• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2011

Өркениеттер Альянсы: Үнқатысудан – нақты іске нық қадам

406 рет
көрсетілді

11-12 желтоқсан күндері Қазақстан Президентінің тап­сыр­масы бойынша Парламент Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Хатшылығының басшысы Қайрат Мәми БҰҰ Өркениеттер Альянсының Катар астанасы – Дохада өткен «Мәдениеттер арасындағы байланыстарды да­мыту мақсатындағы үнқатысу» тақырыбындағы IV форумға қа­тысты. Бейбітшілікке, тұрақтылық пен қауіпсіздікке өркениеттер мен мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік пен сыйластық арқылы қол жеткізу – жаһандық тұрғыда жоғары ойлау жүйесін қажет ететін мәселелердің бел ортасында тұрғаны анық. 2004 жылдың тамыз айында Испания Премьер-министрі Хосе Сапатероның БҰҰ «Өркениеттер Альянсын» құру жөніндегі бастамасы осындай «жаһандық ойлау жүйесінен» ту­ындаған ізгі бастама болатын. Ал­ғашында Батыс және Мұсыл­ман әлемі елдеріндегі терроризммен күресу үшін ортақ күш-жі­герді біріктіру мақсатын өзек еткен бұл бастама кейіннен Түркия мен БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Кофи Аннан тарапынан қолдау тапқан еді. Бұл бастама ха­лықаралық қоғамдастықтың ық­палы негізінде Батыс – Мұ­сыл­ман әлемі арасындағы бөлі­ну­шіліктің тереңдеуіне қарсы тұ­руды, діни қарама-қайшы­лық­тар­ды еңсеруді, өркениеттерді жа­қындастыруға жаһандық шеңбер­де күш салуды да көздеген-тін. Осылайша, БҰҰ Өркениеттер Альянсының І форумы 2006 жылы Мадридте, ІІ форумы 2009 жылы Ыстамбұлда өтсе, Рио-де Жанейро қаласында ұйымдасты­рыл­ған ІІІ форум БҰҰ Өрке­ниет­тер Альянсының ғаламдық мәр­те­бесін айқындауға мүмкіндік берген еді. Ал Дохада ұйымдастырылған ІV форум – мәдениеттер, мәдени саналуандылық пен мәдениет­ара­лық үнқатысу мүмкіндіктерін жү­зе­ге асыруды басшылыққа алуы­мен ерекшеленді. Бұл ізгі бастама осындай мәселелердің бір жүйеге келуіне және кездескен түйткілдердің тарқатылуына мүд­делес серіктестердің білімі мен тәжірибелерін біріктіретін, өзара сенімді нығайту арқылы әлемде бейбітшілік орнататын жалпыға ортақ тұғырнамаға айналуы тиіс. Форум өзегі осыған сайды. Бұл форум шеңберінде географиялық саналуандылық теңгерімділігі сақ­­­талғанымен, негізгі екпін Араб әлемі мен Парсы шығанағы аума­ғына, сондай-ақ, Африка, Қытай, Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс және Шығыс Азияның өзге елдеріне берілді. Форумның ашылу салта­на­тында Катар Әмірі Хамад бен Халифа Әл-Танидің, БҰҰ Бас хат­шысы Пан Ги Мунның, Түркия Премьер-министрі Р.Ердоғанның, Австрия Президенті Х.Фи­шер­дің, Германия Президенті К.Вульф­тің, Испания Сыртқы істер министрі Т.Хименестің, БҰҰ Бас хат­шысының Өркениеттер Альянсы жөніндегі өкілі, Португалияның экс-президенті Ж.Сампайоның қа­тысып, сөз сөйлеуі – Өрке­ниеттер Альянсы мақсаттары – мәдениет пен дамудың инте­гра­ция­лануы үдерісін жаңа заманға сай жандандыруға өзгеше тұр­ғы­да келу қажеттігін айғақтап берді. Әрине, форум шеңберінде тал­қыланған мәдениеттер мен өркениеттер аясындағы мәсе­ле­лер шоғыры бір бүгін ғана көте­ріліп отырған жоқ. Десек те, оған қазіргідей өзгермелі әлемнің өл­шемдеріне сәйкес, жаңаша көзқа­распен қарау қашанда өз маңы­зын жоймайтыны анық. Бұл ретте форум аясында «Даму үшін мә­дени алуандықтың мәні қан­дай?», «Жетпейтін буын», «Мың­жылдық және орнықты дамуды ілгерілетудегі сенім мен толе­рант­тылық», «Тұрақты дамудағы білімнің