11-12 желтоқсан күндері Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша Парламент Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Хатшылығының басшысы Қайрат Мәми БҰҰ Өркениеттер Альянсының Катар астанасы – Дохада өткен «Мәдениеттер арасындағы байланыстарды дамыту мақсатындағы үнқатысу» тақырыбындағы IV форумға қатысты.
Бейбітшілікке, тұрақтылық пен қауіпсіздікке өркениеттер мен мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік пен сыйластық арқылы қол жеткізу – жаһандық тұрғыда жоғары ойлау жүйесін қажет ететін мәселелердің бел ортасында тұрғаны анық. 2004 жылдың тамыз айында Испания Премьер-министрі Хосе Сапатероның БҰҰ «Өркениеттер Альянсын» құру жөніндегі бастамасы осындай «жаһандық ойлау жүйесінен» туындаған ізгі бастама болатын. Алғашында Батыс және Мұсылман әлемі елдеріндегі терроризммен күресу үшін ортақ күш-жігерді біріктіру мақсатын өзек еткен бұл бастама кейіннен Түркия мен БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Кофи Аннан тарапынан қолдау тапқан еді. Бұл бастама халықаралық қоғамдастықтың ықпалы негізінде Батыс – Мұсылман әлемі арасындағы бөлінушіліктің тереңдеуіне қарсы тұруды, діни қарама-қайшылықтарды еңсеруді, өркениеттерді жақындастыруға жаһандық шеңберде күш салуды да көздеген-тін.
Осылайша, БҰҰ Өркениеттер Альянсының І форумы 2006 жылы Мадридте, ІІ форумы 2009 жылы Ыстамбұлда өтсе, Рио-де Жанейро қаласында ұйымдастырылған ІІІ форум БҰҰ Өркениеттер Альянсының ғаламдық мәртебесін айқындауға мүмкіндік берген еді.
Ал Дохада ұйымдастырылған ІV форум – мәдениеттер, мәдени саналуандылық пен мәдениетаралық үнқатысу мүмкіндіктерін жүзеге асыруды басшылыққа алуымен ерекшеленді. Бұл ізгі бастама осындай мәселелердің бір жүйеге келуіне және кездескен түйткілдердің тарқатылуына мүдделес серіктестердің білімі мен тәжірибелерін біріктіретін, өзара сенімді нығайту арқылы әлемде бейбітшілік орнататын жалпыға ортақ тұғырнамаға айналуы тиіс. Форум өзегі осыған сайды. Бұл форум шеңберінде географиялық саналуандылық теңгерімділігі сақталғанымен, негізгі екпін Араб әлемі мен Парсы шығанағы аумағына, сондай-ақ, Африка, Қытай, Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Азияның өзге елдеріне берілді.
Форумның ашылу салтанатында Катар Әмірі Хамад бен Халифа Әл-Танидің, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның, Түркия Премьер-министрі Р.Ердоғанның, Австрия Президенті Х.Фишердің, Германия Президенті К.Вульфтің, Испания Сыртқы істер министрі Т.Хименестің, БҰҰ Бас хатшысының Өркениеттер Альянсы жөніндегі өкілі, Португалияның экс-президенті Ж.Сампайоның қатысып, сөз сөйлеуі – Өркениеттер Альянсы мақсаттары – мәдениет пен дамудың интеграциялануы үдерісін жаңа заманға сай жандандыруға өзгеше тұрғыда келу қажеттігін айғақтап берді.
