• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Медицина 25 Маусым, 2018

Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі

986 рет
көрсетілді

Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен басталған буккроссинг жобасы аймақ тұрғындары тарапынан қолдауға ие болды.

Жаз қызығына енген жұрт әуелгіде саябақтар мен субұр­қақтар маңына қойылған кітап сөрелерін тамашалауға келсе, қазір тұрақты оқырманға айналып, іздеген туындыларын таңдап оқиды. Оқырман қажетін өтеуге бел шеше кіріскен басқарманың қызметкерлері арнайы сауалнама жүргізіп, тұрғындарды қызықтыратын әдебиеттер тізімін жасапты. Нә­ти­жесінде, Талдықорған қаласы мен облыстың Алакөл, Бал­қаш, Ескелді, Еңбекшіқазақ, Жам­был, Іле, Қаратал, Кербұ­лақ, Көксу, Панфилов, Тал­ғар, Ұйғыр аудандарының тұр­ғын­дары үшін ашық кітап сө­релері ұйымдастырылып, олар­­ға қазақ және шетел клас­сик­терінің шығармаларымен қатар та­нымдық-психологиялық кітаптар қойылды.

– Қазір әлем бойынша кітап оқитындар саны азайды деген дерек бар. Бұл технологиялық про­грестің ықпалы шығар. Бі­рақ адамдар мүлдем кітаптан бас тартты деуге болмас. Оқыр­манға жағдай жасау керек. Осы мақсатта буккроссинг форматы кең қолданысқа еніп жатыр. Бұл «кітап айналымы, оқыр­мандардың өзара кітап алмасуы» деген ұранмен жұмыс істейтін жоба. Біз де екі жыл бойына «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» атты шара ұйымдастырып келе­міз. Нәтиже жаман емес. Өткен жылғы есеп бойынша 792 адам оқыған кітаптарын өзара ал­масқан. Ал саябақтарда отырып кітап оқитын адамның саны төрт жүз жиырма адамға жетті, – дейді Алматы облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев.

Биыл да жалғасын тапқан жобаны күтіп жүргендердің дені балалар екен. Талдықорған қала­сындағы Қаратал өзенінің жағалауындағы демалыс орнына бара қалсаңыз, ашық кітап сөресінен таңдаған кітабын алып, құныға оқып отырған жас­өс­пірімдерді кездестіресіз.

– Біздің мамандар оқыр­мандар арасында сауалнама жүргізіп, қандай тақырыптағы туын­дыларға сұраныс барын зерттеп көрді. Басқарма көпшілікті қы­зық­тырған кітаптарға қар­жы бөлді. Қазір алынған кітап­тар қолжетімді сөрелерде тұр. Шараға оқырмандар ғана емес, кітап сыйлаушылар да белсене атсалысуда. Талдықорған қаласының тұрғындары тарапынан 56 кітап сыйға алдық. Биыл жоба аясы кеңейді. Аудан орта­лықтарындағы көрнекі жерлерге ашық кітап сөрелерін қойдық. Қапшағай, Текелі қалаларының көшелерінде де оқырмандарға арналған кітап сөрелері ашылды, – деді бізге басқарма басшысы Айдар Башбаев.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы