Елбасы Түркістан облысы жасақталсын, орталығы Түркістан қаласы болсын деп Жарлыққа қол қойды.
Құдай-ау, бұл шешімді қазақ зарығып күткелі қай заман?! Қазақ қана ма? Жоқ. Мағжан айтқандай, Түркістанды қазаққа қалдырып, қазақтан енші алып әлемнің әр тарабына аттанып кеткен ер түріктің бүгінгі жұрағаты алыстан дүркін-дүркін күн салып қарап, көзін сатып күткелі қаншама уақыт?! Енді, міне бір қазақтың ғана емес, күллі түркі дүниесінің арманы орындалды. Бұл тарихи әділеттіліктің қалпына келуі. Түркі қағанатынан тартып күллі қағанаттардың астанасы Түркістан! Дәшті Қыпшақ дәуірінде дәштілік астана Түркістан!
Орта ғасырда әлемнің әр шалғайынан керуен-керуен жібек бастаған небір асыл бұйымдар, алтын-күмістерімен артынып-тартынып келіп сауда жасап, пайдасын күсеп етіп батыстан шығысқа, шығыстан батысқа артынып-тартынып керуен тартып кете баратын ғажап сауда кіндігі Түркістан! Орта ғасырда «Отырар өркениетінің» орталығы Түркістан. Алтын Орда мұрагері. Ибн Батутаны өркениетімен таңғалдырған Бату сарай, Сарайшық мәдениетін бойына сіңірген, Сығанақтан соң үш ғасырға жуық қазақ хандығының астанасы Түркістан. Сол сәттен жайшылықта қазаққа Ана болған, жаугершілікте қазаққа пана болған жәдігер шаһар – Түркістан, Енді, міне осындай бойына күллі түркінің тарихын жинақтаған, бабалардың асыл көзіндей облыс орталығы – Түркістан. Бұл бүкіл еліміз рухани жаңғырып, барымызды базарлап, жоғымызды түгендеп болашаққа бағдар жасап жатқан сәтте жасалған тарихи әділеттіліктің қалпына келуі. Бұл тарихи сәт.
Кешегі кеңестік кезеңде жалпы түркілік ат-атағы, дүбірлеген даңқы үшін-ақ қақпай көріп, қағажу қалған жәдігер шаһар ең алғаш еңсесін 1500 жылдық мерейтойы тұсында тіктеді. Ырыс тасытар Тайқазаны қайтарылды. Мемлекетімізге ырыс-құты оралды. Әлемді архитектуралық сән-салтанатымен таңғалдыратын көк күмбезді Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тәуелсіздік рухымен қайта жаңғырды. ЮНЕСКО арқылы қорғалатын көне ескерткіштің ажары ашылды. Түркі мемлекеттері президенттері Түркістанда бас қосты. Ақылдаса келе алынған шешімдер «Түркістан Декларациясы» атанып, сол кездегі «Социалистік Қазақстан» арқылы алты алашқа тарады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Біз ендігі жерде түркі мемлекеттері басшылары Түркістанда бас қосып тұратын боламыз», – деді. Түркістанда Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығымен 1992 жылы тұңғыш рет Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ашылды. «Түркі халықтарына келешекте ортақ оқу орнына айналады», деді Елбасы келешекті көздей. «Түркістанды осы университет өркениет биігіне көтеруге тиісті» – деп те міндет жүктеді Елбасы.
Түркі мемлекеттері саммитінде Нахичеванда «Түркістанда түркі халықтарының тағдыр-тарихын ортақ талдайтын Түркі академиясы ашылады. Оның музейі, кітапханасы қалыптасуы керек», – деді тағы да. Жәдігер шаһардың 1500 жылдық тойы тұсында туысқан елдердің басшылары алдында «Түркістанды облыс орталығы жасаймыз. Той Түркістанды орталыққа айналдырудың басы», деді алдағы міндеттерді нақтылай. «Түркістан ендігі жерде түркі халықтарының рухани астанасы ретінде гүлденуге тиісті», деді тағы бір тарихи сапарында. Елбасы күні кеше тебірене сөйлеп Жарлыққа қол қойды. Тарихи шешім жасалды. Қайталап айтамыз, бұл бір қазақ халқы ғана емес, күллі түркі дүниесі көптен күткен қуаныш. Қуаныш құтты болғай, әлеумет!
Тәуелсіздік таңынан бері Елбасы Түркістанды үзіліс-үздіксіз қолдаумен келеді. Ілгерішіл басшы, ілкімді қосшы болып жұдырықтай жұмылса, түркі дүниесінен инвестиция тартылса – жұмыла көтеріп Елбасының Түркістан жөніндегі тарихи шешімін жүзеге асыру қиынға түспес асылы. Күллі түркі халқы тарихындағы орны ерен жәдігер шаһардың келешегі кеніш.
Сөйтіп тарихтың көзінен, тағдырдың тезінен қиналып өтіп келе жатқан жәдігер шаһар бүгін облыс орталығына айналды. Сан ғасырлап айналасына өркениет шуағын шашқан, мәдени де экономикалық шарапатын тигізген Түркістан енді облыс орталығы райында Қаратау мен Алатауды ен жайлап, Сыр-ананы түркі халықтарымен тел еміп жатқан әлденеше ауданның бағын ашатын орталыққа айналады. Тарих соқпа-соқпасында сан рет ғажап гүлдеп бой түзеген, жойқын шапқыншылықтарда сан рет сансырап күл-талқаны шығып тоқыраған Түркістан ендігі жерде Мәңгілік елдің қуатты қанатына айналып, шырқау биікке көтеріледі, тіпті Елбасы айтқандай: «Түркі халықтарының рухани астанасына айналады!» Тәуелсіздіктің ақ таңынан тартып сатылап дайындап, бүгін тарихи шешім жасаған Елбасына түркістандықтар атынан, түркі дүниесі атынан мың алғыс! Ғасырлап мұң құшқан Түркістан, рухани жаңғыру аясында бүгін нұр құшқан Түркістан. Жаман көздің назарында болма, жалпытүркілік ынтымақ пен бақыттың базарында бол, Түркістан!
Құлбек ЕРГӨБЕК,
түркітанушы ғалым, жазушы,
Түркістанның құрметті азаматы