2008 жылғы жазда Қытайда Олимпиялық ойындар өткізілді. Ондай ұлы жарыстар кезінде Олимпиада астанасына әлемнің көптеген елдерінің басшылары жиналатыны белгілі. Сол күндерде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзинтао үш басшымен – Джордж Бушпен, Владимир Путинмен, Нұрсұлтан Назарбаевпен ғана жеке кездесуге уақыт таба алды. Осы фактінің өзі бұл күндері 20 жылдық торқалы тойын абыроймен атап өтіп жатқан Қазақстанның, Елбасымыздың әлемдік саясаттағы алар орнын айшықты ашады. Ел мерекесінің алдында «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жарияланып отырған Қытай басшысы Ху Цзинтаоның бүгінгі сұхбатында көрші мемлекеттердің қарым-қатынасының қазіргі биік деңгейі және жарқын болашағы жайында әңгіме қозғалған.
– Ұлы Жібек жолымен байланысып жатқан біздің халықтарымыздың өзара қарым-қатынастарының сан ғасырлық тарихы бар. Әйтсе де, біздің ұлы көршіміз – Қытай Халық Республикасымен қатынасымыз Қазақстанның 1991 жылы тәуелсіздік алуымен ғана жаңа кезеңге ауысты. Жақында көршілес екі мемлекеттің дипломатиялық қатынастар орнатқанының 20 жылдығы аталып өтеді. Бүгінде Астана мен Пекин өзара қарым-қатынастардың жаңа кезеңі жайында батыл айта алады. Олар кең ауқымды стратегиялық әріптестік деңгейіне шығарылды. Осы жылдар ішінде біздің мемлекетаралық қатынастарымызды жолға салу ісінде қол жеткеннің ішінен нені ең маңызды деп санар едіңіз? Екі жаққа да тиімді Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының перспективаларын сіз қалай болжайсыз?
– Ең алдымен Қытай Үкіметі мен қытай халқының атынан Қазақстан Республикасын тәуелсіздіктің жария етілуінің 20 жылдығымен ыстық ықыласпен құттықтаймын. Қытай-Қазақстан тәуелсіздігін танып, онымен дипломатиялық қатынастар орнатқан мемлекеттердің алғашқыларының бірі. 20 жыл ішінде Қытай-Қазақстан қатынастары едәуір дамыды, көрнекті нәтижелерге қол жетті.
Біріншіден. Екіжақты қатынастарды дамытудың қағидаттары мен құқықтық арқауы қалыптастырылды. Екіжақты ынтымақтастық бойынша 200-ге жуық құжаттарға, соның ішінде «Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының арасында тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы Шартқа», «Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының 21-ші ғасырдағы ынтымақтастығының стратегиясына» қол қойылды, ұрпақтан ұрпаққа жететін ынтымақтастық, мәңгі бейбітшілік пен достық идеясы айқындалды. Ынтымақтастықтың теңдік, өзара құрмет пен сенім, екіжақты тиімділік пен бірлескен табыс секілді қағидаттары белгіленді. Біз 2002 жылы «Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының арасында тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы Шартқа» қол қойылуының, 2005 жылы стратегиялық әріптестік орнауының куәгері болдық. Биылғы маусымда кең ауқымды стратегиялық әріптестік қатынастарын дамыту жөнінде жария етілді. Сөйтіп, Қытай-Қазақстан қатынастары барлық өлшемдер бойынша көтеріліп келеді.
Екіншіден. Жоғары басшылық кездесулерінің және кооперацияның тетіктері жасалды. Біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен ұдайы байланыс жасап тұрамыз және біздің елдеріміздің екіжақты өзара іс-қимылдарының маңызды проблематикалары бойынша дер кезінде пікір алмасамыз. Тараптар екі елдің премьер-министрлерінің жүйелі кездесуінің тетіктерін жасау және іске қосу жөнінде уағдаласты, премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде ынтымақтастықтың үкіметаралық комитеті құрылды. Екіжақты ынтымақтастықтың тетіктері күн өткен сайын жетілдіріле түсуде.
