Қылмысты ашумен, қылмыскерлерді іздестірумен айналысатын тәртіп сақшылары күнделікті жұмыстарында небір қиындықпен бетпе-бет кезігеді. Қандықол қылмыскерлерді дер кезінде ұстап, қылмыстың жедел ашылуына мұрындық болып жүрген олардың еңбегі орасан. Осы орайда біз Қарағанды қалалық ІІБ Оңтүстік-шығыс ПБ криминалдық полиция бөлімшесі бастығының орынбасары, полиция майоры Мұратхан Майлаяқов жайында әңгіме өрбітуді жөн көрдік.
«Қай жұмысты алып қарасаң да, әрқайсысының өз қиындығы бар. Әсіресе қылмыстық іздестіру саласында қызмет ету кез келгеннің қолынан келе бермейді», – дейді кейіпкеріміз Мұратхан Оразалыұлы. Себебі бұл қызмет асқан табандылық пен қайсарлықты қажет етеді. Бастапқыда жедел қызметте жұмыс істегісі келіп ниет танытатын жастар көп болады, бірте-бірте өмірдің ағымымен қызметтің ауырлығына төтеп бере алмай, қатары селдірей береді.
Мұратхан ішкі істер органдарындағы қызметін 2007 жылдан Қарағанды қаласы, Октябрь полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі лауазымынан бастады. 2008-2013 жылдар аралығында Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің жедел уәкілі, ал 2013 жылдан бері қарай Оңтүстік-шығыс полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесі бастығының орынбасары болып қызмет етуде. Мұратхан Оразалыұлының әкесін білетін, көзкөрген аға әріптестері оған «Оразалының ұлы» деп құрметпен қарайды.
«Жақсы әке балаға қырық жыл азық» демекші, Мұратханның әкесі Оразалы Көкманұлы өзінің саналы ғұмырын ішкі істер органдарына арнады. Оның осы адал қызметі мен ісін бірге қызмет істеген азаматтар әлі күнге ұмытпайды.
Мәселен, ол кісі Оңтүстік-шығыс полиция бөлімі бастығының кадр жұмысы жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Ерлан Темірханұлының ұстазы болған екен. «Көп нәрсені маған үйретіп, көрсеткен сол кісі. Ол кезде оң мен солымызды жаңа ғана танып келе жатқан жас қызметкерміз. Әрине, кемшіліксіз адам болмайды. Берілген тапсырмаларды орындауда қателіктерге бой алдыратынбыз. Сонда аса бір салмақтылық пен төзімділік танытып, өзінің білгенін айтып, жол сілтеп отыратын», – деп еске алады Ерлан.
Оңтүстік-шығыс полиция бөлімі бастығының орынбасары болған Оразалы Көкманұлы кейін әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, ал зейнеткерлікке шығар алдында облыстың ішкі істер департаментінде бөлім бастығы болды. Қарап отырғанымыздай, Оңтүстік-шығыс полиция бөлімі Майлаяқовтар әулеті үшін сондай ыстық, сондай жақын.
Полиция майоры Мұратхан Оразалыұлының күнделікті қызметі құпия іс жүргізу, қылмыскерлерді іздеу, мәйіттерді анықтау, қызметті ұйымдастыру және бақылау сынды міндеттерден тұрады. Қарамағындағы қызметкерлердің жұмысын қадағалап, оны дұрыс ұйымдастыру басты міндеті болса, одан бөлек тәжірибесін жас қызметкерлермен бөлісіп, тәлімгерлік қырынан да танылып жүр.
Мұратхан Оразалыұлы тек үлгілі қызметкер ғана емес, сонымен қоса аяулы жар, ардақты әке, бір шаңырақтың отағасы. Жұбайы Аида екеуі Диляра мен Даниал есімді екі баланы тәрбиелеп, бақытты ғұмыр кешуде.
Индира ЕРДАНҚЫЗЫ
Қарағанды