• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Медицина 26 Маусым, 2018

Неке жүзігі немесе жұбайлық өмірде жолы болудың бес белгісі

2400 рет
көрсетілді

Бірде құрбыларымызбен қауқылдасып отырып, біреуі: «Бүгін жұмыста біраз жігіт көз салып, қолпаш әңгімелер айтқанға құлпырып, шынында да әдемі болып кеткен екенмін ғой десем, неке жүзігімді тағуды ұмытып кетіппін. Құдайдың құдіреті, егер жүзігімді тағып жүрмесем, күйеуім екеуміз қараптан-қарап ұрсысып қалады екенбіз», дейтін елеусіз сөзді қыстыра салды.  

Сол сәтте есіме неке жүзігіне қатысты тағы бір танысымның мистика сияқты әңгімесі сап ете қалғаны. «Тоқта, тоқта» деге­нім­ді дудырап қалжыңдасып отыр­ған достарымыз аңғармады-ау дей­­мін, әрі қарай әдеттегідей, бір-біріне дес бермей сөйлесе берді. 

Олардың сөре ақтарып, қағаз қопарып кеткен менде шаруа­лары жоқ. 

...Сонымен Барбара Керр дейтін ғалым бастаған Канзас универ­ситетінің психологтары көп жыл бойы бақытты деген отбасыларды бақылай келе, төмендегідей тұжырымға тоқтаған. Ендеше некеде бақытты болудың бес шарты мынадай. 

Кешке бәрі дастарқанға жиналады

Әдетте, бақытты отбасының әрбіреуі ешкім айтпай-ақ, кешке қарай үйге асығатын көрінеді. Олар тамақ іше отырып, күні бойы көрген-білгендерін айтады, әңгімелеседі. Қандай да бір ортақ мәселелер болса, дастарқан басында айтылады. Келесі күннің жоспары құрылады. Отбасы мүшелерінің біреуінің басында қиындық туса, бәрі бірге қолдау білдіріп, жұбатып, тығырықтан алып шығудың жолдарын қарастырады. 

Байқасаңыз, бұл Юнгтің тұ­жырымына да сәйкес келеді. От­басы дегеніміз – кішігірім тера­пиялық топ. Күн сайын кешкілік дастарқан басында тоғысу арқы­лы, ең жақын адамдардың қол­дауы мен қамқорлығын се­зіну неміс психоаналитигі Берт Хеллингердің тұжырым­дама­сына сәйкес келеді. 

Бәрі еңбек етеді

Бақытты отбасылардың бар­лық мүшелері жұмыс істейді. Мұндай үйде төбеге шырт тү­кіріп, өзгелердің жүйкесін жұ­­қар­татын жатыпішер жоқ. Әр­қайсысының айналы­са­тын тірлігі, қызығатын ісі бар. Ерлі-зайып­тылардың екеуі де үйге табыс әкеледі. Бұл жерде әйелі мен күйеуінің экономикалық дәрежесі мен табыс деңгейі ма­ңызды емес. Яғни, әлеуметтік баспалдақта бәсекелесіп жатқан адам жоқ. Яки, бақытты сезіну деңгейі әлеуметтік деңгейге тәуелді емес. Ең бастысы, отбасы мүше­лері бірін-бірі құрметтейді, бағалайды, сыйлайды. Жоғарыда айтып өткендей, кешке дастарқан басына жиналғанда айтылатын әңгіме табылады. 

Оңаша қалуға мүмкіндік бар

Отбасында бақытты адамдар өмірде осындай жақындарының бар екеніне тәубе айтса да, оңаша отырып ой шомғанға, демал­ғанға не жетсін?! Демек, әрбір адамның өзінің жеке кеңіс­тігі болуы керек. Бақытты отба­сылар бір бірінің, тіпті отба­сының ең кішкентай мүшесінің де жеке кеңістігін сыйлайды. Әрине әлеуметтік мәселе әр­түр­лі мұқтаждықтарды тудырады. Сондықтан әсіресе бар­лық кезде қаладағы тар пәтер­лерде тұратын отбасы мүше­лерінің бас-басына жеке бөлме қайдан болсын. Алайда үйде тыныштық сақтауға болатын бір бөлме болуы керек. Әсіресе жұ­мыстан қалжырап келген отағасы оңаша ойланып, кітап оқып, газет ақтарып жататын орын ауадай қажет. Бала-ша­ғаңды қанша жерден жақсы көріп тұрсаң да, кейде олардың у-шуы мен еркелігін көтере алмай­тын кездер болады. Ал пси­хологтар мұны «апан» деп те атайды. «Апанды» ер адамдар көбірек қажет етеді. 