Үшіншіден. Тарихтан қалған шекаралық мәселелер толық шешілді. Өзара сенім, достық келісім, өзара түсіністік жағдайында өткен келіссөздер нәтижесінде тараптар Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып тарихтан қалып қойған шекаралық мәселелерді шешті. Ұзындығы 1782 шақырымдық Қытай-Қазақстан шекарасы екі елдің халықтарын байланыстырып тұрған достық желісіне айналды.
Төртіншіден. Нақтылы ынтымақтастық үлкен нәтижелерге жеткізуде. 2010 жылы екіжақты тауар айналымы 20 миллиард доллардан асып, біздің елдеріміздің арасында дипломатиялық қатынастар орнатылған алғашқы жылдармен салыстырғанда 50 еседен астам өсті. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі болып табылады, ал Қазақстан Қытайдың ТМД мемлекеттері арасындағы екінші сауда әріптесі және қытай инвестициясы көп салынған үшінші ел. Бірлескен жобалар егістігінен алғашқы өнім алынды: олар – Қытай-Қазақстан трансшекаралық мұнай құбыры, Қытай-Қазақстан трансшекаралық газ құбыры, шекаралық ынтымақтастықтың «Қорғас» Қытай-Қазақстан халықаралық орталығы, Қазақстандағы ең ірі Мойнақ су-электр стансасы, Павлодар алюминий зауыты. Гуманитарлық саладағы ынтымақтастық нығайып келеді. Мәдениет, денсаулық сақтау, спорт, баспасөз салаларында ынтымақтастық толассыз тереңдетілуде, қоғамдық ұйымдар бойынша өзара барыс-келіс жандана түсуде. Қазір Қытайда оқып жүрген студенттерінің саны бойынша Қазақстан барлық Орталық Азия елдерінің арасында бірінші орын алады. Олардың саны 2010 жылы 7874 адамға жетті. Қытай Қазақстанда 3 Конфуций институтын құрды.
Бесіншіден. Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық табысты жүзеге асырылуда. «Қытай мен Қазақстан арасында терроризммен, сепаратизммен және экстремизммен күрес жөніндегі ынтымақтастық келісіміне» қол қойылды. Ортақ күш-жігермен «үш зұлымдықпен» және трансшекаралық қылмыспен күрес жүргізудеміз. Ақпарат алмасу, құқық қорғау қызметін жетілдіру, ірі іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ынтымақтастық ойдағыдай жүзеге асырылып, екі елдің және тұтастай алғанда өңірдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын тиімді қорғап келеді.
Алтыншыдан. Халықаралық және өңірлік істерде тығыз өзара іс-қимыл жүзеге асырылуда. Қытай мен Қазақстан ШЫҰ-ның негізін қалаған маңызды елдер ретінде ШЫҰ-ның аясындағы ынтымақтастыққа белсене араласып, Ұйымның тұрқы таза және тұрақты дамуына ірі үлес қосуда. Қытай тарапының Қазақстанның бастамасы бойынша құрылған АӨСШК қызметіне белсене қатысуы, біздің өзара тығыз байланыстарымыз бен БҰҰ-ның және басқа да көптарапты құрылымдар аясындағы үйлестірушілігіміз – міне, ортақ мүдделерді тиімді қорғап, өңірдің және тұтастай бүкіл әлемнің бейбітшілігіне, тұрақтылығына және өркендеуіне септесетін факторлар осылар.
Келер жылдың алғашқы күндерінде Қытай мен Қазақстан арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толуы атап өтіледі. Қуатты әлеуеті мен кең даму перспективасы бар Қытай-Қазақстан қатынастары өзінің қарқынды дамуының жаңа белесіне ауысады. Қытай Қазақстанмен бірлесе отырып, Қытай-Қазақстан кең ауқымды стратегиялық әріптестігін жаңа белеске шығару үшін саяси өзара сенімді нығайтуға, достық байланыстарды кеңейтуге, ынтымақтастық әлеуетін ашуға, өзара іс-қимыл салаларын кеңейтуге, барлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты барынша тереңдетуге дайын.
