• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Маусым, 2018

«Egemen Qazaqstan» газетінің қызметкері «Парламент сөзі» сыйлығымен марапатталды

366 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің төрағасы БАҚ өкілдерін «Парламент сөзі» сыйлығымен марапаттады.

«Қалам тербеген ақпарат өкілдері еліміздің айнасы болып отырсыздар. Себебі еліміздің даму жолындағы барлық жаңалықтар, барлық өзгерістер БАҚ арқылы байтақ елімізге, барша әлемге тарайды. Баршаңызға белгілі, Елбасымыз еліміз Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстандағы барлық ақпарат құралдарына ерекше назар аударып, әрқашан үлкен көмек көрсетіп тұрады. Соның нәтижесінде, еліміздің ақпарат құралдарында бүгінде мыңдаған кәсіби мамандар жұмыс істейді, үздік техникалармен, технологиялармен қамтылған. БАҚ-ты еліміздегі маңызды саланың бірі деп айтуға болады. Баршаларыңыз осы салада табысты еңбек етіп, өздеріңізге жүктелген жауапкершілікті зор абыроймен атқарып келесіздер. Сіздерге қандай құрмет көрсетсек те, артық болмайды», деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин БАҚ өкілдерін төл мерекелерімен құттықтау кезінде.

Биыл байқауға қатысушылар саны былтырмен салыстырғанда, екі есе көп болған.

«Осымен екінші рет Үлкен Мәжіліс залында «Парламент сөзі» сыйлығымызды тапсырғалы отырмыз. «Парламент сөзі» - ол әрине, елдің сөзі, халықтың сөзі. Оны сіздер әрбір отбасына, мемлекетіміздің әр азаматына жеткізіп жүрсіздер. Оны күнде оқимыз да, көріп те келеміз. Сондықтан депутаттық корпус атынан ризашылығымызды білдіреміз»,  деді Мәжіліс төрағасы.

Сонымен, «Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымында белгілі жазушы Ғаділбек Шалахметов марапатталды. Осы аталымдағы сыйлық танымал журналист Татьяна Костинаға да тапсырылды.

«Үздік интернет және радио материал үшін» аталымында сыйлық «ҚазАқпарат» ХАА сарапшысы Мұратбек Мақұлбеков пен «Nur.kz» ұжымына берілді.

«Үздік телевизиялық сюжет» аталымында «Хабар» телеарнасының тілшісі Гүлжан Марқабаева мен «31 арнаның» тілшісі Илья Рыбин лауреат деп танылды.

«Үздік баспа жарияланымы үшін» аталымында «Eqemen Qazaqstan» газетінің саясат және құқық бөлімінің меңгерушісі Жолдыбай Базар мен «Время» газетінің тілшісі Лэйла Тастанова жеңімпаз болды.

Сонымен қатар «Арнайы репортаж» аталымында лауреат болып «КТК» телеарнасының тілшісі Жәудір Оразханова аталды.

Ал «Парламент сөзі» сыйлығының «Үздік видео және фото материал» аталымында «1 канал «Евразия» операторы Рустам Абельдинов пен «Bestnews.kz» АА фототілшісі Жанар Сердалина марапатталды.

Жеңімпаздарға арнайы тапсырыспен жасалған Парламент бейнесіндегі мүсіндер мен дипломдар табыс етілді.

Естеріңізге сала кетейік, «Парламент сөзі» сыйлығы алғаш рет 2017 жылы тапсырылған.