• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Маусым, 2018

Жұлдыздар жарқылы: Найзағай

975 рет
көрсетілді

Оңтүстікте Керімбек Ниязбай деген жігіт ағасы бар. Керім десең керім жігіт. Өзі Қостанайдың қазағы. Тағдырдың жазуы ғой, Оңтүстіктің дәм-тұзы бұйырған. Әскерден келген соң Шымкенттегі көркемсурет, графика колледжіне оқуға түседі. Қостанайдағы Жетіқараның қазағы қазақ мектебінде оқығанымен, ұлтының көп жақсы қасиеті, салт-дәстүр, мәдениетінен ақсайды екен. Соған намыстанған ол «қашан толыққанды қазақ болмайынша басымнан тақия шешпеймін» деп ант етіп, қазақы тақия киіп алған. Содан бері жиырма жылға таяу уақыт өтті. Қазақ тарихын, ұлт болмысын бір кісідей білсе де оның жалаңбас отырғанын ешкім көрген емес. 

Оңтүстікте алғаш рет ани­ма­циялық өнімдер жасайтын «Жебе» компаниясының қазы­ғын қақты. «Алтын Жебе» халық­аралық анимациялық конкурсын ұйымдастырды. Еуропа, АҚШ, ТМД елдерінен әлемге әйгілі ани­маторлар келіп қатысып, ше­берлік сағатын өткізді. 

Сол «ерекше адам» Керім өмі­рімде бір ерекше адам көрдім дейді.

Сексенінші жылдардың ортасы. Бұлар каратэмен айналысады. «Бір күні жаттығу жасап жатыр едік, гүмп-гүмп еткен дауыс залды жаңғыртып жіберді дейді. Дауыс бокс залынан шығып жатыр. Кереметті көрмекке бә­рі­міз жүгіріп бардық. Басы қа­зан­дай, орта бойлы жігіт бокс қап­шығын ұрып жатыр екен. Әр соққанда қабырға дірілдегендей, қазір құлап, кірпіштері үгітіліп қалардай болады. Қазанбас жігіт бізге пысқырып та қараған жоқ», дейді Керім.

Бұл бір күні көптен сыйласып жүрген қызды ресторанға шақырады. «Шымкент» қонақ-үйі. «Палуба» мейрамханасы. Ке­ме палубасы секілдендіріп сырт­қа жайылған столдың біріне иелік қылып отырғанда, бір қора кав­каздық жігіттер аспанды басына көтеріп даудырап кіріп келеді.

Шымкент қазақтың ең көп қоныстанған жері делінгенімен, ол кезде қалада қазақ аз. Басқа ұлттардың қандастарымызды бо­йына теңгермей тұрған уақыты.

Өз деміне піскен Қап тауының жігіттері өз елінің әуендерін қой­ғызып, қарқ-қарқ күліп отырады. Керімбек намыстан қызынып, қыздан қысылып өліп барады. Ауыз ашса оншақты жігіттің жүн­дей түтері анық. Көмектесе қояр қазақ қарасы аз.

Бір кезде мойында «бабочкасы» бар ақ көйлек киген, қара костюм шалбарлы қазанбас жігіт кіріп келеді. Қолтығында үріп ауызға салғандай әдемі қыз.

– Қазанбас боксшыны көр­генде әкем тіріліп келгендей қуан­дым-ай, – дейді Керім. – Қасым­дағы қызға «ол боксер, жақсы танимын» деп қойдым.

Боксшы тағамдарға тапсырыс берді. Қасындағы еліктің лағындай ерке қыз екіленіп билеп жатқан кавказдықтарға үркектеп қарап қояды. Лезгинка кетті. Сол кезде мейманасы тасыған дәу біреу боксшының қасындағы елік қыздың қолынан тартады.

Биге шақырған түрі. Қасын­дағы жігітін көзге іліп тұрған жоқ. Боксшы «болмайды» деп әлгі дәудің қолын қағып жібе­реді. Мұндай қарсылық көрмеген жанындағылар үймелеп келіп қалады. Сол қолымен қызды қақ­пайлап артына шығарған қазанбас жігіт басқыштан түсіп барады. Оң қол жарқ ете қалды. Дәу опырылып құлаған. Алға. Екіншісі ақырып ұмтылған. Оң қол тағы жарқ еткен. Төменге түскенше бес-алтауы басқышқа тө­сеніш болып қалыпты. Біреуі басын көтере алмайды. Өзінен зор шықса бұл шіркіндердің кірерге тесік іздейтін әдеті. Қызын қолтықтап бара жат­қан жігіттің ту сыртынан қарап қалыпты. «Ой, сондағы мей­манамның тасығаны-ай» дейді Керім. Кірмегені қара жер болған кав­каздықтар бір қазақтан оңбай таяқ жеп, тілдерін жұтып, құлап жатқандарын сүйемелдеп сытылыпты.