– Соңғы онжылдықтарда Қытай қуатты экономикалық секіріс жасады. Қазақстан да әлемдік қоғамдастық жоғары бағалап отырған дамудың қарышты қарқынымен көзге түсуде. Мұның бәрі біздің елдеріміздің арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кең қанат жайғызуға жақсы жағдай жасап отыр. Бұл ықпалдастық әсіресе әлемдік экономикалық дағдарыс жылдарында айрықша көрінді. Сол күрделі кезеңде Қазақстан Қытай Халық Республикасынан несие бөлу, бірлескен қорлар құру түрінде қуатты қолдау алды. Басқа да маңызды бастамалар жүзеге асуда. Қазақстан мен Қытайдың тауар айналымын 2015 жылға қарай 40 миллиард долларға жеткізу жөніндегі ниетіне қарап, бұл мақсаттардың кеудешілдігін анық аңғаруға болады. Мемлекеттер басшылары осындай міндет қойды. Болашақта ынтымақтастықтың қандай жаңа бағыттары игеріледі?
– Іс жүзінде Қытай мен Қазақстанның арасындағы көпвекторлы ынтымақтастық қарышты қарқынмен дамуда. Екіжақты қатынастарды дамыту қажеттігіне және 2015 жылға қарай тауар айналымын 40 миллиард долларға жеткізу мақсатын орындауға байланысты біздің күш-жігерлерімізді мынандай бағыттарға шоғырландыру ұсынылады.
Біріншіден. Сауда мен инвестициялардың көлемін ұлғайту. Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді-орташа мерзімді бағдарламасын жасау тиімді болар еді, мұның өзі екі елдің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кезең-кезеңімен жүзеге асыруға септеседі. Бұл үшін тараптар сауданың қолайлы жағдайын жасау, сауда ахуалын сауықтыру, өздерінің рыноктарына тауарларды, инвестицияларды және басқа тараптың қызметтерін жіберуге жеңілдік саясатын жасау жөнінде одан әрі күш-жігер жұмсауы керек. Қытай тарапы алдағы кезде де, бұрынғы кездегідей, отандық кәсіпорындардың капиталын Қазақстанға салуды көтермелеп, қолдап отыратын болады және өз тарапынан Қазақстанның Қытайға инвестициясының артуын жақтайды. Қытай – Еуразия жәрмеңкесінің, Харбин сауда жәрмеңкесінің, Гуандун жәрмеңкесінің мүмкіндіктерін ортақ жобаларды іздестіру үшін барынша пайдалануды ойластырамыз.
Екіншіден. Энергетика саласындағы ынтымақтастықты шикізаттық емес салалардағы ынтымақтастықпен қатар ілгерілету керек. Қытай-Қазақстан мұнай және газ құбырларының қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету, Қытай-Қазақстан мұнай құбырының екінші кезеңінің құрылысын, «С» бойынша Қытай-Қазақстан газ құбырын тездету, энергияның баламалы және жаңа көздерін игеру жөніндегі ынтымақтастықты кеңейту, шикізаттық емес салалардағы ынтымақтастық бағдарламасы мен оның іс-қимыл жоспарын тиісінше жүзеге асыру қажет. Мұның өзі екі елдің нақты ынтымақтастығын кең ауқымды және үйлесімді дамытуға қол жеткізу үшін өте маңызды болар еді. Іргелі аграрлық елдер ретінде Қытай мен Қазақстан бір-бірін жақсы толықтырады, олардың ынтымақтастық әлеуеті үлкен. Менің ойымша, тараптар ауылшаруашылық дақылдарын өндіру, ауылшаруашылық өнімдерімен сауда жасау, олардың үлгілік-көрнекі орталықтарын құру жөніндегі ынтымақтастығын арттыра алады. Қытай жағы алдағы кезде де Қазақстаннан бидай импортының көлемін арттыруға, шекарадағы кедендік өткізу пункттерінде ауылшаруашылық өнімдерін жасыл дәлізбен өткізуге алдағы кезде де дайын. Қытай жағы жылдамдығы жоғары теміржол магистральдарын дамыту, ядролық отын мен космонавтиканы екіжақты ынтымақтастықтың ғылымға негізделген салаларын арттыра отырып, терең өңдеу бойынша Қазақстан тарапымен ынтымақтастықты кеңейте беруге ниетті. Екі ел арасындағы валюта айырбастау, сауда есептерін ұлттық валюталармен жасауды бірте-бірте жылжыту жөніндегі келісімді жүзеге асыру да маңызды. Біз екі жақ та мүдделестік танытатын бірлескен ірі жобаларды қаржылық жағынан қолдауға дайынбыз.
