Кеше Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов халыққа есеп беру кездесуін өткізіп, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағыттап жүргізіліп жатқан реформалар саласында министрлік қоғам үшін барынша ашық екенін атап өтті. Сонымен қатар ол өзінің сөзінде Қаржы министрлігінің қызметі туралы, оның ағымдағы міндеттері мен болашақ бағыттары туралы айтты.
«Қаржы жүйесінің еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму процестеріндегі рөлі маңызды екені баршаңызға мәлім. Салық жинаудан бастап шығыстарды қаржыландыруға дейін оның атқаратын міндеттері өте кең. Жұмыстардың аясына қазынашылық, банкроттық, кедендік және салықтық әкімшілендіру, қаржы мониторингі, бухгалтерлік есеп пен аудит, мемлекеттік сатып алу мен мүлікті басқару мәселелері және тағы басқалар кіреді. Бюджеттік ақпараттың көпшілікке қолжетімділігін бағалау бюджеттің ашықтығы индексімен өлшенеді. Бюджеттің ашықтығын зерттеуге Қазақстан оң серпін көрсете отырып, 2008 жылдан бастап қатысады.
Мәселен, 2016 жылы Қазақстан орташа әлемдік көрсеткішті 42 балға көтере отырып, бюджеттің ашықтығы индексін 53 балға дейін көтерді. Азаматтарды бюджет процесіне тарту үшін министрлік бюджеттік құжаттардың азаматтық нұсқасын да жариялайды. Бюджеттік деректерді жариялау – бұл тек бірінші қадам екенін атап өту керек. Екінші – анағұрлым күрделі қадам азаматтарды бюджеттік мәселелерді талқылау процесіне тартуды білдіреді. Қоғаммен байланыс орнату үшін министрліктің сайтында бюджеттік шығыстардың басым бағыттарын қоса алғанда, оны жоспарлау және атқару мәселелері талқыланатын форумдар өткізу мүмкіндігі көзделген. 2018 жылдан бастап жергілікті өзін өзі басқару бюджетінің 4 деңгейі енгізілгенін сіздер білесіздер. Біздің қазынашылық ақпараттық жүйелерінде функционалын кеңейту бойынша пысықтау жүргізілді. Бірінші кезеңде 1062 жергілікті өзін өзі басқару үшін өңірлердің жаңа алты мәнді коды берілді, сондай-ақ жергілікті өзін өзі басқару бюджеттерінің қаражаттарын бақылау шоттары ашылды», деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар ол бұл үшін 2017 жылы өзара іс-қимыл жасасатын ведомстволармен бірлесіп, өңірлерде топтық форумдар өткізілгенін, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері аппараттарының 5075 маманы оқытылғанын жеткізді.
«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет мемлекет-жекеменшік әріптестіктігі дамыту бойынша үлкен жұмыс жүргізіп келеді. 2018 жылғы 15 маусымдағы жағдай бойынша мемлекет-жекеменшік әріптестігін 12 шарты тіркелді, оның ішінде 610,7 млрд теңге сомаға республикалық жобалар бойынша 4 шарт, 161,1 млрд теңгеге жергілікті жобалар бойынша 208 шарт жасалды. Мемлекеттік қызмет көрсету мен әкімшілендіру цифрлы форматқа ауыстырылады. Бизнес-процестерді жеңілдету және жылдамдату үшін біз жыл сайын автоматтандырылған рәсімдер үлесін ұлғайтып келеміз. Біз барлық уақытта фискалдық әкімшілендіруді оңтайландыруды жүргіземіз, қашықтықтан бақылауға калибрлеуді және баптауды өткіземіз. Тәуекелдерді басқарудың жаңартылған жүйесі тексерулер санын қысқартып қана қоймайды, сонымен қатар камералдық бақылау бойынша хабарламаның дұрыстығын арттырады», деді Б.Сұлтанов.
Қаржы министрінің сөзінше, 2016 жылы 78 мың тексеру жүргізілсе, ал 2017 жылы 43 мың ғана тексеру жүргізілген. Бұл 45 пайызға аз. Биылғы жылы сондай-ақ тексерулер саны қысқартылмақ екен. Сонымен қатар тексерулер сапасы мен тиімділігі жақсарған. Өткен жылдардың актілері бойынша өндіріп алуды ескере отырып, салықтық және кедендік тексерулер бойынша өндіріп алу 2016 жылы – 65 млрд теңгені, 2017 жылы 99 млрд теңгені құрапты.
«2017 жылы камералдық бақылау бойынша хабарламалар саны 72 мыңға немесе үш есеге қысқарды, бұл ретте 30 пайызға немесе 31 млрд теңгеге олар бойынша өндіріп алу өсті (жалпы өндіріп алу 123 млрд теңгені құраған). 2017 жылы тауарлардың кедендік құнына бақылау нәтижелері бойынша 63 мың кедендік құнның түзетулері жүргізілді, бұл ретте қосымша кедендік төлемдер мен салықтар 35 млрд теңгеге өндіріп алынды. Жанама, бірақ осы фактор қосылған құн салығы бойынша түсімдерді 11 пайызға ұлғайтты. Экспорттаушыларға 612 млрд теңгені қайтаруға қарамастан, қосылған құн салығы бойынша жалпы түсімдер 1 665 млрд теңге болды», деді ол.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»