Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы мен қаладағы №1 балалар көркемөнер мектебінің арасында біраз жылдан бері «Түлек» деп аталатын жоба бойынша шығармашылық әріптестік орнаған. Таяуда өнер мектебінің түлектері аталған мұражай төріне өз туындыларын қойып, курстастары мен ата-аналар алдында шығармашылық сынақтан өтті.
Биылғы жылдың түлектері көрермен назарына «Композиция» және «Мүсін» пәндері бойынша қорытынды жұмыстарын ұсынды. Болашақ суретшілер мен мүсіншілердің туындылары бірін-бірі қайталамайды, түрлі теxника мен мәнерде орындалған.
– Біздің мұражайда көркемөнер мектебінің түлектері шығармашылық жобаларын қорғады. Біріншіден, мұндай пішім мектепте алған білімнің қорытынды кезеңіне ерекше маңыз береді. Ал екіншіден, ол өнермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді, – дейді облыстық бейнелеу өнері мұражайының ғылыми қызметкері Назерке Жартын.
Түлектердің көрмедегі жұмыстары көбіне туған өлке тақырыбын қамтыған. Мұның өзі өнерлі жастардың елге, туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігі мен құрметінен хабар берсе керек. Бұл игі істен ұстаздар қауымы да тыс қалмаған. «Әр туындыда ұстаздардың кәсіби қолдауы мен ықыласпен жетекшілік еткені байқалады», – дейді Назерке Жартын.
Көрме аяқталғаннан кейін түлектерге көркемөнер мектебін бітіргені туралы куәліктер салтанатты түрде табыс етілді.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