Үшіншіден. Байланыс пен коммуникацияны дамытуды алға жылжыту қажет. Біз алдағы кезде шекарадағы өткізу пункттеріндегі инфрақұрылымды жетілдіруге, Қытай-Қазақстан темір жолдарын Қорғаста қосу, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолын салу сияқты жобаларды жүзеге асыруға тиіспіз. Бұл Қазақстанның трансшекаралық көлік дәлізі ретіндегі мүмкіндігін барынша толық ашуға мүмкіндік береді. Трансшекаралық тасымал жөніндегі ынтымақтастықты да белсенді дамыту керек.
– Кейінгі жылдарда екі елдің мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығы айрықша белсенді бола түсті. Қытай компаниялары біздің еліміздің мұнай-газ кешенінде кеңінен қамтылған. Қытайды қуат көздерімен қамтамасыз ететін ғаламат мұнай және газ құбырлары салынды. Сіз осы бағыттағы екі жақты экономикалық ынтымақтастық әлеуетін қалай бағалайсыз?
– Қазақстан – мұнай мен табиғи газдың аса ірі өндірушісі. Қытай – аса ірі қуат тұтынушылардың бірі. Қытай-Қазақстан энергетикалық ынтымақтастығы стратегиялық және өзара тиімді болып табылады. Біздің бірін бірі өзара толықтыратындығымен, теңдікпен және өзара тиімділікпен сипатталатын ынтымақтастығымыз екі жақты қарым-қатынастың жоғары деңгейін айғақтайды. Мұнай және табиғи газ саласындағы ынтымақтастық әлеуеті әлі толық пайдаланылған жоқ. Біз сіздермен әдеттегідей өзара тиімділік және бірлескен ұтыс рухында тартылған мұнай және газ құбырларының қауіпсіз әрі тұрақты қызметін қамтамасыз ете отырып, мұнай мен табиғи газ өндірісі мен олардың сауда-саттық көлемін ұлғайтуға, мұнай өңдеу жөніндегі ынтымақтастықты нығайтып, жаңа бірлескен жобаларды жасауға, екі елдің екі жақты қарым-қатынасын байыту үшін энергетикалық ынтымақтастық деңгейін жан-жақты жоғарылатуға тиіспіз.
– Бірнеше ғасыр бұрын бұрын Ұлы Жібек жолы өңір елдерінің сауда байланысын дамыту үшін шешуші маңызға ие еді. Бүгінде екі ел «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ауқымды көлік жобасын жүзеге асыруға қатысуда. Оның жүзеге асуымен біздің және басқа да елдер халықтарының өмірлері қалай өзгереді?
– Ұлы Жібек жолы біздің халықтарымызды байланыстырушы дәнекер болып табылады және ол Шығыс-Батыс байланыстарын белсенділендіру үшін де, сондай-ақ адамзат өркениетінің прогресі үшін де айтарлықтай рөл атқарды. Дипломатиялық қатынастар орнауымен біздің елдеріміз автомобиль және темір жол магистралін құрып, әуе маршруттарын, телекоммуникация желілері мен мұнай және газ құбырларын ашты. Бұл біздерді ежелден байланыстырған жолдарды жаңғыртуға үлес болып қосылды.