Мына қызықты қараңыз, Кеңес өкіметінің тұсында пәтер­лер құрқылтайдың ұясындай тар етіп салынғанын білеміз. Ол да бір астары терең қитұр­қы саясат қой. Ерсілеу болса да, жалғандығы жоқ. Кеңес­тік заманның еркектері оңашал­а­натын орын әжетхана болған ғой. Кей азаматтар сол інінде отырып, үздіксіз айналып жат­қан кіржуғыш машинаның әйнегіне қарап отырғанды жақсы көретіндіктерін мойындайды. 

Сол сияқты, әлмисақтан ер адамдар отқа ойсыз қарап отыр­ғанды жақсы көрген. Осы­лайша, ойсыз бір нүктеге қада­лу кәдімгідей демалдырады. Айтқандай, теледидар мұн­дай медитация көзі бола алмай­ды екен. Демек, медитация нысаны адам миындағы логи­калық сол жақ жартышарды уақыт­ша өшіріп, тыным беретін мағы­насыз болуы керек. 

Қатаң тәртіп жоқ

Ал некеде бақытты болудың төртінші құпиясы мынадай. Ең бастысы бақытты отбасында еркіндік бар. Ал бақытсыз үйде азаттықтың ауасы сезілмейді. Мұндай үйлерде қатып қалған бір қатаң тәртіп жоқ. Жанұядағы қарым-қатынас күрделі болған сайын ол отбасы мүшелерін алыс­татып, шекара сызығын қалың­дата бермек. Өйтпе-бүйтпе, деп бірін бірі қажай берген жандар қалай бақытты болмақ? Отырса опақ, тұрса сопақ көретін адамдар бірін-бірі сүйетініне де сену қиын. 

Жақсы көретін адамдар ғана бір бірінің кемшіліктерін аса байқай бермейді. Шындығына келгенде, жек көретін адамың­ның жәй ілініп тұрған түймесінің өзі де жынға тиеді. 

Қысқасы, бақытты некеде қа­саң қағида, болмайтынды бол­дыр дейтін қатаң талап жоқ. Отбасы мүшелерінің бір-біріне қарым-қатынастары жеңіл. Қан­дай мәселе туындаса да бір-біріне айтудан қаймықпайды, қаш­қалақтамайды. Ең бастысы, бақытты үйдің адамдары кешке өз шаңырағына қарай асығып тұрады.

Неке жүзігін тастамайды

Міне, біз осы мақаланы жазу­ға түрткі болған тұсқа да жеттік. Сәтті некеде бақытты жандар қуанышта да, қайғыда да мәңгілік бірге болуға серттес­кен сәтте саусақтарына салған жүзік­терін өле-өлгенше тастамай тағып жүреді. Мәселен, Альберт университетінің тағы бір зерт­теушісі Эндрю Харрел екі мыңнан астам жұпты зерттей келе, осындай қорытындыға келген. 

Оның пайымдауынша, неке жүзігін тағып жүретін ата-аналар бала тәрбиесімен да табыс­ты айналысады. Және мұндай ерлі-зайыптылардың балалары ақыл-ойының дамуы жағынан болсын, сабақ үлгерімі жағынан болсын, өз тетелестеріне қарағанда әлде­қай­да озық тұрады екен. Осын­дай отбасында өскен балалар ауру-сырқауға сирек ұшырайды. Жа­ман­дықтарға да аз душар болады. 

Мәселе мынада. Неке жүзі­гін таққысы келмейтіндер – психо­логиялық тұрғыдан келгенде әлі де өзінің отбасылы екендігін толық мойындамайтындар. Мұндай адамдар жауапкершілік жүктеуден қашып тұрғанынан өздері түйсінбесе де, сәби мұны іштей бәрібір сезіп қояды. Оған қоса, неке жүзігінің мәнін бала түсінеді, әке-шешесі бір бірінікі екендігін ұғынып өседі. 

Ақиқатында, өмір бойы іздеген жартымды табуда жаңы­лыспадым дейтін, бірін-бірі шын сүйіп қосылған адамдар үшінші біреуді қайтсін?! 

Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