рөлі», «Миграцияның даму үдерістеріне әсері», «Спорт­тың мәдениетаралық үнқатысу мен түсінушілікті ілгерілетудегі рөлі», «Діни азшылық және Мың­жылдықтың даму мақсат­та­ры», «Тұрақты даму үдерістеріне жұмылдырудағы әйелдердің рө­лі» сынды мәселелер бойынша пленарлық отырыстар мен дөң­ге­лек үстелдердің өткізілуі – әртүрлі ойлар мен ой-пайымдар негізінде ортақ тақырып тінін іздеуді, осы бір тінді іздеу жо­лын­да өзара тәжірибе алмасудың өміршеңдігін көздегенін айтуы­мыз қажет. БҰҰ «Өркениеттер Альян­сы­ның» Дохада өткен IV форумы, міне, осындай күрделі де өзекті жәйттердің кеңінен талқы­ла­нуы­на, қарама-қайшы пікірлер кедір-бұдырының жазылуына, сол ар­қылы ортақ ауанның қалып­та­суы­на жол ашып, әлемдік кеңіс­тік­тегі күрделі мәселелердің сын та­разысына салынуына жан-жақты мүмкіндік жасағандай болды. Мәселен, бір ғана «Тұрақты да­му­дағы білімнің рөлі» мәселесін талқылау барысында форумға қа­тысушылар: «Қоғам тұрақты даму сатысына көшкісі келсе, басқаша өмір сүруге дағдылануы қажет. Білім тұрақты даму үдерісінде үлкен ма­ңызға ие. Ол кедейшілікті жою, құқық тең­дігі мен баршаға ортақ ашық қоғам қа­лыптасыруда да айрықша рөл атқарады», – деп ортақ ұстанымға ыңғай танытты. IV форум аясында Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі Хатшылы­ғы­ның жетекшісі Қайрат Мәми бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. БҰҰ Бас хатшысының Өркениеттер Альянсы жөніндегі Жоғарғы өкілі, Пор­ту­галияның бұрынғы президенті Жорже Сампайомен кездесу барысында Қазақ­стан­ның Өркениеттер Альянсымен ынты­мақтастығын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. «Қазақстан Өркениеттер Альян­сы тұғыр еткен қағидаттарды ұс­та­нады», – деген Қ.Мәми Қазақстанның өр­кениеттер арасындағы үнқатысуды бекемдеуге үлес қосуға әзір екенін атап өтті. Төрағаның айтуынша, Қазақстанда Мыңжылдықтарды дамыту мақсаттарына қол жеткізу бағдарламасы табысты ор­ын­далып келеді. Қ.Мәми Әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлері съезін өткізу идея­сына қолдау білдіргені үшін Ж.Сампайоға алғыс айтып, алдағы жылы мамыр айында Астанада дін лидерлерінің IV конгресі өтетінін жеткізді және оны алдағы Съезге қатысуға шақырды. Өз кезегінде Ж.Сампайо ұлтаралық және дінаралық үнқатысуды ілгерілету, мәдени алуандылықты қолдаудағы Қазақ­станның күш-жігерін жоғары бағалады. Оның айтуынша, осы саладағы Қазақ­стан­ның табысты тәжірибесі басқаларға өнеге болып табылады. Ж.Сампайо сон­дай-ақ Астанада аймақтық Өркениеттер Альянсын өткізуді ұсынды, оның пікірінше, бұл бастама өркениеттер арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға қызмет ететін болады. Сенат Төрағасы Қ.Мәмидің Йордания ханзадасы Хасан бен Талалмен кездесуінде Қазақстан мен Йорданияның екіжақты қатынастарын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. «Қазақстан Йорданиямен ын­тымақтастықты дамытуға зор маңыз береді», – деді Қ.Мәми өз сөзінде. Қос тарап арасындағы әңгіме барысында өзара сенім тұрғысында қалыптасқан екіжақты іс-қимылдың оң сипаты атап өтілді. Қ.Мәми Қазақстан басшысы Н.На­зарбаевтың атынан ханзада Хасан бен Талалды Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алдағы жылы мамыр айында Астанада өтетін IV съезіне қатысуға шақырды. Йордания ханзадасы өз кезегінде Король Абдалланың Президент Нұр­сұл­тан Назарбаевқа арнаған ізгі тілектестігін жеткізді. Ханзада мәдениетаралық және дінаралық үнқатысуды жаһандық тұр­ғыда ілгерілетудегі Қазақстанның қадам­дарын жоғары бағалады. Форум аясында Сенат Төрағасы Қай­рат Мәми ИЫҰ Бас хатшысы Экмеледдин Ихсаноғлумен де кездесті. Әңгіме бары­сында ИЫҰ аясындағы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету мәселелері талқы­лан­ды. Ал Қ.