Түркиядағы «Қазақстан күндері» аясында түрік тіліне аударылған «Менің атым – Қожа» кітабының тұсаукесері өтіп, балалық шағымызбен ілесіп келе жатқан картина түрік тілінде экранға жолдама алған-ды. Жинақты түрік тілінде сөйлеткен қазақ әдебиетінің зерттеушісі, түрік ғалымы Жәмилә Кынажы болса, айтулы оқиғаға Қазақстанның Түркиядағы елшілігі мен Кечиөрен муниципалитеті қолдау көрсеткен еді. Алайда бұл шараға денсаулығына байланысты фильмде Қожа рөлін сомдаған актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан САНЖАР қатыса алмады. Ал енді Нұрлан Санжарды актер демей отырғанымыздың да өзіндік себебі бар. Қожа рөліне дейін актер болмаған 12 жастағы өзгеше бала «Менің атым Қожадан» кейін де актерлық жолды таңдаған жоқ. Бұл – бозөкпе баланың қабілетін шыңдаған Абдолла Қарсақбаевтай режиссердің хас шеберлігі болатын. Сонымен сәті түскен жедел сұхбаттың ұзын-ырғасы төменде.
– Абдолла Қарсақбаевпен кездескен тарихи күнді еске алыңызшы.
– Бұл 1963 жыл еді. Біз оқитын №33 мектеп Алматыдағы ескі киностудияның қарсы бетінде болатын, арасын жол бөліп жататын. Бір күні сабақтан кейін кәдімгі әдетіме басып, алдымда кетіп бара жатқан қыздардың шашын тартып, ойнап келе жатыр едім, бір ағай: «Әй бала, бері келші!» демесі бар ма? Қорыққанымнан зып беріп, қашып кеттім. Маған ызасы келген қыздар қай мектепте, қай сыныпты оқитынымды оған түгел айтып беріпті. Келесі күні көшеде көрген кісі мені іздеп келіп, кинопробаға шақырды.
– Содан кейін кинематографияда көрінбей кетуіңіздің сыры неде? Қожадан кейін киноға түсуге ұсыныстар болды ма?
– Әрине болды. Шәкен Айманов «Земля отцов» деп аталатын фильмге шақырды. Бұл рөлге кейін Мұрат Ахмадиев түсті.
– Аймановтай режиссермен жұмыс істеу кез келген актердің басына қона бермейтін бақ қой. Неге бұл рөлден бас тарттыңыз?
– Мен Қожадан кейін ешқандай киноға түскім келмеді. Қарапайым ғана Нұрлан болып, өзімше өмір сүргім келді.
– Балалық болар?
– Жоқ. Қожаның рөлі шаршатып жіберді. Бұл картина 11 ай бойы күн демей, түн демей түсірілді. Қысқасы, бір жыл бойы бала болып күле алмадым. Баяғы тентектік пен ойынның бәрі жайына қалды. Менің жасымда бұл өте ауыр жұмыс болатын. Психологиялық тұрғыдан да қиналдым. Қожа – үлкен рөл еді. «Былай жүр, олай тұр» деген нұсқаулардан қажыдым. Таң атқаннан күн батқанша басқалардың әмірімен жүру әбден титықтатты. Осыдан кейін тек 2006 жылы ғана режиссер Ардақ Әмірқұлов «Қош бол, Гүлсары» фильміне түсуге көндірді. Екінші басты рөлді ойнадым. Бұл фильмге тек Әмірқұловқа көмектескім келгендіктен ғана келісім бердім десем де болады.
– Өмірде Қожа сияқты тентек бала болдыңыз ба?
– Тентектеу едім... Қожаға рахмет! Мені елге танытты.
– Осылайша мектепке танымал болып оралдыңыз...
– Мұрнымды шүйіріп кеткен жоқпын. Қарапайымдылығымнан айнымадым. Басқалар да мені ренжіткен жоқ, достарым да көп болды. Өйткені мен ешқашан атақты болуға ұмтылған емеспін.
– Егер сол күні Қарсақбаевпен кездеспегенде өміріңіз қалай жалғасуы мүмкін еді?
– Ғылым жолындамын, тағы да ғылым жолын таңдаушы едім. Барлық кезде менде ізденуге, бір нәрсені зерттеуге деген құштарлық болды. Филология факультетін бітірдім. 3-курста жүргенде-ақ зерттеу жұмыстарым республика бойынша бірінші орын алды. Аспирантураға түсіп, бірақ тастап кеттім.
Ал ғылыми диссертациямды 55 жасымда қорғап, философия ғылымдарының кандидаты атандым. Ол мәдениет, кинематография, телевизия философиясына қатысты тақырып болатын. Кейін монография жаздым. Бұл кітап Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы мен ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде жақсы сұранысқа ие. Оған қоса болашақ журналистердің ерекше тобына арнап оқулық жазып, лекциялар топтамасын шығаруға әрекет етіп едім. Бұл журналистерге деректі фильмдер түсіруге, көркем фильмдер мен телесериалдарды редакциялауға көмек құралы ретінде жазылды. Өкінішке қарай, бұл кітаптар өз елімізде жарық көрген жоқ. Жалпы, шетелдерде телесериалдарды журналистер жасайды, яғни телевидениенің өзі түсіреді.
