Талас ауданы Жамбыл облысының өнеркәсіп өндірісі дамыған аймағының бірі. Негізгі капиталға салынған инвестициялар жөнінен де аудан алға шығып отыр. Мәселен, өткен жылы жалпы өндірілген өнімнің және қызметтердің көлемі 33 миллиард 826 миллион 800 мың теңгені құрап, аудан экономикасының алға жылжуына оң әсерін тигізді. Ал 16 миллиард 808 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, көрсеткіш 6 миллиард 169 миллион теңгеге артқан. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялар 12 миллиард 218 миллион теңгені құрап, ауданның инвестициялық ахуалының артуына үлес қосып келеді.
Жалпы, бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарламалардың әсіресе аудандар үшін тиімділігі жоғары болып отыр. Мәселен, Талас ауданында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде жалпы құны 18 миллиард 211 миллион 700 мың теңгені құрайтын 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Айта кетейік, аудан орталығы Қаратау қаласындағы «Talas Investment Company» ЖШС жылына 15 мың тонна цианид натрийін шығаратын болса, «Жамбыл Недр» ЖШС жыл сайын 300 мың тонна цемент өндіруге, «Қаратау Про» ЖШС жыл сайын 110 мың тонна мәрмәр тасын өңдеп шығаруға қауқарлы. Бұдан бөлек, аудан әкімі Досмаханбет Әлиев аймақта жалпы құны 3 миллиард 735 миллион 200 мың теңгені құрайтын жел электр энергиясын өндіретін 2 жоба бойынша бизнес-жоспарлар мен жобалау-сметалық құжаттар дайындалғанын айтты. Нақты атап айтсақ, бүгінгі таңда Талас ауданында 5 инвестициялық жоба жүзеге асып келеді. Мәселен, жалпы құны 20 миллион теңгені құрайтын сүт және ет өнімін өндіретін «Жұма» жеке кәсіпкер цехы, мәрмәрдан плиталық тастар, баспалдақтар, кірпішке арналған табиғи тастар шығарумен айналысатын құны 15 миллион теңге болатын «Атамекен Мрамор Көктал» ЖШС, құны 20 миллион теңгені құрайтын, мәрмәр өңдеумен айналысатын «Азмина Мрамор» ЖШС, әртүрлі құрылысқа керекті кафельді клей, гипс сылағы, сәндік сылақ өнімдерін шығаратын «Жамбыл-Недр» ЖШС мен жылына 24 мың тонна мұнай өнімін өңдеп шығаратын «Қаратау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС аудан ахуалын тұрақтандырып, индустриялық аймақ қалыптастыруда белсенділік танытып отыр.
Бүгінгі таңда елімізде инвестициялық жобалар кеңінен жүзеге асуда. Бұл тұрғыда мемлекеттің де қолдауы аз емес. Әсіресе облыстарды индустриялық аймаққа айналдыру, ол үшін инвестициялық жобаларды көбейту мәселелері күн тәртібінде. Инвестициялық жобалар нәтижесінде кәсіпкерлікке де кең өріс ашылып, әсіресе аудан орталығынан, болмаса ауылды жерлерден әркім өзінің бизнесін ашып, экономикаға үлес қоса бермек. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша Талас ауданында 1 миллиард 151 миллион 600 мың теңгені құрайтын 20 жоба жүзеге асырылған. Сонымен қатар «Банк кредиттері бойынша кепілдік беру» құралы бойынша 2 жобаға 11 миллион 100 мың теңгенің кепілдік сомасы жүзеге асырылып, «Атамекен» ҰКП арқылы 2 кәсіпкерге 5 миллион 500 мың теңге несие берілген.
Жамбыл облысында аудандарға көгілдір отын тарту мәселесі қарқынды жүргізілуде. Осы уақытқа дейін Талас ауданын газдандыру мәселесі өзекті болып келді. Мәселен, ауданда 24 ауыл болса, соның ішінде аудан орталығы Қаратау қаласына және 9 ауылдың елді мекендеріне газ құбыры ауылға дейін жеткізілген. Газдандырылған 9 елді мекенде орналасқан 4 әкімшілік ғимаратты, 3 мәдениет сарайы мен 2 ауылдық клубты газдандыру үшін облыстық бюджеттен 39 миллион 578 мың теңге бөлініп, толық игерілген. Сонымен қатар Қаратау қаласының ішкі кварталдық газ жүйелерін жалғастыруға 223 миллион 95 мың теңге бөлініп, мақсатты жұмсалған. Бүгінде қаратаулық тұрғындар көгілдір отынның игілігін көріп келеді.
Ауылды жерлердің әлеуетін көтеру маңызды іс. Талас ауданының Қызыләуіт ауылының инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту мақсатында сумен қамтамасыз ету және су іркігіш имараттарына 249 миллион 161 мың теңге қарастырылған. Сонымен қатар Есейхан ауылындағы су жүйесінің құрылысына республикалық бюджеттен 200 миллион теңге, облыстық бюджеттен 22 миллион 222 мың теңге бөлінген.
Қасқабұлақ ауылында 120 орынға арналған орта мектеп құрылысын аяқтау жоспарда бар. Қаратау қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтау да негізгі мәселе. Сонымен қатар аудан орталығындағы Әлия Молдағұлова, Дінмұхамед Қонаев, Бауыржан Момышұлы көшелерін қайта жаңғырту нысандарын аяқтау да жіті назарда. Осы және өзге де мәселелерге облыстық бюджеттен тиісті қаражаттар бөлініп, жұмыстар атқарылуда, – дейді Талас ауданының әкімі Досмаханбет Әлиев.
Қазыналы Қаратауды бойлай қоныстанған Талас ауданындағы атқарылған шаруалардың дені осындай. Ауданның ахуалы күн санап жақсарып, жұмыстар да жүйеленіп келеді.
Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы