• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Шілде, 2018

Қарағанды аспанында күй қалықтады

421 рет
көрсетілді

Қарағандыдағы кеншілер мәдениеті сарайының алдында 1 шілде – Ұлттық домбыра күні құрметіне 150-ден астам өнерпаз қатысқан концерттік бағдарлама өтті. 

 

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы ұйымдастырған мәдени шарада Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі мен «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі және қаладағы өнер мектептерінде оқитын жас домбырашылар өнер көрсетті. Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Үкібай дирижерлік етті.

Оркестрдің орындауындағы Тәттімбеттің «Сарыжайлауы», Құрманғазының «Сарыарқасы» және басқа да әйгілі күйлер жиылған қауымның жан әлемін шуаққа, кеншілер қаласының аспанын шаттыққа бөледі.

«Домбыра күні, әсіресе музыканттар үшін маңызы зор мереке болмақ. Неге десеңіз, домбыра – халық шығармашылығының қайнар бұлағы, ол бағзы замандардан қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан қасиетті аспап. Сондықтан, ол өзінің меншікті мерекесінің болуына әбден еңбегі сіңген асыл мұра. Одан беріде, домбыра музыка тарихының тереңінен тамыр тартқан ұлттық символ», дейді дирижер Дүйсен Үкібай.

Бірнеше өнер ұжымынан, жасы бар, жасамысы бар ондаған домбырашыдан аяқасты құралған оркестрдің ұсынуындағы ұлттық музыка өнеріндегі небір жауһар дүниелердің орындалу сапасына сын айтқан адам баласы болмады. Қайта бұл кештің куәсі болған қала тұрғындары мен қонақтарының үйді-үйіне қасиетті өнердің құдіретімен рухтанып, қанаттанып қайтқаны сөзсіз еді.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