• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Маусым, 2018

Астана шежіресі: 2001 жыл

850 рет
көрсетілді

2001 жыл

25 қаңтар – Елбасы Н.Назарбаев Нью-Йоркте шығатын 5,6 миллион оқырманы бар «Businesweek» журналына сұхбат беріп, еліміздің тәуелсіздік жылдары жеткен жетістігі мен Астана туралы жан-жақты баяндады.

30 қаңтар – Астанада Президент Н.Назарбаевтың қатысуымен әкімдердің республикалық кеңесі өтті. Жиында тәуел­сіздіктің он жылында атқарылған жұмыс­тар сараланып, әкімдерге жаңадан 11 түрлі нақты міндет жүктеді. 

19 наурыз – Президент Жарлығымен «Астананың гүлденуі – Қазақстанның көркеюі» атты Астана қаласын әлеуметтік-эко­номикалық жағынан дамытудың мем­лекеттік бағдарламасы бекітілді.

30 наурыз – Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысымен «Болашақ» халықаралық стипендиаттарының Қауым­дастығы құрылды. 26 сәуір – Ыстамбұлда Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының VII саммиті өтті. Мәртебелі басқосуда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылық хартиясын әзірлеуді ұсынды.

9 мамыр – Астанада «Отан қорғаушылар» мемориалдық кешені ашылды.

13 мамыр – Есілдің оң жағалауында қаһарман қолбасшы, қазақтың соңғы ханы – Кенесары Қасымұлының еңселі ескерткіші ашылды.  18 мамыр – Моңғол даласында тұрған көк түркілер көсемі Күлтегін ескерткішінің көшірмесі Қазақ елінің ордасы – Астана қаласына жеткізіліп, мүсін Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің бас ғимаратына орналастырылды. 

1 маусым – Минскіде ЕурАзЭҚ Мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы өтті. Төраға болып Н.Ә.Назарбаев сайланды.

9 маусым – Астанада «Атамекен» Қазақстан картасы этнографиялық-мемориалдық кешені ашылды. 

10 маусым – Астана қаласы өзінің кезекті туған күн мерекесін тойлады. Салтанатты шараға Мәскеу мэрі Ю.Лужков, Душанбе мэрі М.Убайдуллоев, Ереван мэрі Р.Назарян, Анкара мэрі М.Гөкчек қатысты.

19 маусым – Астана күні мерекесінің аясында ТМД-ның ірі қалалары халықаралық ассамблеясының V сессиясы өтті. Ассамблея құрамына кіруге тілек білдірген Якутск, Вологда, Красноярск, Элиста, Мурманск, Пенза сияқты қалалардың өтініші бірауыздан қабылданды. 

26 маусым – Астанада «SOS Қазақстан балалар қалашығы» ашылды. Салтанатты жиында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалашықты ашуға көмек берген халықаралық «SOS Kinderdorf» қайырымдылық қорының басшысы Гельмут Кутинге шын жүректен алғыс айтты.

29 маусым – Мемлекет басшысы «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Жарлыққа қол қойды.

16 шілде – Президент Нұрсұлтан Назарбаев грек елінің ең жоғары наградаларының бірі – Құтқарушы орденімен наградталды.

27 тамыз – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалі тағайындалды. Медальдің сыртқы бетінің жоғарғы жағына - «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» жазуы, ал төменгі бөлігінде «10 лет независимости Республики Казахстан» деген жазу орналасқан. 

22 қыркүйек – Рим Папасы Иоанн Павел II бас қаламызға ұшып келді. Халықаралық әуежайдан мәртебелі мейманды Президент Н. Назарбаев бастаған ресми адамдар күтіп алды. Қазақ даласына алғаш рет аяқ басқан Ватикан мемлекетінің басшысы ыстық ықыласпен қарсы алған қауымға алғыс айтып, қазақ топырағын сүйді. Ертеңіне, «Отан-Ана» ескерткішінің алдында 20 мыңға жуық адамға уағыз айтты. 

17 қазан – Астанада «Қазақстан және Назарбаев: өзгерістер қисыны» кітабының таныстыру рәсімі өтті.

29 қараша – Мәскеуде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесіп, Ресейдің Байқоңыр ғарыш айлағын жалдау ақысын төлеу жөніндегі келісімге қол қойды. 

8 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев пен АҚШ Президенті Дж.Буш ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікті нығайту туралы мәлімдемеге қол қойды.

16 желтоқсан – Астанада Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған салтанатты жиналыс болып өтті. Онда Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. 

30 желтоқсан – Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан халқының денсаулығын жақсарту, денсаулық сақтау жүйесін қолдау және саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында алдағы «2002 жыл – Денсаулық сақтау жылы» болып жарияланды.

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

"Егемен Қазақстан"