Жылдың басы ақпан айында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысында кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы бастама көтерілді. Сөйтіп кезектен тыс сайлау 26 сәуірде өтті. Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президенттігіне дауыс беру қорытындысын жариялап, сайлаушылардың 97,75 пайыз дауысына ие болған Н.Назарбаевтың жеңісін ресми мәлімдеді. Мемлекет басшысы сайлауалды тұғырнамасында бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың маңызды қадам екенін, сондай-ақ оны түбегейлі іске асыру мақсатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын заңдық тұрғыдан қамтамасыз етуді ұсынды.
9 қаңтар – шаһар басшысы Ә.Жақсыбеков Астана қаласының кәсіптік-техникалық колледжінде болып, білім мекемелерінің жұмысымен танысты.
28 қаңтар – «Астана» сурет галереясында жаңа графика және мүсін залы ашылды. Залға елімізге танымал кәсіби графиктер мен бейнелеу өнер шеберлерінің мүсіндері қойылды.
6 ақпан – Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуына байланысты рәсім өтті.
27 ақпан – Астана әкімі Ә.Жақсыбеков елордалық бірқатар медицина мекемелерінің жұмысымен танысып, «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығында болды.
1 наурыз – Елбасы Н.Назарбаев шаһар тұрғындарымен бірге «Астана Арена» стадионында футболдан Қазақстан суперкубогін сарапқа салған «Астана» – «Қайрат» ойынын тамашалады.
16 наурыз – «Астана Опера» театрында мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен мәдени саясаттың тұжырымдамасын талқылаған мәжіліс өтті.
18 наурыз – Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасы медициналық оңалту кешені ашылып, шараға Н.Назарбаев қатысты.
6 сәуір – елорданың барлық жоғары оқу орындарында «Қарқынды үзіліс» шарасы өткізіліп, жастар астаналықтарды 26 сәуірде өтетін Президент сайлауына белсене қатысуға шақырды.
15 сәуір – Бауыржан Момышұлы ескерткіші алдындағы алаңда Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Жеңістің 70 жылдығына арналған «Намыс тұғыры» атты патриоттық-тағылымдық іс-шара өтті.
24 сәуір – елордада Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастамасымен студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағының жаңа науқаны салтанатты түрде ашылды.
29 сәуір – сайлауда жеңіске жеткен Президент Н.Назарбаев қызметіне ресми кірісуіне байланысты салтанатты ұлықтау рәсімі өтті.
7 мамыр – Астанадағы «Қазақ елі» монументі алаңында Қазақстан Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен Отан қорғаушы күніне және Жеңістің 70 жылдығына арналған әскеру шеру болды.
20 мамыр – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жарияланды.
22 мамыр – Мемлекет басшысы Н.Назарбаев көпфункционалды «Талан тауэр» және «Абу-Даби Плаза» және «Жасыл квартал» тұрғын үй кешендерінің құрылыс алаңын аралап, атқарылған жұмыстармен танысты.
2 маусым – Астанадан Кореяға және Грузияға тікелей әуе рейстері ашылды.
5 маусым – «Астана Арена» стадионында «Муз ТВ-2015. Гравитация» сыйлығын тапсыру салтанаты өтті.
4 шілде – Елбасы Н.Назарбаев елордадағы «Атамекен» этно-мемориалды кешені алаңында жыл сайынғы дәстүр бойынша Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты.
19 тамыз – Астана қаласында жастар арасында велосипедпен жарысудан UCI әлем чемпионаты басталды. Оған дүние жүзінің 32 елінен 200-ден аса спортшы қатысты.
19 қыркүйек – Астанада «Біз – таза қала үшін!» ұранымен қалалық сенбілік өтті. Шараға 81 мыңнан астам адам, 460 техника жұмылдырылды.
20 қараша – «Астана» халықаралық әуежайында бизнес-авиация терминалы ашылды.
9 желтоқсан – Астана қаласының әкімі Ә.Жақсыбеков 72 жас отбасыға салтанатты жағдайда пәтер кілтін тапсырды.
14 желтоқсан – Мемлекеттік Тумен безендірілген автокеруен елорда көшелерімен жүріп өтті. Оны ұйымдастырған «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының Астана қалалық филиалы.
Дайындаған Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»