Біраз жылдан бері ғылыми-педагогикалық жұмысымды «Қазақфильм» киностудиясындағы көркем фильмдердің редакторлығы қызметімен ұштастырып жүрмін. Қысқасы, кітаптар, сценарий жазамын.
– Бұрын сізбен бір дидарласқанда үш адамға алғыс білдіргіңіз келген...
– Осы арада мынаны айта кетейін. Атақты да, баспананы да кейін алдым. Иманғали Тасмағамбетов Алматыға әкім болып келгеннен кейін үйлі болдым. Бұл күнді 25 жыл бойы күттім десем де болады. Осыдан 9 жыл бұрын Мұхтар Құл-Мұхаммед хабарласып, жағдайымды, қандай атақ-дәрежемнің бар екендігін сұрастырды. Халықтың өзі берген «Халық әртісі» деген атағымнан басқа мемлекеттің берген атағы жоқ дедім қалжыңдап. «Жоқ, бұлай болуы тиіс емес» деді ол кісі қынжылып. Осыдан кейін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақты алуыма ықпал етті. Ал үшінші адам «Қазақфильм» киностудиясының бұрынғы басшысы – Ермек Аманшаев. Ол ұлттық киностудияны түпкілікті қайта құруға әрекет етті. Қазір де «Қазақфильм» заманауи технологиялармен жабдықталуда. Тәуелсіздіктің арқасында жас режиссерлер шетелдерде тәжірибе байытып жүр. Көркем картиналар түсіріліп, деректі фильмдер жүйелі түрде түсіріліп жатыр.
– 25 жыл демекші, құдай ақы, көңіліңізге тимесін, ширек ғасыр жалғыз тұрғаныңыз рас па?
– Қазір мен отбасылымын. Зайыбым – дәрігер. Екі балалы болдық. Үлкен қызымыз биыл мектеп бітірді. Шет тілдері институтының, аудармашылық бөліміне түссе деп армандап отырмыз. Шынымды айтсам Аяулы аудармашы-зерттеуші ғалым болғанын қалаймын. Қызым менің ғылым мен өнердегі жолымды жалғайды деп үміттенемін. Екінші ұлым Әли. Ол әлі 8-сыныпта оқиды. Балаларым қазақ мектептеріне барады. Өйткені біздің буынға мұндай мүмкіндік туған жоқ. Айналамызда тек орыс мектептері болды.
– Актер Нұржұман Ықтымбаев сізді Абдолла Қарсақбаевтың алты баласының бірі дейді ғой?
– Бұл күнде халыққа танылған Нұржұман Ықтымбаевтың, менің, Досхан Жолжақсынов, Гүлнара Дусматова, Болат Қалымбетов және Қырғызстанның халық әртісі Ашир Чокубаев сынды талантты актерлердің өнердегі ортақ әкеміз – Абдолла Карсақбаев. Осы алтауымыздың ішінен киноға бірінші келгендіктен, олардың мені аға тұтатыны бар.
– Сізді қазір жұрт көшеде тани ма?
– Кейде бір адамдар танып: «Мынау Қожа» ғой деп, балаларына көрсетіп жатады. Ал олар Қожаның енді жас емес екендігін көріп, таңданыс білдіретіндіктерін де байқаймын. Бірде троллейбус кондукторы танып, алғыс айтып, тіпті жол ақысын алудан бас тартты. Жылдар осылай өтіп жатыр. Бірақ мен үшін өмір енді басталатын сияқты.
– Дәл осы күндері нендей тірліктермен айналысып жүрсіз?
– Менің де мақтанатын тірліктерім бар. Жоғарыда айтқан, жоғары оқу орны студенттеріне арналған екі бірдей ғылыми кітабым жарыққа шықты. Бұл кітаптар Еуропадағы ең ірі «Ламберт» баспасында жарық көрді. Қазір кітаптарым «Амазонда» сатылып жатыр. Өкінішке қарай, олар өте қымбат – 56 еуро. Ал мен бұл кітаптарды өз студенттеріміз тегін пайдалану үшін жазған болатынмын. Бірақ кезінде біздің академиялар мен университеттер жұмыстарыма қызығушылық таныта қоймады. Өкінішті! Енді осы кітаптарды қазақ тіліне аудартып, студенттерге берсем деп ойлап жүрмін. Тек демеуші табылса ғой.
Сол сияқты «Оралман» фильміміз жарыққа шықты. Осы картинаның сценарийін жаздым. Ол бес бірдей халықаралық кинофестивальдің бас жүлдесін жеңіп алды. Азия мен Орталық Азияның ең үздік картинасы ретінде мойындалды. Ал Германияда ең көрнекті фильм деп атанды. Биыл да жаңа бір фильмнің тұсауын кесеміз. Біздің бұл картинамыз да табысты болады деп ойлаймын. Қазірге фильм режиссері кім және не туралы екендігін құпия ұстай тұралық.
Ең бастысы, қазір үздік сценарийлер мен прозадан тұратын 3 томдығымды әзірлеу үстіндемін. Бұл кітаптарды енді өз министрлігіміз қаржыландырып қалар деп, үмітімді үзбей отырмын. Айтпақшы «Ангелочек» атты повесім Қазақстандағы бестселлерге айналды, тез таралып кетті. Енді баспа осы повесті қайта басып шығаратын шығар деп күтіп жүрмін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