«Сол қазанбас боксшының атақты Серік Өмірбеков екендігін ертесіне білдім» дейді Керім.

...Ұрғанын тұрғызбайтын Серік Өмірбековтің сорына ке­ңестік өкімет жазыпты. Жұл­дызды шағына империя, ұлы орыс­тық шовинизм тап келді. Одақ құрамасында үштікте жүрді.

– Бір күні Алуштада оқу-жат­­тығу жиынын өткізіп жатыр едік, – деп еске алады тағы бір даңқты боксшы Кәрімжан Әбді­рахманов. – Біздің боксшыларды көруге АҚШ-тың кәсіпқой бокс промоутерлері келді. Жартылай және ауыр салмақтағы боксшыларды кәсіпқой боксқа тартпақ екен. Бір апта қарағанда құсы Серік Өмірбековке түсті. «Осы бокс­шымен келісімшартқа тұ­райық, сұраған қаржыларыңды төлеп береміз» деді. Кеңес импе­риясының көбесі сөгілмей тұрған уақыт. Басқа-басқа емес қазақты таңдағаны бапкер­лер кеңесіне ұнамады ма, табан­дап тұрып алды. Серік КСРО құрамасында үшінші нөмір. Жіберсе болар еді. Қазақ бокс­­шысына даңқты қимады. Өмір­бековтен Одақтағы ауыр салмақтағы боксшылардың өзі ығатын. Соққысы өте ауыр еді. Сол жолы кәсіпқой боксқа жібергенде Серік әлемді таңдай қақтырар еді.

Бұл досы Кәрімжанның пікірі. Кейін Серіктің өзі дауға ілікті. Көшеде достарымен келе жатып милициямен сөзге келіп қалған. Олар дереу наряд шақырған, қолға кісен салған. Біреуінің қолын­дағы дойыр қате тиіп, оң жақ қабағы ұстамай, қасы көзге түсіп кете берді. Бокс осылай доға­рылды. КСРО чемпионы Кәрімжан Әбдірахмановтың дәуір­леп тұрған шағы. Серік жаттығуына жиі келеді. Құрамаға қайта кіруге тәуекел еткен.

Боксты қойғанына алты-жеті жыл өткенде тәуекелдің қайы­ғына қайта мінді. Тәуелсіздік алған Қазақстанда ауыр салмақта мықты боксшылар аз еді. Серік аз ғана уақытта құраманың аса ауыр салмақтағы көсеміне айналған.

1997 жылы Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатында Серік Өмірбеков ізін басып келе жатқан жас пері Мұхтархан Ділдабековті үш раундта үш рет нокдаунға түсіргенін көрдік. Кейін даңқты боксшыға айналған Мұхтархан Ділдабеков «осынау жеңіске же­туіме Серік ағамның үлесі бар. Ол мықты спарринг қарсылас еді» дегенді айтқан.

Германияның Галле қала­сындағы халықаралық турнир кіші әлем чемпионаты саналады. Құрамадан Серік Өмірбековтің аты-жөнін көрген сол кездегі спорт министрі Аманша Ақбаев бас бапкерге «сендер жынданған шығарсыңдар. Өмірбековтен енді боксшы шықпайды» деп сөгіпті.

Сол Өмірбеков қызық бол­ғанда Галледен алтын медаль арқалап оралған. Германия сапары­нан қазақ жастары арасынан тұңғыш әлем чемпионы Болат Жұмаділов екеуі ғана олжалы оралды. Будапеште өткен әлем чемпионатына қатысты. Ширек финалда белорус Сергей Ляховичпен тең түсті. Төрешілер көпе-көрнеу жеңісті еуропалыққа берді. Серік белсендірек болған, әрі қарай кем дегенде әлем чемпионатының қола медаліне ие болары сөзсіз еді. Намысқой жігіт осыдан кейін қолғабын шегеге ілді. 

Бойы аласалау болса да сәл бүгіліп бокстасатын Серікке азияда қарсылас жоқ еді. Әлем кубогінің жеңімпазы, Өзбекстан құрамасының алыбы Ләшкербек Азизов Серік қол сілтер қашық­тыққа жақындағанда қойқаңдап қашар еді.

Барселона Олимпиадасына КСРО құрамасының капитаны болып барған Евгений Судаков естелігінде «Серік Өмір­беков соққысы ең ауыр боксшы. Онымен кездесу қай-қайсымызға да оңай тимейтін» дейді.

КСРО құрамасының бас бапкері қысастық жасамағанда біз бүгінде кәсіпқой бокстағы Тайсон – Серік Өмірбековті мақ­та­ныш қылып жүрер ме едік. «Әттең, тонның келтесі-ай» деген осы екен.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы