Себебі құдықшы мамандар 1755 метр тереңдікке дейін бұрғылап қазған артезиан құдықтан су атқылап шықты. Сөйтіп күндіз-түні бір тынбай ағып жатқан әлгі мол суды бір жерге жиып, тоқтататын тоспа жасалды.
Бұл әрине, әңгіменің тоқетері ғана.
Ал енді сол «тоқетерге» шейінгі бір гәп былай болды.
Тыңдаңыз.
Көнеден бері кенезесі кеуіп, сусырап жатқан тақыр жерге алғашқыда су іркілмей, шым-шымдап сіңіп кете берді, кете берді. Содан соң осы өңірдің кәрі-жасы жиылып, ақылдаса, кеңесе келе бір амалын тапты.
Нақтырақ айтсақ, олар өздеріне дейінгі өмір сүрген ата-бабаларының кәсіби айла-тәсілдерін еске ала отырып: «Тоспаның түбіне күн сайын мал иіре берейік», деген тоқтамға келді.
Сөйтті де, күнбе-күн осы құдықтан су ішетін отар-отар қойды, үйір-үйір жылқыны, келе-келе түйені әлгі болашақ көлдің табанына иіріп, борпылдаған топырағын мың-сан тұяққа таптата берді, таптата берді.
Сонан соң арада бірнеше ай өткенде су жиылып, көлге айналды.
Нұрғали ОРАЗ, «Егемен Қазақстан»