Үкіметте республика қалаларының автобус парктерінің түбегейлі жаңғырту жөнінде ұзақ мерзімге есептелген жоба жасақталып келгенінен көпшілік хабардар. Міне, елімізде ешқандай баламасы мен теңдесі жоқ қанатқақты жобаның тұсауы республика Үкіметі мен Ақтөбе облыстық әкімдігі арасында жасалған бірлескен жобаға сәйкес кеше тұңғыш рет Ақтөбе қаласында кесілді. Осы арада отандық автобус құрастырушылар жаңа сапалық және кәсіби деңгейге бет бұрды деуге толық негіз бар.
Кеше сәрсенбінің сәтті күні облыс орталығындағы жекеменшік және мемлекеттік автопарктерді толықтырған су жаңа сыйымдылығы мол экологиялық автобустар Қостанайдағы «Аллюр Компаниялар Тобы» АҚ-тың аумағында жасалған. Атап айтқанда, қалалық бағыттарға жол тартқан 70 автобус пен балаларға арналған шағын автобустарды құрастырып шығару ісіндегі қазақстандық үлестің көлемі тиісінше 70 және 35 пайызды құрайды.
Еуро-5 стандартындағы жолаушылар тасымалдайтын жаңа қалалық көліктер неге экологиялық деп аталған? «ҚДБ-Лизинг» АҚ басқармасының төрағасы Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, мұның мәнісі экологиялық тұрғыдан таза болуында. Ауа мен қоршаған ортаға зиянды заттар шығармауында. Көгілдір отынның метан деп аталатын түрін пайдалану арқылы қозғалатын автобустар экономиялық тұрғыдан да тиімді. Облыс орталығына қаржылық лизингттік тәсілдер бойынша сатып алынған автобустардың құны 2 млрд 578 миллион теңгені құрайды. Қанатқақты жобаға сәйкес облыс орталығындағы автобус парктерінің құзырына берілген қоғамдық көліктердің құны қаржылық лизинг бағдарламасына сәйкес бес жылға жеті пайыздық өсіммен ұсынылған. Жоғарыда аталған лизингттік тәсілмен төленетін қаржының отыз пайызы өңірдегі «Табыс» коммуналдық кәсіпорны еншісіне тиеді.
Еуро-5 стандарты бойынша тұңғыш рет Ақтөбе облысының мысалында жүзеге асып еліміздің барлық қалаларының автобус парктеріне енгізілетін экологиялық сипаттағы автобустардың тағы бір ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі жандар үшінде мейлінше ыңғайлы болуында. Яғни арнайы тетік арқылы автобус тоқтаған кезде жылжымалы пандус тез түсіріледі де, бұл тәсіл мүгедектер мен жасы ұлғайған жандардың автобус салонына кіруі мен шығуын жеңілдетеді. Жаңа қоғамдық көліктерге тән тағы бір артықшылықтар – адамдардың қауіпсіздігі үшін барлық технологиялық тәсілдердің орнықтырылғаны.
Бұған цифрлы технологияның кейбір элементтері, бейнекамералар және диспетчерлік орталықпен байланыс жүйелері кіреді.
Республика қалаларының автобус парктерін түбегейлі жаңғырту жөнінде ұзақ мерзімге жасалған бағдарлама тұңғыш рет Ақтөбе аймағында жүзеге асуына орай өткізілген салтанатты рәсімде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бұл өміршең жаңалық тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін жасалған іргелі қадам екенін атап көрсетті. Облыс басшысының айтуынша, тек соңғы бір жылдың ішінде автобус парктерін жаңғырту үшін 120 жаңа автобус сатып алынған.
Мұның бәрі тұрғындардың игілігі үшін жасалғаны хақ.Сондай-ақ осы рәсім кезінде жоғарыда аталған «Аллюр Компаниялар Тобы» АҚ-на қарасты «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-нің директоры Сырым Семейбаев Ақтөбе облысының әкімдігі жаңа автобустарды қалалық бағыттарға енгізу мен тиісті қаржылық лизинг бағдарламасы құжаттарының жедел әзірлеу ісінде ілкімділік пен оңтайлылық таныта білгенін атап көрсетті.
Сонымен республика қалаларындағы автобус парктерінің қызметін түбегейлі жаңғырту жөнінде Үкіметте ұзақ мерзімге арналған жоба Ақтөбеден бастау алды. Ендеше, іске сәт демекпіз!
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