• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Тарих 28 Маусым, 2018

Астана шежіресі. 2004 жыл

1526 рет
көрсетілді

Бұл жылдың басты жетістігі – Астана қаласының құрылыс кәсіпорындары жалпы алаңы 451 252 шаршы метр құрылыс салып, пайдалануға берді. Оның 173 603 шаршы метрі халық қаражаты есебінен тұрғызылды. Сонымен қатар Астанада Қазақстан Республи­касы­ның Тұңғыш Президенті Музейі ашылды. Онда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жеке мұрағатынан алынған жәдігерлер, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйым басшылары сыйлаған тартулар және Ұлт көшбасшысының бірегей марапаттар коллекциясы қатарлы 100 мыңнан астам экспонат орналасты.

9 қаңтар – Ресей президенті Владимир Путин Астанаға ресми сапармен келді. Осы сапарда екі ел басшылары Байқоңыр ғарыш айлағын пайдалану мерзімін 2050 жылға дейін ұзарту туралы келісімге қол қойды.

13 қаңтар – Елбасының нұсқауымен тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы аса маңыз­ды құжат «Мәдени мұра» мемлекет­тік бағдарламасы қабылданды. Құжатта қарастырылған шараларды жүзеге асыру үшін ел бюджетінен 3 миллион 948 мың теңге бөлінді.

1 ақпан – Мемлекет басшысы Астана қаласындағы Ғылмани атындағы орталық мешітінде болып, мұсылман жамағатын Ораза айт мейрамымен құттықтады.

5 ақпан – Астана қаласында Ұлы­британия елшілігі ашылды. Аталмыш шараға келген Ұлыбритания және Солтүс­тік Ирландия құрама корольдігінің сыртқы істер министрі Дж.Строны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады.

2 наурыз – Мемлекет басшысы көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен наградтау туралы Жарлыққа қол қойды.

22 наурыз – Елбасы елордада өткен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына қатысып, қала тұрғындарымен емен-жарқын әңгімелесіп, көпшілікті мерекемен құттықтады.

6 сәуір – жапондықтар жалпы құны 3,5 млн доллар тұратын 23 жедел жәрдем көлігін Астана қалалық «Жедел жәрдем» стансасына тарту етті.

21 сәуір – Астана темір жол вокзалынан «Астана – Алматы» бағытында қатынайтын «Тұлпар» жолаушылар жүрдек пойызы алғашқы сапарға аттанды. Испанияда жасалған бұл пойыз екі қала арасын 13 сағатта жүріп өтеді.

19 мамыр – Бірінші «Көктал» тұрғын алабында жаңадан қазақ орта мектебі ашылып, оған әйгілі ғалым Әлкей Марғұлан есімі берілді.

28 мамыр – Шығыс Қазақстан облысында еліміздің 15 миллионыншы тұр­ғыны дүниеге келді. Оның есімі – Перизат Ускембаева.

8 маусым – Астана қаласында АҚШ ел­шілігі ғимаратының іргетасын қалау рәсімі өтті.

10 маусым – Астанадағы ірі рухани орта­лық Қазақстан Республикасының Ұлт­тық академиялық кітапханасы салтанатты түрде ашылды. Бұл шараға Елбасы Н.Назарбаев пен Мәскеу мэрі Ю.М.Лужков қатысты.

18 маусым – Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінде «Еуразия­лық ықпалдастық: осы заманғы даму үрдістері және жаһандану сынақтары» деген тақырыпта халықаралық форум өтті.

8 шілде – Елбасы жұмыс сапарымен Ақмола обл­ысында болып, «Бурабай» курортты ай­мағындағы 37 метрлік Абылай хан стел­ласының ашылу салтанатына қатысты.

7 қыркүйек – Астанада Қазақстан әйелдерінің IV форумы өтті. Форумда сөз сөйлеген Елбасы Н.Назарбаев елдегі ген­дер­лік ахуалды жақсарту мақсатында жедел түрде мемлекеттік бағдарлама қабыл­дап, оны келесі 2005 жылдан бастап жүзеге асыруды тапсырды.

8 қазан – Астана қаласында алғаш рет «Экспонедвижимость-2004» отандық көрмесі өтті.

16 желтоқсан – Мемлекет басшысы Есіл өзенінің сол жақ жағалауында құры­лысы жүріп жатқан Жоғарғы сот, Пар­ламент Сенаты мен Мәжілісінің ғи­марат­­тарын аралап көрді. Елбасы жұмыс қар­қынына оң баға беріп, бұл нысандар Қазақ­стан жаңаруының символы бола­шақ­та бұл арада біріккен басқару һәм атқа­ру орталығы пайда болатыны жайлы атап өтті.

24 желтоқсан – жұмысы үш жыл бұрын басталған Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы «Ақорда» салтанатты түрде ашылды. Нысанды жобалаушы сәулетші-дизайнерлер М.Гуалаци мен А.Мольтени. Ғимараттың жалпы ауданы 36 720 шаршы метр. Төбесімен қоса алғандағы биіктігі – 80 метр.

26 желтоқсан – Астана қаласында «Суасты әлемі» мұз қалашығы ашылды.

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»