Кеше Үкімет отырысында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарлар таныстырылып, кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру туралы заңды іске асыру шаралары және Астана агломерациясын іске асыру барысы талқыланды.
Әлемде жыл сайын онкологиялық аурулардан зардап шеккендер саны айтарлықтай артып отыр. Әрбір алтыншы адамның өлімі қатерлі ісіктердің уақытында емделмеуі салдарынан туындайды. Дәрігерлердің айтуынша, онкологиялық аурулар бірден анықталмайтын болғандықтан, емдеу шаралары ұзаққа созылып, науқастардың жағдайы күрделене түседі. Біздің елде де бұл дертке шалдыққандар саны соңғы 10 жылда 9,5 пайызға ұлғайған.
Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Қазақстан Республикасының 2018–2020 жылдарға арналған онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарын» таныстырды. Аталған жоспар негізінде профилактиканы дамыту және қауіп факторларын басқару, онкологиялық аурулардың жоғары тиімді ерте диагнос-
тикасы, онкологиялық көмек көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу, онкологиялық көмекті цифрландыру, кадрлық әлеует пен ғылымды дамыту басшылыққа алынбақ. Соның негізінде 2020 жылы Астанада Ұлттық онкологиялық орталық құру жоспарланып отыр. Бұл ретте, Ақтауда 100 орынға арналған диспансер салу мәселесі қаралуда, сонымен қатар Павлодар облысында уақтылы медициналық көмек көрсету үшін 200 орындық жаңа онкологиялық диспансер салыну көзделген.
– Кешенді жоспарды іске асыруға 35,1 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат негізінен халықтың нысаналы топтарын скринингтермен қамтуды ұлғайту арқылы онкологиялық ауруларды ерте анықтауға, диагностика мен ісікке қарсы емді бақылау үшін ПЭТ зерттеулері қызметтерін жақсартуға, онкологиялық аурулары болуы мүмкін адамдардың диагностикалық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға, қатерлі ісіктерге молекулярлық-генетикалық тестілеуді енгізуге, телепатология арқылы диагностиканың күрделі жағдайларына халықаралық консультациялар жүргізуге бағытталады, – деді Е.Біртанов. Бұған қоса, министр онкологиялық ұйымдар цитостатистикалық орталықтан сұйылтуға арналған жабдықтарды сатып алуды жоспарлап отырғанын атап өтті. Бұл антисептикалық дәрілерді тиімді, қауіпсіз және ұтымды пайдалануды қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда министрлік тарапынан медицина саласына IBM Watson for Oncology жасанды зердесін енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Онда жеке емдеу әдісін ұсынып, онкологиялық сараптауға, шетелдік медициналық оқулықтарға қол жеткізу көзделген.
– Осы мақсатта мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тетіктерін пайдалана отырып, 149 бірлік жабдық сатып алу жоспарланған. Министрлік онкологиялық қызметтің инфрақұрылымын дамыту бойынша ұсыныстарды қарастыруға және әріптестікке дайын. Біз жергілікті атқарушы органдарды жеке сектормен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға шақырамыз, – деді Денсаулық сақтау министрі.
Кешенді жоспар жобасы және онкологиялық көмекті цифрландыру барысы туралы баяндаған Алматы онкология және радиология ҒЗИ директоры Д.Қайдарова жобаны іске асыру аясында медициналық ұйымдарды заманауи цифрлы технологиялармен (мамолографтар, колоноскоптар және т.б.) жабдықтау бойынша жасалған жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, онкологиялық дертке шалдыққандар елімізде жоғары технологиялардың жоқтығынан шетел асуға мәжбүр болып отыр. Сонымен қатар кешенді жоспар аясында әлемдегі озық емханалармен өзара келісім жасалып, онда қазақстандықтар өз елімізде шетелдік мамандардың кеңесімен ем қабылдауға мүмкіндік алады. Айта кетерлігі, биылдан бастап ел аумағындағы емханалар мен ауруханаларда 30-70 жас аралығындағы әйелдердің тегін онкологиялық тексерістен өтуге мүмкіндіктері бар. Арнайы сараптама жүргізу нәтижесінде тұрғындар арасында қажетті деп танылмаған скринингтер алынып тасталып, оның орнына мемлекеттен бөлінген қаражатқа сүт безін, жатыр мойнын, колоректалды обырларды зерттеуге скрининг жүргізу қолға алынған. Жоспарға сәйкес, бүгінгі күні ел тұрғындарының 45 пайызына аталған тексерістен өту қарастырылса, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 70 пайызға дейін жеткізу көзделген.
Жиын барысында «2018–2020 жылдарға арналған онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды» Үкімет мүшелері бірауыздан қабылдады.
Кәсіпкерлікті дамыту заңнамалық тұрғыдан бекидіБиылғы жылдың 24 мамырында Мемлекет басшысы бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуге, сондай-ақ әкімшілік кедергілер мен бизнес шығындарын қысқартуға бағытталған «Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері туралы» Заңға қол қойған болатын. Жиында сөз алған Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов заңды жалпы іске асыру үшін 146 заңға тәуелді актіні қабылдау қажеттігін айтты. Оның ішінде «Doing Business» рейтингіндегі Қазақстанның позицияларын жақсарту мақсатында 24 нормативтік құқықтық актілер қабылдау зор маңызға ие. Заңға тәуелді барлық актілер әзірленіп, олардың көбі қазіргі кезде мемлекеттік органдарда келісу рәсімдерінен өтуде. Заңды кеңінен түсіндіру мақсатында 8 маусымнан бастап Павлодар, Көкшетау, Алматы, Ақтөбе қалаларында кәсіпкерлер арасында ақпараттық-түсіндіру шаралары жүргізілген.
«Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру туралы» Заңды іске асыру бойынша Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Әділет министрі Марат Бекетаев, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов баяндама жасап, аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Жауапты басшылардың баяндамасын тыңдаған Бақытжан Сағынтаев қабылданған заңға өңірлер қолдау білдіріп отырғанын айтып, кәсіпкерлер қажетті нормативтік-құқықтық актілердің жылдам қабылдануына асығулы екендіктерін жеткізді.
– Жоспардың мерзімдерін тағы бір рет қарап шығу керек. Қанат Алдабергенұлы баяндамасында аталған заңдар қараша айында қабылданатынын айтты. Енді тағы да жарты жыл күтіп жүреміз. Биылғы жылдың 24 мамырында шешім қабылданып, жария түрде қол қойылды. Одан бері 1 ай өтті. Біз жоспарды кешеуілдетіп қабылдап жатырмыз. Ал министрліктер тарапынан қабылданатын нормативтік құқықтық актілер жылдам түрде өтуі керек. Мерзімдерді ұсынылған кесте бойынша қайта қараңыздар, – деді Үкімет басшысы.
Астана тоғыз жолдың торабына айналадыАстана агломерациясының іске асырылу барысы туралы Ұлттық экономика вице-министрі Р.Дәленов, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Ұлттық экономика вице-министрінің айтуынша, 2020 жылға дейін Астана агломерациясын дамыту бойынша өңіраралық іс-шаралар жоспары қабылданып, онда үш басты бағыт бойынша 82 шараны іске асыру қарастырылған. Бүгінгі таңда 72 шара орындалса, қалған 10-ы бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Қала құрылысын жоспарлау құжаты негізінде Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы әзірленіп, бекітілген. Сонымен қатар халықты қоныстандыру және өндірістік күштерді орналастыру, инженерлік, көліктік, әлеуметтік және рекреациялық инфрақұрылымдарды дамыту жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Жеңіс Қасымбек келтірген мәлімет бойынша, Астанадағы жеңіл рельсті көлік жүйесінің (Астана LRT жобасы) құрылысына 16,2 млрд теңге бөлінген.
– Қытайлық компаниялар консорциумының қатысушысы – «China Railway No.2 Engineering Group Co., Ltd» компаниясы құрылыс-монтаждау жұмыстарына 1-ші санаттағы лицензия алып отыр. Ол компания тіреуіш іргетастарды, эстакадаларды орнату жұмыстарын жүргізеді. Барлық желі бойынша құрылыс нысандарына 121 ауыр техника мен 2 262 жұмысшы жұмылдырылады,– деді Жеңіс Қасымбек.
Министрдің айтуынша, Астана қаласының сыртқы айналма жолдарын тұйықтау мақсатында «Астана қаласының Оңтүстік – Батыс айналма» автокөлік жолын салу жұмыстары жүргізілуде.
– Автожолдың ұзындығы – 33 шақырым. Ол 4 жолақты қозғалысы бар 1-ші санатты жол болып салынады. Жобаға 344 құрылыс техникасы, 621 жұмысшы тартылды. Шарт бойынша жолды салу жұмыстары өткен жылы басталды. Жоба келер жылы аяқталады, – деді министр.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»