Әрине, форум шеңберінде талқыланған мәдениеттер мен өркениеттер аясындағы мәселелер шоғыры бір бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Десек те, оған қазіргідей өзгермелі әлемнің өлшемдеріне сәйкес, жаңаша көзқараспен қарау қашанда өз маңызын жоймайтыны анық. Бұл ретте форум аясында «Даму үшін мәдени алуандықтың мәні қандай?», «Жетпейтін буын», «Мыңжылдық және орнықты дамуды ілгерілетудегі сенім мен толеранттылық», «Тұрақты дамудағы білімнің рөлі», «Миграцияның даму үдерістеріне әсері», «Спорттың мәдениетаралық үнқатысу мен түсінушілікті ілгерілетудегі рөлі», «Діни азшылық және Мыңжылдықтың даму мақсаттары», «Тұрақты даму үдерістеріне жұмылдырудағы әйелдердің рөлі» сынды мәселелер бойынша пленарлық отырыстар мен дөңгелек үстелдердің өткізілуі – әртүрлі ойлар мен ой-пайымдар негізінде ортақ тақырып тінін іздеуді, осы бір тінді іздеу жолында өзара тәжірибе алмасудың өміршеңдігін көздегенін айтуымыз қажет.
БҰҰ «Өркениеттер Альянсының» Дохада өткен IV форумы, міне, осындай күрделі де өзекті жәйттердің кеңінен талқылануына, қарама-қайшы пікірлер кедір-бұдырының жазылуына, сол арқылы ортақ ауанның қалыптасуына жол ашып, әлемдік кеңістіктегі күрделі мәселелердің сын таразысына салынуына жан-жақты мүмкіндік жасағандай болды. Мәселен, бір ғана «Тұрақты дамудағы білімнің рөлі» мәселесін талқылау барысында форумға қатысушылар: «Қоғам тұрақты даму сатысына көшкісі келсе, басқаша өмір сүруге дағдылануы қажет.
Білім тұрақты даму үдерісінде үлкен маңызға ие. Ол кедейшілікті жою, құқық теңдігі мен баршаға ортақ ашық қоғам қалыптасыруда да айрықша рөл атқарады», – деп ортақ ұстанымға ыңғай танытты.
IV форум аясында Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі Хатшылығының жетекшісі Қайрат Мәми бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
БҰҰ Бас хатшысының Өркениеттер Альянсы жөніндегі Жоғарғы өкілі, Португалияның бұрынғы президенті Жорже Сампайомен кездесу барысында Қазақстанның Өркениеттер Альянсымен ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. «Қазақстан Өркениеттер Альянсы тұғыр еткен қағидаттарды ұстанады», – деген Қ.Мәми Қазақстанның өркениеттер арасындағы үнқатысуды бекемдеуге үлес қосуға әзір екенін атап өтті.
Төрағаның айтуынша, Қазақстанда Мыңжылдықтарды дамыту мақсаттарына қол жеткізу бағдарламасы табысты орындалып келеді. Қ.Мәми Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін өткізу идеясына қолдау білдіргені үшін Ж.Сампайоға алғыс айтып, алдағы жылы мамыр айында Астанада дін лидерлерінің IV конгресі өтетінін жеткізді және оны алдағы Съезге қатысуға шақырды.
Өз кезегінде Ж.Сампайо ұлтаралық және дінаралық үнқатысуды ілгерілету, мәдени алуандылықты қолдаудағы Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалады. Оның айтуынша, осы саладағы Қазақстанның табысты тәжірибесі басқаларға өнеге болып табылады. Ж.Сампайо сондай-ақ Астанада аймақтық Өркениеттер Альянсын өткізуді ұсынды, оның пікірінше, бұл бастама өркениеттер арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға қызмет ететін болады.
Сенат Төрағасы Қ.Мәмидің Йордания ханзадасы Хасан бен Талалмен кездесуінде Қазақстан мен Йорданияның екіжақты қатынастарын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. «Қазақстан Йорданиямен ынтымақтастықты дамытуға зор маңыз береді», – деді Қ.Мәми өз сөзінде. Қос тарап арасындағы әңгіме барысында өзара сенім тұрғысында қалыптасқан екіжақты іс-қимылдың оң сипаты атап өтілді.
