• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
15 Желтоқсан, 2011

Ерлік ел есінде қалады

482 рет
көрсетілді

Президент Нұрсұлтан Назар­ба­ев­тың Жарлығымен еліміздің қо­­ғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бары­­сында өзіне тапсырылған міндетті адал атқарып, бейбіт адам­­дардың өмі­рін қиған аса қауіпті лаңкес-қыл­мыс­­керді құрықтау кезінде ерлікпен қаза тапқан об­лыс­тық ІІД Жол полициясы жеке ба­тальонының 1-ші взвод командирі, полиция капитаны Ғазиз Әбді­бек­ұлы Байтасовқа «Халық Қаһар­ма­ны» атағы берілді. ІІД Жол полициясы жеке ба­тальоны 1-ші взводының командирі полиция капитаны Ғазиз Байтасов 1971 жылы 3 сәуірде Жамбыл қала­сында дүниеге келген. 1978-1988 жылдары Байзақ ауданындағы Түй­мекент орта мектебінде тәлім алды. 1997 жылы Қарағанды политех­ни­калық институтын, 2002 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген ол ІІО қызметін 1992 жылдың мамырынан бастаған еді. Содан бергі ержүрек полицей жол қауіпсіздігі мен қо­ғамдық тәртіпті сақтауға 20 жылға жуық өмірін арнаған екен. Қызме­тін өтеу барысында кәсіби тұрғы­дан білікті, білімді және жедел де ұтқыр шешімдерімен ерекшеленген. Осы уақыттар аралығында оның үлгілі еңбегі 25 рет аталып өтсе, оның ішінде 2 және 3-дәре­желі «ІІО мінсіз қызметі үшін» ме­дальдарымен және облыс әкімінің Мақтау қағазымен марапатталған. Сонымен бірге отбасының тірегі, екі баласының ардақты әкесі бол­ды. Жол полициясының жас қыз­мет­керлер буынына тәлімгерлік етіп, тәжірибесімен де бөлісті. 2011 жылдың 12 қарашасын­да­ғы суық хабар – облыс тұрғында­рын ғана емес, бүкіл елді дүр сілкіндірді. Өйткені, өзін «жихадтың» жолын ұстаушымын деп санайтын қылмыскер айдың-күннің аманында еш жазығы жоқ жеті адамның, оның ішінде ішкі істер органда­ры­ның 3 полицейі мен Ұлттық қауіп­сіз­дік комитетінің 2 қызметкерін мерт қылып және үш қоғам сақ­шы­сының денесіне жа­ра­қат салып, өміріне қауіп төндірді. Осы тұла бойды түршіктірер оқиға кезінде тараздық бейбіт тұрғын­дар­дың өмі­рін сақтау үшін қарақшы атқан оқ кеудесін тесіп өткеніне қа­рамастан, жарылыс жасаған «жи­хад­шыны» де­несімен жапқан жол полиция­сының капитаны Ғазиз Байтасов ерлікпен қаза тапты. Ер ел үшін туады және ел үшін басын бәйгеге тігеді. Қарулы қыл­мыскерді құрықтау барысында Ғ.Байтасовтан басқа маманданды­рыл­ған күзет қызметі басқармасы жедел денқою взводының қызмет­керлері, полиция аға сержанты Полат Қойшыбайұлы Аянқұлов пен полиция сержанты Жақсыбек Ап­релбекұлы Байсейітов те ерлікпен қаза тапты. Олар өмірлерінің соңғы сәті соққанша ел алдындағы антын адал орындап, ерлікпен көз жұмды. Ешкім де ерлікті батыр болам, тарихта қалам деп, есеппен жаса­май­­­ды. Нағыз адал азамат ел ты­ныш­­­­ты­­­ғына, бейбіт адамдар өмірі­не қауіп төнген сәтте тәуекелге бас тігеді. Мұн­­дай сәтте ердің ері, тіпті, ара­нын аш­­қан ажалға да тайсалмай қар­­сы тұра­­ды. Елбасы Жарлығы­мен ма­рапат­­тал­ған батыр полицейлер, мі­не, ос­­ын­дай нағыз ерлер. Олар ар­тында қалған қалың елі мен аяулы жар­­ла­ры, сүйікті балалары үшін еш­­қашан ұмытылмас мәңгі ерлік жасады. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. Суретте: Жамбыл облыстық ІІД Жол полициясы жеке бата­льоны 1-ші взводының командирі, полиция капитаны, марқұм Ғазиз Байтасов.