Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбековтің айтуынша, мемлекет кірісіне өткізілген тәркіленген мүлік алдымен комитеттің және оның аумақтық бөлімшелерінің қарамағына беріледі. Кейін ол мемлекеттік заңды тұлғалардың балансына өткізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz
Комитет төрағасының айтуынша, мұндай мүлікті олар тегін алады. Бұл шара бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында қарастырылған.
«Автокөліктерді сатып алғаннан гөрі, оларды тәркіленген мүлік қатарынан алған дұрыс (мұнда Перизат Қайраттың ісі бойынша тәркіленген көліктер туралы айтылып отыр). Бұл құқық мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерде бекітілген. Оларға неліктен осы құқықты пайдаланбасқа? Егер қандай да бір себеппен ешкім қызығушылық танытпаса немесе бұл көліктерді алуға ниет білдірмесе, онда олар аукцион арқылы сатылады», деді Нұрмахан Әділбеков.
Перизат Қайраттан тәркіленген көлік мемлекеттік органдардың меншігіне берілді
Оның мәлімдеуінше, Перизат Қайратқа тиесілі болған автокөліктер құқық қорғау органдарының қарамағына берілген.
Еске салайық, бұған дейін Перизат Қайраттың Mercedes-Benz көлігі Астана полициясына берілгені туралы жазған едік.