Қ.Мәми Қазақстан басшысы Н.Назарбаевтың атынан ханзада Хасан бен Талалды Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алдағы жылы мамыр айында Астанада өтетін IV съезіне қатысуға шақырды. Йордания ханзадасы өз кезегінде Король Абдалланың Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арнаған ізгі тілектестігін жеткізді. Ханзада мәдениетаралық және дінаралық үнқатысуды жаһандық тұрғыда ілгерілетудегі Қазақстанның қадамдарын жоғары бағалады.
Форум аясында Сенат Төрағасы Қайрат Мәми ИЫҰ Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноғлумен де кездесті. Әңгіме барысында ИЫҰ аясындағы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету мәселелері талқыланды. Ал Қ.Мәмидің «Ар үндеуі» қорының президенті, Өркениеттер Альянсы Жоғарғы деңгейдегі тобының мүшесі раввин Артур Шнайермен кездесуі барысында мәдениеттерді жақындату үшін күш-жігерді біріктіру, діндер және өркениеттер арасындағы қайшылықтарды еңсеру мәселелері жайында пікір алмасылды.
Өркениеттер Альянсының ІV форумының аясында Парламент Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Қайрат Мәми сондай-ақ, Катар мемлекетінің Әмірі Шейх Хамад бен Халифа Әл-Танимен кездесті. Қ.Мәми Катар басшысына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ізгі тілектестігін жеткізді. Шейхты 18 желтоқсанда атап өтілетін Катардың тәуелсіздік күнімен құттықтаған Төраға екі ел арасындағы мемлекетаралық байланыстардың барлық салаларындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтті. «Қазақстан Катармен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі», – деген Төраға осыған байланысты өзара ынтымақтастықтың тетігі болатын бірлескен үкіметаралық комиссияның маңызды рөлін атады.
Дохада дінаралық үнқатысу жөніндегі конференция өткізу жөніндегі Катар бастамасын жоғары бағалай келіп, Қ.Мәми Катар басшысына Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 2012 жылғы мамыр айында Астанада өтетін IV съезіне Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруын жеткізді.
Шейх Хамад бен Халиф Әл-Тани Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруын ризашылықпен қабылдады. Ол сондай-ақ Катардың экономикалық, мәдени және гуманитарлық салаларда Қазақстанмен ынтымақтастықты белсенді дамытуға әзірлігін білдірді.
Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Мәмидің Катар мемлекетінің Консультативтік кеңесінің төрағасы Мұхаммад бен Мүбәрак әл-Хулейфимен кездесуі де мазмұндылығымен ерекшеленді. Кездесу барысында тараптар екіжақты қатынастарды дамытуда парламентаралық байланыстардың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан мен Катардың жоғарғы заң шығарушы органдары арасындағы байланыстарды одан әрі белсенділендіру жайын айтты.
Катар Парламентінің басшысы өз кезегінде Консультативтік кеңестің тарихы мен міндеттері туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп, ИЫҰ аясындағы парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың маңызына тоқталды.
Бір атап өтерлігі, Қазақстан Парламенті Сенаты Төрағасының өзге мемлекет өкілдерімен өткізген кездесулері барысында өркениетаралық үнқатысу арқылы өзара ынтымақтастық пен келісім діңгегін беркіту, бұл ретте мемлекетаралық байланыстарды нығайту жайы басшылыққа алынды.
Өркениеттер Альянсының IV форумы барысында оған қатысушылар діни әралуандылықты ортақ ізгілік жолына бастау және мәдени әралуандылықты дамудың тиімді тетігіне айналдыру арқылы ғана халықаралық қоғамдастық кеңістігінде өзара сенім мен төзімділік ауанының қалыптасуына жол ашылатынына сенім білдірді. Ал мәдени әралуандылықты тиімді басқару мен дінаралық түсіністікті дамыту, осы мәселелердегі қатып қалған қағидалар мен субъективті пікірлерге қарсы тұру тұрақты қоғамның басты алғышарты болары анық.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
Астана–Доха– Астана.