20-31 тамыз аралығында Венгрияның бас шаһары Будапеште бокстан жастар арасындағы әлем біріншілігінің жалауы желбірейді. Қазақстан құрамасының аға жаттықтырушысы Ғалым Кенжебаевтың айтуынша, осы жарыста ел намысын 9 былғары қолғап шебері қорғайды. Олар – Махмуд Сабырхан (49 кило), Бейбарс Жексен (56 кило), Рахат Сейітжанов (60 кило), Талғат Шәйкен (64 кило), Ермахан Жақпеков (69 кило), Нұрбек Оралбай (75 кило), Сағындық Туғамбаев (81 кило), Айбек Оралбай (91 кило) және Дамир Тойбай (+ 91 кило).
Жастар буыны арасындағы жарыстардың талайында Қазақстанның өрендері жасындай жарқырап, толағай табыстарға қол жеткізді. Бүгінгі таңда мемлекетіміздің мақтанышына айналып отырған гүрзі жұдырықты жігіттеріміздің дені дәл осы бәсекелерде ысылып, әр жылдары жеңіс тұғырына көтерілді. Алысқа бармай-ақ, соңғы бес әлем біріншілігінің нәтижелеріне зер салсақ та жеткілікті деген ойдамыз. Мәселен, 2008 жылы Мехикода ұйымдастырылған жарыста Данияр Елеусінов (60 кило) пен Иван Дычко (91 кило) күміс медальді мойындарында жарқыратты. Данияр ирландиялық Рей Мойлетке, ал Иван кубалық Эрисланди Савонға ұтылды. Екі ретінде де бәсеке тағдырын екі ұпай ғана шешкен еді.
2010 және 2012 жылдары Баку мен Ереванда өткен жарыстың нәтижесіне көңіліміз толмады. Әзербайжанда бірде-бір боксшымыз жүлдегерлер санатына қосыла алмаса, Арменияда Дәулет Байғабатовтың (75 кило) жалғыз қола медалін қанағат тұтуға тура келді.
Есесіне 2014 жылы Болгарияның бас шаһары Софияда төрт жерлесіміз ақтық сында айқасып, төрткүл дүние жанкүйерлерінің назарын өздеріне аударды. Атап айтсақ, қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырған Шалқар Ақшабай (49 кило) мен Абылайхан Жүсіпов (60 кило) алтын тұғырдан қол бұлғады. Финалда Шалқар өзбекстандық Сулейман Латиповті жеңсе, Абылайхан румыниялық Арсен Мұстафадан айласын асырды. Шешуші сәтте ғана ұтылған Сұлтан Зәуірбек (56 кило) пен Владимир Казаков (81 кило) күміс жүлдеге қол жеткізді. Осы көрсеткіштің арқасында Қазақстанның жастар құрамасы өз тарихында тұңғыш рет әлем біріншілігінің жалпы есебінде бас жүлдені олжалады.
2016 жылғы доданы Ресейдің Санкт-Петербург қаласы қабылдады. Нева жағалауында асқан шеберлік танытқан Садриддин Ахмедов (69 кило) бас жүлдені қанжығасына байлады. Финалда ол украиналық Павел Гулаға адым аштырған жоқ. Ақтық айқаста қарсыластарына бір ғана ұпай айырмашылығымен есе жіберген Саматәлі Төлтаев (56 кило) пен Бек Нұрмағамбет (75 кило) күміс медальді мойындарында жарқыратты. Ал Бекзат Нұрдәулетов (81 кило) қолаға қол созды. Жарыстың жалпы есебінде Куба мен АҚШ құрамаларын ғана алға жіберген Қазақстанның былғары қолғап шеберлері үшінші орынға тұрақтады.
Міне, енді бізді Будапештегі әлем біріншілігі күтіп тұр. Бұл жарыста кімдердің бақ сынайтынын жоғарыда айттық. Бұл жігіттердің барлығының да түрлі халықаралық додаларда жүлде алып жүргенін жанкүйерлер жақсы біледі. Оның үстіне үстіміздегі жылдың сәуір айында Бангкокта жалауы желбіреген Азия біріншілігінде 6 алтын, 1 күміс және 1 қола медальді иеленген отандастарымыз командалық есепте бас жүлдені олжалаған еді. Енді әлемдік додада да өзіміздің мықтылығымызды дәлелдеуге тиіспіз.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