• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Шілде, 2018

Астана шежіресі. 2007 жыл

1634 рет
көрсетілді

Осы жылы еліміздің алтын валюта резерві Ұлттық қордың қаржысын қос­қан­да 40 млрд долларға жетті. Банк жүйесін­дегі депозиттер 3,5 триллион тең­гені құрады. Отандық зейнетақы қор­ларын­дағы салымның өсімі 1,1 триллион теңге­ден асты. Елдегі ІЖӨ жан басына шақ­қанда 7 мың долларды еңсерді. Еліміз көле­мінде 22,5 миллион тонна астық орыл­ды. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы рекорд­тық көрсеткіш. Жылдың басында жаңа­дан Үкімет жасақталып, Премьер-Ми­нистр Кәрім Мәсімов командасы іске кірісті.

2007 жыл

12 қаңтар – Министрлер кабинетінің алғашқы отырысы өтті. Үкімет әкімшілік реформаны жалғастыру, бюджеттік жос­парлау мен бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, өңірлерді дамыту, бәсекелестікті қорғау, тұрғын үй құрылысын дамытып, инфрақұрылымды басқару және аграрлық жүйені жетілдіру, мемлекеттік тілді дамыту сынды сегіз бағыт бойынша жұмыс жоспарын нақтылады.

29 қаңтар – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Германия Федера­тивтік Республикасына ресми сапар жасады. Сапар барысында ГФР канцлері А.Меркельмен кездесті.

13 ақпан – Елбасы Н.Назарбаев Астана­дағы Бейбітшілік және келісім сарайында үш жылға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің қорытынды отырысына қатысты.

1 наурыз – Сол жағалауда тұрғызылған жаңа қалаға көше атаулары берілді. Атап айтқанда, №1 көше «Тәуелсіздік көшесі» деп аталса, №2 көше  «Достық» атауына ие болды. №12 көше «Сарайшық» аталып, №19А, 33, 35 нөмірлі көшелерге рет-ретімен «Алматы», «Ақмешіт», «Орынбор» атауы беріліп, №19 көшеге «Сығанақ», №34 көшеге «Түркістан», №78 көшеге «Сауран» атауы бұйырды.

5 наурыз – Ақордада Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия басшысы Михаил Саакашвилимен кездесті.

10 наурыз – Елбасы Хосни Мүбарактың шақыртуымен Мысырға аттанды. Сапар барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Сұлтан Бейбарыс мешiтiне барып, Араб мемлекеттерi лигасының бас хатшысы Амро Мұсамен кездестi.

10 мамыр – Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин ресми сапармен Астанаға келді. Екі ел басшылары шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізіп, ғарышты бірлесе игеру, отын-энергетика кешені, ядролық энергетика, көлік салаларында екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

21 мамыр – Қазақстан Республикасы Конс­ти­туция­сына өзгерістер мен толықтыру­лар енгізілді. Президенттік басқару мерзімі 7 жылдан 5 жылға қысқартылды. Парламент депутаттарының саны 154-ке жетті. Жергілікті жерлердегі мәслихаттардың рөлі күшейтіліп, өзін-өзі басқару түбегейлі өзгертілді, сот билігі тармағының тәуелсіздігі нығайды, азаматтық қоғамды дамытуға айрықша назар аударылды.

4 шілде – Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының кезектен тыс ХІ съезі өтті.

5 шілде – Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Астана қаласы индустриялық паркі аумағында салынатын зауыт құрылысының іргетасына капсула қойып, серпінді жобаның тұсауын кесті. Сонымен қатар осы күні елордада даңқ­ты қолбасшы Бөгенбай батырдың ескерт­кіші ашылды.

6 шілде – елорда тойына тарту ретінде әлемдік стандартқа сай «Қазанат» атшабары ашылды. Еуропалық үлгідегі ипподром 2600 көрерменге арналса, жарыс өткізілетін алаңының ұзындығы – 1800 метр.

15 тамыз – Бішкекте Шанхай ынтымақтас­тық ұйымына мүше елдер мемлекет басшылары кеңесінің кезекті жетінші отырысы өтті.

18 тамыз – Парламент Мәжілісі депутат­тары­ның сайлауы жаңа Конституция қабыл­дануына орай тұңғыш рет партиялық тізім бойынша өтті. Сайлау қорытындысы бо­йынша сайлаушылардың 88 пайыздан астам дауысын алған «Нұр Отан» партиясы жеңіске жетті.

24 қыркүйек – Президент Н.Ә.Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясында сөз сөйледі.

25 қазан – Елбасы Н.Назарбаевтың қа­тысуы­мен Астанада MEGA сауда-ойын-сауық ор­талығы ашылды. Орталықтың жалпы аума­ғы – 32 мың шаршы метр. Оның құры­лы­сына 2 миллиард 201 миллион теңге жұмсалды.

16 қараша – Испания астанасы Мадридте өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің отырысында Қазақстан Республикасының 2010 жылы аталған ұйымға төрағалық етуі бірауыздан қолдау тапты.

20 желтоқсан – Президент Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс бабындағы сапармен Мәскеу қаласына барды. Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин кездесіп, екі елдің стратегиялық әріптестігін және интеграциялық ынтымақтастығын дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.

Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»