жет­кендей барақат күй кеш­ке­німіз, сірә ұмытылар ма?!

Басына бақ қонған сол Түркістан тәуелсіздік тұсын­да қайта түледі. Түбі бір туыс­та­ры­мызға Қазақстанның қара­ша­ңырақ екенін еске салатындай талай халықаралық ірі жиындар өтті ежелгі ордамыздың төрінде. Былтыр күллі түркі әлемінің мәдени астанасы мәр­тебесін иеленген көне ша­һарда іргелі іс-шаралар ұйым­дас­тырылғаны да әмбеге аян.

Елбасының бағалы бастамасы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауыз толтырып айтарлықтай ауқым­ды жұмыстар атқарылғаны көп жайтты аңғартары анық. Соның арқасында өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп жатыр. Хал­қымыздың жадымен бірге жұлқар рухы да жаңғыруда. Мынау айтулы оқиға соның айғағы. Ендеше, алдымыздан туар ақ күннің шапағат нұры шартарапқа жылуын шашып, қазақ баласының абырой-беделін асқақтата бергей!

Қайта түлеген Түркіс­тан­ның жұлдызы мәңгілік жоға­рыдан жарқырауына тілек­тестігімізді білдірейік, ағайын!

Үш миллион халқы бар өркендеген өңірдің үкілеген үмітіндей Түркістанның туы биіктен желбірегей!

Оразгүл АСАНҒАЗЫ,

қоғам қайраткері

*****

Қ. ЖАНТӨРЕЕВА: Халқымызды қуанышқа бөледі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүс­тік Қазақстан облысының орталығын Шымкенттен Түркістанға көшірілу жөніндегі ше­шімін жариялауы тек өңір жұртшылығын ғана емес, тұтас халқымызды қуанышқа бөледі. Мұны бұқаралық ақпарат құралдарынан да, әлеуметтік желілерден де көріп, куә болып отырмыз.

Ұлық дініміздің таралуына, орнығуына өлшеусіз еңбек сіңірген рухани ұстаз Ахмет Ясауи еңбектері дүниеге келген киелі Түркістанға көшу – «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасын орындау барысындағы үлкен та­ри­хи өткел. Қожа Ахмет Ясауи ілімдерінің тәр­биелік мәні шыншыл, таза адамды қалып­тас­тыру. «Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталады» деп айтылған ғұламаның «Диуани Хикметі» халқымызға ғана емес, Ислам әлеміне ортақ баға жетпес рухани құн­дылық ретінде ғасырлардан-ғасырға жетіп отыр. Осындай тарихи тұлғалар мен киелі орын­дарға бай мекеннің өңір орталығы болуы бұл аймақта туризмнің дамуына, мә­де­ни-рухани серпіліс бастау алуына әрі эко­но­ми­калық даму қарқын алуына ықпал етері сөзсіз.

Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Түркістан – ежелден сауда-саттықтың орта­сы, ынтымақтың ордасы. Сондықтан, Түркіс­тан­ды облыс орталығына айналдыру – сөзсіз Елбасының ең бір ұтқыр шешімі.

Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА,

«Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының орынбасары