Жылдың алғашқы аптасынан бастап Қазақстан біртұтас экономикалық кеңістікке кірді. Кеден тәртібі бірізділікке түсіп, кедендік тариф пен тарифсіз реттеудің ортақ шаралар жүйесі құрылды. Нәтижесінде Қазақстан ИЫҰ-ға мүше елдердің 40-тан астамымен сауда, көлік, туризм, қаржы салаларына бағытталған экономикалық ынтымақтастық орнатты. Осы жылы Елбасы Н.Назарбаев тарапынан тұңғыш рет «Мәңгілік Ел» идеясы ұсынылып, елімізді дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосу бастамасы көтерілді.
15 қаңтар – Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Парламент Мәжілісінің сайлауында «Нұр Отан» ХДП 81 процент дауыс жинап, жеңіске жетті.
27 қаңтар – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын жариялады.
19 наурыз – Мәскеуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ЕурАзЭқ Мемлекетаралық кеңесі және Еуразиялық Жоғары экономикалық кеңесі мемлекеттер басшылары деңгейіндегі отырысы өтті.
15 сәуір – «Астана құрдастары» атты байқау 11-ші рет өтіп, оған іріктеу сынынан сүрінбеген 16 оқушы қатысып, бағын сынады.
18 сәуір – Астана төрінде қазақ опера өнерінің негізін салушы, КСРО халық әртісі К. Байсейітованың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті.
18 мамыр – Конгрес-холлда жас орындаушылардың «Жас қанат» республикалық байқауы ұйымдастырылып, ақтөбелік жас әнші Димаш Құдайберген бас жүлдені жеңіп алды.
23 мамыр – Тәуелсіздік сарайында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен V Астана экономикалық форумы басталды. Оған дүние жүзінің 90 елінен 8 мыңға жуық адам келіп қатысты. Маңызды жиын кезінде жаһандық деңгейдегі мәселелер талқыланған 55 іс-шара өткізілді.
22 мамыр – Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 25-ші пленарлық отырысы болып өтті. Ол «Қазақстан – халықаралық сауда, логистика, іскерлік және қаржылық хабы» деген тақырыпқа арналды.
24 мамыр – «Астана инвест-2012» III халықаралық инвестициялық форумында отандық және шетелдік корпорациялардың 700-ге тарта өкілі Астананы іскерлік орталыққа айналдыру мәселесін талқылады.
30 мамыр – Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV құрылтайы басталды. Оған әлемнің 40 елінен 87 өкіл келді.
1 маусым – елордадағы Республика даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған «Қасірет керегесі» атты жаңа монумент тұрғызылды. Оның аумағы – 0,175 гектар, биіктігі – 4,4 метр.
15 маусым – бас қалада түркі халықтарының «Дала баласыз, бала ойынсыз қалмасын» атты II Халықаралық ұлттық балалар ойындарының фестивалі басталды. Қатысушылар күллі түркітектестерге ортақ ойын: «Асық», «Шілдік», «Бестас», «Жетітас», «Тоғызтас», «Ортаға түспек», т.б. ойын түрлері бойынша сайысты.
20 маусым – елордада түркітілдес мемлекеттердің дәстүрлі орындаушылары қатысқан өнер фестивалі ашылды.
22 маусым – Астана әкімі И.Тасмағамбетов ҰБТ-ның қорытындысы бойынша үздік шыққан 75 жас түлекке «Алтын белгі» табыс етті.
6 шілде – Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Әзірет Сұлтан» мешіті ашылды. Зәулім ғимаратта бір мезгілде 5 мың адам намаз оқи алады. Алып ғимараттың жалпы аумағы – 17 700 шаршы метр, 130 адам сыятын 5 дәрісханасы бар. Вестибюль күмбезінің диаметрі – 15,2, биіктігі – 51, диаметрі – 28 метр. Төрт мұнара бар. Олардың әрқайсысының биіктігі – 77 метр.
12 қазан – Еуразиялық Медиа форумның кезекті жиыны алғаш рет елордадағы «Қазмедиа» телерадиокешені ғимаратында ұйымдастырылды.
18 қазан – Астанада I Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінің 20 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
23 қараша – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу үшін Парижде Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 152-ші құрылтайында Астана қаласы сынға түсті. Дауыс беруге қатысқан 161 мемлекеттің 103-і қолдап, нәтижесінде көрме бас қаламызда өтетіні белгілі болды.
1 желтоқсан – Қазақстан тарихының күнтізбесіне тағы бір жаңа мереке қосылды. Ол «Тұңғыш Президенті күні» деп аталды.
6 желтоқсан – Астана арнайы экономикалық аймағында электровоз құрастыратын зауыт ашылып, KZ8A сериялы алғашқы электровоздың тұсауы кесілді.
26 желтоқсан – Астанада күн батареяларын шығаратын зауыт пайдалануға берілді.
Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»