Мәмидің «Ар үндеуі» қорының президенті, Өркениеттер Альянсы Жо­ғар­ғы деңгейдегі тобының мүшесі раввин Артур Шнайермен кездесуі барысында мәдениеттерді жақындату үшін күш-жігерді біріктіру, діндер және өркениеттер арасындағы қайшылықтарды еңсеру мәселелері жайында пікір алмасылды. Өркениеттер Альянсының ІV фо­ру­мы­ның аясында Парламент Сенатының Төр­ағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы Қайрат Мәми сондай-ақ, Катар мемле­ке­тінің Әмірі Шейх Хамад бен Халифа Әл-Танимен кездесті. Қ.Мәми Катар бас­шы­сына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ізгі тілектестігін жеткізді. Шейхты 18 жел­тоқсанда атап өтілетін Катардың тәу­ел­сіздік күнімен құттықтаған Төраға екі ел арасындағы мемлекетаралық байла­ныс­тардың барлық салаларындағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін атап өтті. «Қазақстан Катармен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі», – деген Төраға осыған байланысты өзара ынтымақтас­тық­тың тетігі болатын бірлескен үкімет­ара­лық ко­миссияның маңызды рөлін атады. Дохада дінаралық үнқатысу жөніндегі конференция өткізу жөніндегі Катар бас­тамасын жоғары бағалай келіп, Қ.Мәми Катар басшысына Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 2012 жылғы мамыр айында Астанада өтетін IV съезіне Нұр­сұлтан Назарбаевтың шақыруын жеткізді. Шейх Хамад бен Халиф Әл-Тани Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың шақыруын ризашылықпен қабыл­да­ды. Ол сондай-ақ Катардың экономи­ка­лық, мәдени және гуманитарлық салаларда Қазақстанмен ынтымақтастықты белсенді дамытуға әзірлігін білдірді. Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Мәмидің Катар мемлекетінің Консультативтік кеңесінің төрағасы Мұхаммад бен Мүбәрак әл-Хулейфимен кездесуі де маз­мұндылығымен ерекшеленді. Кездесу ба­рысында тараптар екіжақты қатынастар­ды дамытуда парламентаралық байланыс­тар­дың маңыздылығын атап өтіп, Қа­зақстан мен Катардың жоғарғы заң шы­ғарушы органдары арасындағы байла­ныс­тарды одан әрі белсенділендіру жайын айтты. Катар Парламентінің басшысы өз кезегінде Консультативтік кеңестің тарихы мен міндеттері туралы егжей-тегжейлі әң­гімелеп, ИЫҰ аясындағы парламент­ара­лық ынтымақтастықты дамытудың маңы­зына тоқталды. Бір атап өтерлігі, Қазақстан Парламенті Сенаты Төрағасының өзге мемлекет өкіл­­дерімен өткізген кездесулері бары­сын­да өркениетаралық үнқатысу арқылы өзара ынтымақтастық пен келісім діңгегін беркіту, бұл ретте мемлекетаралық байла­ныс­тар­ды нығайту жайы басшылыққа алынды. Өркениеттер Альянсының IV форумы барысында оған қатысушылар діни әралу­андылықты ортақ ізгілік жолына бастау және мәдени әралуандылықты дамудың тиімді тетігіне айналдыру арқылы ғана халықаралық қоғамдастық кеңістігінде өз­ара сенім мен төзімділік ауанының қа­лып­тасуына жол ашылатынына сенім білдірді. Ал мәдени әралуандылықты тиімді бас­қа­ру мен дінаралық түсіністікті дамыту, осы мәселелердегі қатып қалған қағида­лар мен субъективті пікірлерге қарсы тұру тұ­рақты қоғамның басты алғышарты болары анық. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, Астана–Доха– Астана.