Қазіргі кезде Қытай және Қазақстан тараптары көлік саласында ірі бірлескен жобаларды белсенді жүзеге асырып жатыр. Олар – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы, Қорғаста Қытай-Қазақстан темір жолдарының түйісуі. Бұл жобаларды жүзеге асыру біздің елдеріміздің өзара тиімді ынтымақтастығына оң ықпал етіп, екі мемлекеттің және, тұтастай алғанда, өңірдің дамуы үшін оңтайлы жағдай қалыптастыратын болады. Біз екі елдің көлік инфрақұрылымдарының табысты қызметін қамтамасыз етіп, тек біздің елдеріміздің ғана емес, сондай-ақ, тұтастай алғанда, бүкіл өңірдің бірлесіп дамуының жаңа қазіргі заманғы Ұлы Жібек жолын жалғастыру үшін жоғарыда аталған жобаларды жедел жүзеге асыруға мүдделіміз.
– Қытай мен Қазақстан ШЫҰ, АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдар аясында жемісті ынтымақтасып келеді. Мұның Азияда қауіпсіздік пен тұрақтылық шараларын құруға және терроризммен, экстремизммен, сепаратизммен күрестегі ынтымақтастыққа да қатысы бар. Осы күш-жігерлер сынақтар мен қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың жаһандық жүйесінің ажырағысыз бөлшегі болуы үшін қандай қосымша бірлескен қадамдар қажет?
– Аталған өңір мемлекеттерінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін нақты қатер төндіретін «үш зұлымдық» бар. Қытай-Қазақстан «үш зұлымдықпен» күресте екі елдің, және, тұтастай алғанда, бүкіл өңірдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуде ортақ түсіністік пен кең ауқымды ортақ мүддеге ие және құқық қорғау саласында өзара іс-қимылды табысты жүзеге асырып келеді. Басқа мемлекеттермен – ШЫҰ мүшелерімен тығыз ынтымақтастықта «Терроризммен, сепаратизммен және экстремизммен күрес туралы Шанхай конвенциясына» қол қойылды.
Терроризммен күресте қалыптасқан күрделі халықаралық және өңірлік жағдайлар алдында қазіргіден де нақты шаралар қабылдап, біздің елдерімізді дамыту пайдасына салмақты ауан қалыптастыру мақсатында ынтымақтастықтың қолданыстағы тетіктері әлеуетін толық көлемінде айқындау қажет деп санаймын. Осыған байланысты біздің ортақ күш-жігерімізді құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің ынтымақтастығы үшін құқықтық арқауды одан әрі нығайтуға, құзыретті органдардың байланыстарын белсенділендіріп, бірлескен ірі жобалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастықты нығайтуға және өңірдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ШЫҰ, АӨСШК сияқты көп қырлы ұйымдар шеңберінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге жұмсауға болар еді.
– Қазақстан-Қытай стратегиялық өзара іс-қимылы көп жағдайда жоғары деңгейдегі белсенді саяси үнқатысу мен мемлекет басшыларының жеке қарым-қатынастары нәтижесінде белсенді дамып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмысын белгілі саяси қайраткер Цзян Цзэминьмен бастаса, соңғы жылдары Сізбен белсенді ынтымақтасып отыр. Айтыңызшы, мұндай қарым-қатынастың мемлекетаралық байланысқа қандай ықпалы бар?
– Жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар – Қытай-Қазақстан қарым-қатынасының сипатты ерекшелігі. Менде Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен тығыз іскерлік байланыстар мен берік достық қарым-қатынас қалыптасқан. Биылғы жылы біз Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен сапарлар алмастық. Алдағы жылы ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға келеді деп күтілуде. Қытайдың сыртқы саяси қызметінде байланыстардың осыншалықты жиілігі көп кездесе бермейді.
Өмірдің өзі көрсетіп отырғанындай, жоғары деңгейдегі байланыс тараптардың саяси және стратегиялық сенімін бекемдеп, екі жақты қарым-қатынасты дамыту үшін сенімді саяси кепіл қызметін атқарады және Қытай мен Қазақстанның кең ауқымды стратегиялық әріптестігін нығайтуға қуатты серпін қосып, оларды дұрыс жолға бағыттайды.