Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таяуда Шымкент қаласының миллионнан астам тұрғыны бар қалалар қатарына қосылғанын мәлімдеп, сол себепті жаңадан Түркістан облысын құрып, оның орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі.
«Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп Мағжан ақын жырлағандай, бұл тарихи шешімге барша түркі халықтары қуанып, бауырлас елдердің бұқаралық ақпарат құралдары ақжолтай жаңалықты жарыса жазды. Бұл ақпаратты TRT Avaz арнасы, Anadoly Agency агенттігі, Dünya Bülteni ақпарат порталы сүйінші сұрап, алғашқылардың бірі болып хабарлады.
*****
Бұдан бөлек, желі қолданушылары да бір-бірінен сүйінші сұрап, әлеуметтік желідегі парақшаларында жаңалықпен бөлісті. Мәселен, Чагдаш Байрактар есімді азамат былай дейді:
«Бірнеше жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазуды ойлап жүрген едім. Уақыт өте берді. Енді осы шешімнен кейін ол кісі туралы жазуым міндетті. Ол өз міндетін адал атқарып, қамқорлық танытады».
Сонгүл Берк есімді азамат «Нұрсұлтан Назарбаев бүгін қол қойды. Бұдан былай Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан деп аталады. Түркі елдері мен ерлері, құтты болсын!», деп ағынан жарылыпты.
Тайфун Танжу Кара есімді фейсбук қолданушысы оқиғаны ғажайып оқиғаға балап отыр. «Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан болып өзгерді. Облыс орталығы Түркістан қаласына көшіріледі. Түп-тамырына құрмет көрсеткен қазақтарды осынау тарихи шешіммен құттықтаймын. Түркістан мыңдаған жылдар бойы түркі әлемінің рухани және саяси тірегі болған еді. Мың жаса, Қазақстан! Түркі халықтарының бауырластығы мәңгілік болсын», дейді ол.
Осылайша, бауырлас елдердегі әлеуметтік желі қолданушылары ақжолтай хабарды жаппай бөлісіп, бір-бірінен сүйінші сұрап жатыр.
Айтпақшы, осы оқиға қарсаңында Ресейдің Regnum ақпарат агенттігі бұдан былай өздерінің сайттарында Орталық Азия аймағын Түркістан деп атау жөнінде шешім қабылдапты. Бұл туралы агенттіктің бас редакторы Модест Колеров мәлімдеді.
*****
«Regnum Орталық/Орта Азия/Қазақстан түсінігінен арылып, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Қырғызстанның дәстүрлі атауы Түркістанды қолданады», делінген М.Колеровтың фейсбуктегі парақшасында.
Әзірге басқа ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары Regnum ақпарат агенттігінің бастамасын қолдап, өңір атауын өзгерткен жоқ. Әйтсе де, келешекте бұл мәселе де өз шешімін тауып, Орталық Азия өңірі тарихи атауын қайтарып, Түркістан атанып жатса нұр үстіне нұр емес пе?!
Дайындаған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»