Астана Тәуелсіздік күні салтанатына келетін меймандарды қарсы алуға қазірдің өзінде дайын. Елорданың әуежайы арқылы келетін жолаушылар ағыны құқық қорғау органдарының тыңғылықты назарында болмақ.
Кеше ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің бастығы генерал-майор Қанат Тоқсейітовтің, КІІД басқару штабының бастығы полковник Жайдар Қарасаевтың және Астана халықаралық әуежайының қауіпсіздік жөніндегі вице-президенті Марат Шыңғысовтың қатысуымен өткен кездесуде бақылау ісін жақсарту мәселелері кеңінен сөз болды.
Елорданың әуе қақпасының техникалық жарақтандырылуы талқылаудың басты тақырыптарының біріне айналды. Алдағы жылы бейнебақылау жүйесі толықтай жаңартылып, әуежай ғимаратында қосымша бейнекамералар орнатылатын болады. Сонымен бірге қосымша полиция бекеттерін қою арқылы әуежай ғимараты ішіндегі нысандарды бақылаудың күшейтілетіні де атап өтілді. Тағы бірі жаңалық, жолаушылар қолжүгін қарау жүйесі бойынша енгізілмек.
Атқарылған жұмыстар аз емес. Әуежайда жүргізіліп жатқан қауіпсіздік шараларының өзі-ақ біздің заң бұзуға жол бермейтініміздің тағы бір дәлелі болып табылады, деп атап көрсетті Қ.Тоқсейітов кездесу кезінде. Сондай-ақ ол халықаралық әуежай ұжымын алда келе жатқан Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
«Егемен-ақпарат».